Қазіргі таңда онлайн жүйе көптеген қызметті оңайлатты. Бұл ретте «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының маңызы зор. 2022-2025 жылдарға жоспарланған жобаның былтыр алғашқы жылы мәреге жетті. Қарағанды аймағында осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүзеге асты.
Жақында тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында ақылды сандық технологияның тың жобасы іске қосылды. Енді бұдан былай тұрғындар коммуналдық ұйымдарға онлайн жүгіне алады. Қарағандылықтар үшін IQALA сайты коммуналдық қызметтерді онлайн ұсынады. Атап айтқанда, жаңа жүйе арқылы үйде отырып-ақ коммуналдық қызмет туралы шарт жасасу, ақы төлеу және басқа да қызметтерді онлайн іске асыруға болады.
Жобаны әзірлеушілер алдағы уақытта порталдың қызмет көрсету ауқымы кеңейе түсетінін алға тартты. Бүгінде порталда 26 қызмет түрі бар. Бұл қызметтер қаладағы ірі монополист үш компания – «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Теплотранзит-Қарағанды» ЖШС, «Қарағандыэнерго Саласы» компаниясына тиесілі.
Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжановтың айтуынша, аталған порталдың басты міндеті – қызмет көрсету үдерісін автоматтандыру, қағазбастылықты жою, қызмет берушімен тұтынушының байланысын және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландырудағы аталған жоба еліміздің бірқатар қаласында қазір сәтті қолданылып жатыр.
– Бірыңғай орталық құру тұтынушылардың монополистермен қарым-қатынасын жеңілдетеді. Тұрғындар уақытын үнемдейді. Барлық өтініш қысқа мерзімде пысықталуға тиіс. Егер жүйеде олқылықтар орын алса, оларды дереу толықтыру қажет. Мейлінше қызметтің көптеген түрі цифрлануға тиіс, – дейді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Жалпы, Қарағанды облысының цифрландыруға қатысты жетістігі біршама. Мәселен, цифрландыру саласында жыл сайын өтетін «IT KPMG Tech Awards» марапаттау салтанатында да мәртебесі тасыды. Дәлірек айтқанда, «GovTech Professional of the Year» («Елді цифрландыруға үлес қосқан жылдың мемлекеттік қызметшісі») номинациясында Қарағанды аймағы «Терриконды алқап» IT-Хаб жобасымен жеңіске жеткені мәлім. Бұған қоса «Қауіпсіз қала» жобасының сәтті іске асып, «Сенім 109» жүйесінің табыстылығын да атап өткен жөн.
Қарағанды