Ұлттық компаниялардың ұлт қажетіне мойын бұра бастағаны қуантады. Оның анық бір дәлелі, апта ортасында «KEGOC» АҚ Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік және тұрақты даму бойынша алғашқы қазақстандық салалық бизнес-құралдың тұсаукесерін өткізді. Бизнес-құрал «Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік – электр энергетикалық компаниялар үшін: бизнес тиімділігін арттырамыз» деп аталған.
Тұсаукесер рәсіміне арналған дөңгелек үстелде «KEGOC» АҚ өкілі Марат Қалменов, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Шаймерден Оразалинов, Қазақстан Азаматтық альянсының вице-президенті Артур Платонов, Орталық Азияның Еуразия қорының жоба менеджері Гаухар Қожашева бизнес-құралдың сала мамандары мен жалпы қоғамға тигізер пайдасы мен бірегейлігі жөнінде әңгімеледі. Өзін жобаның авторы және кітаптың редакторы деп таныстырған М.Қалменов бизнес-құралды жасаудағы басты мақсат туралы айтты.
– Бұл практикалық құралды шығару арқылы «KEGOC» акционерлік қоғамы, ұлттық компания ретінде еліміздің, электр энергетикасы саласының дамуына және де осы саладағы кәсіпорындардың Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттары мен идеялары туралы тиісті деңгейде хабардар болуына өзіндік үлесін қосып отыр. Бұл бәсекелестік қабілеттілікті арттыру мен тұрақты дамуды қолдаудағы қажетті шарт, – деді жоба авторы.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған А.Платонов жобаның бірегейлігі жөнінде баяндады. – «KEGOC» АҚ әрдайым әлемдегі үздік тәжірибелерге сай болуға ұмтылады, сондықтан да компанияның орнықты даму мен азаматтық жауапкершілік ұстанымын қолдау мақсатында өз тарапынан бастама көтеріп отыр. Компания басшылығының осы бағыттағы жұмыстарға ерекше мән беретінін атап өткен жөн. Қол жеткізген жетістіктер де осыдан келіп шығады. Үнемі қарапайым жұмысшылар мен тұтынушыларының игілігі үшін тиімді шараларға мұрындық болып жүреді. Ал кейбір қорлар мен компаниялар әлеуметтік жауапкершілікті бір-екі түсіндірме кітап шығарумен шектелу деп түсінетіні өкінішті. Бұл оларға әлеуметтік жауапкершілігін құжатты түрде дәлелдеу ғана екені мәлім. Бүгінгі өткізіліп отырған шараға қайта оралар болсақ, «KEGOC» АҚ-тағы игі жағдай мүлде басқа. Былтыр ірі кәсіпкерлік нысандар арасындағы «Үздік әлеуметтік-жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша бас жүлдені иеленіп, «Парыз-2013» сыйлығының лауреаты атанды.
Жиын барысында Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Шаймерден Оразалинов аталмыш бизнес-құралға қатысты өз пікірін білдірді. Қазақстан бизнесіндегі субъектілер арасында КӘЖ қағидаттары туралы мәліметтің аздығы, саладағы тұжырымдамаларды әртүрлі түсінетіндігі жөнінде айта келіп, қолдағы бизнес-құрал сол кемшіліктердің орнын толтыратынын айтты. Расында аталған кемшіліктердің орнын толтыру қажеттілігі – Қазақ елінің болашақта Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жақынырақ бірігуі, және де өз қызметінде әлеуметтік жауапкершіліктің халықаралық стандартын бәсекелестік артықшылық ретінде қолданатын шетелдік кәсіпорындардың Қазақстан нарығына шығуы жағынан ерекше маңызға ие.
Бизнес-құралдың тәжірибелік маңыздылығы 3 шартқа негізделген. Бірінші, бизнес құралмен таныса отырып, әрбір адам (тіпті дайындығы жоқ оқырман) халықаралық және қазақстандық стандарттар тұрғысынан КӘЖ қағидаттары мен идеялары туралы толық ақпарат алып, оларды өз жұмысында қолдана алады. Екінші, Қазақстандағы КӘЖ-ді дамыту ерекшеліктері, сонымен қатар, 30 халықаралық және отандық жетекші компаниялардың КӘЖ саласындағы үздік корпоративтік тәжірибелері мен ғаламдық бастамалары туралы көп мәліметке қол жеткізеді. Үшінші, айналысатын қызметіне қарамастан, түрлі ұйымдар мен мамандар сараптамалық білімдерін жетілдіру мақсатында КӘЖ саласындағы тәжірибелік құралдар мен ұсынымдарды еркін пайдалануына мүмкіндік туды.
Орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген бизнес-құралдың алғашқы таралымы 1500 данамен жарық көріп отыр. Ендігіде бизнес-құрал еліміздің электр энергетикалық кәсіпорындарына, мемлекеттік органдарға, үкіметтік емес ұйымдар мен жоғары оқу орындарына таратылады. Бұған қоса, кез келген оқырман бизнес-құралмен «KEGOC» АҚ www.kegoc.kz сайтынан таныса алады.
Бизнес-құрал компаниялардың бизнес-стратегиялары негізінде және мүдделі тараптардың болжамы мен саладағы бизнес ерекшеліктерін есепке ала отырып, КӘЖ жұмысының қағидаттарын толық түсінуге мүмкіндік беретініне мамандар толық иланып отыр. Жалпыға бірдей стандарттар мен тәжірибелер негізінде сипатталған КӘЖ тәсілдері мен қағидаттарын кешенді қолдану бизнес, қоғам және мемлекетіміз үшін басты мақсат – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу міндетін жүзеге асыруда бәсекелестік артықшылыққа ие болу мүмкіндігін береді деген үміт бар.
Барлық мүдделі тараптардың белсенді қатысуы бірегей құралдың шығуын жеделдетті деуге болады. Расын айтқанда, кешенді жоба бар-жоғы 5 айда әзірленіп жарық көрген. Осыған орай «KEGOC» АҚ КӘЖ жобалары конкурсына қатысып, осы бизнес-құралды практикалық жағынан толықтыру үшін өздерінің 35 корпоративтік тәжірибесін ұсынған 14 компанияға алғысын айтып отыр. Солардың ішінде, Украинаның «Развитие КСО» орталығына, аталған құралдың авторлар ұжымына, кітапты әзірлеу барысында кеңес берген Қазақстанның КӘЖ мәселелері жөніндегі сараптама қауымдастығына, оның ішінде «CSR Club in Kazakhstan» мүшелеріне өздерінің айрықша ризалық сезімін білдірді.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».