• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 24 Қаңтар, 2023

Кеңейген стартап бағдарламалары

283 рет
көрсетілді

Қазақстан Орталық Азиядағы Google for Startups жаһандық компаниясымен бірге акселератор жүргізетін алғашқы және жалғыз мемлекет мәртебесінде қала бермек. Silkway Accelerator бірлескен бағдарламасының өткен жылғы екі легінің тиімділігі мен өнімділігін ескере отырып, Google for Startups осы жылы Astana Hub-пен эксклюзивті серіктестігін жалғастыратын болады.

Еске салсақ, былтыр Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министр­лі­гінің қолдауымен Astana Hub Орталық Азиядағы Google for Startups бағдарламасының алғаш­қы серіктесі болды. Silkway Accelerator бірлескен бағдар­ла­ма­сының бірінші легі былтырғы шіл­деде, екінші легі қыркүйек айын­да басталған болатын.

– Google for Startups-пен ынты­мақтастықтың арқасында Орта­лық Азиядан, Әзербайжан және Моңғолиядан 25 үздік стартап жаһандық нарыққа шығып, акселератор кезінде қарқынды дамыды. Барлық компанияның ай сайынғы табысы орта есеппен екі есеге артты. Google for Startups-пен серіктестігіміз қи­сын­ды жалғасын тапты. Қазір бағ­дарламаға өтінімдер қабылдап жатырмыз. Биылғы жаңалық -– Google for Startups бағдарламасы Грузияны қосу арқылы бағдар­ла­ма­ның қамту аймағын кеңейтті. Енді осы елдің стартаптары да біздің акселераторға қатыса алады, – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Өткен жылы бағдарламаға 567 технологиялық жоба бо­йынша өтінім түскен. Олардың 30-ы іріктеуден сәтті өтіп, ал 25-і бағдарлама барысында та­быс­­тарын арттырып, жаңа на­рық­тарға шықты. Мысалы, Citix ақпараттық-навигациялық жү­йе­сі Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына бағыт алды. Zypl.ai стартапының негізін қалаушылар екі жаңа нарықта сатылымдарын кеңейтіп, құнын 6 млн доллардан 10 млн долларға ұлғайтты. CTOgram жобасы 230 мың белсенді автокөлік иелері мен 2 мыңнан астам жөндеу шеберханасын қамтыды. Fibo.cloud компаниясы ай сайынғы кірісін 22 есеге, Metatesk білім беру плат­фор­масы 4 мың доллардан 18 мың долларға өсірді, ал Planet9 необанкінің сатылымы 0-ден 70 мың долларға артты. Zan.bar еуропалық нарыққа шығып, өз өнімін Ұлыбританиядағы 12 банкпен интеграциялады.

Silkway Accelerator-дың үшін­ші легі 2023 жылдың 20 нау­ры­зында басталады. Бұл жолы да оқу Астанада оффлайн формат­та тегін өтеді және үш айға созы­лады. Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркі­мен­стан және Грузия елдерінің Product/Market Fit, Scale кезе­ңін­де­гі IT-стартаптарынан өтінімдер 17 ақпанға дейін қабылданады. Қатысушылар Google-дың үздік сарапшылары, Astana Hub-тың тәжірибелі трекерлері мен менторларынан тәлім алып, шеберлік сабақтарына, сондай-ақ PR қол­дауға ие болады. Үшінші лек­тің нәтижесіне орай Demo Day ұйымдастырылып, стартаптар жергілікті және шетелдік инвес­тор­ларға өз жобаларын таныс­тырады. Сонымен қатар Astana Hub қатысушыларға жаб­дық­тал­ған бас­пана мен жұмыс орнын ұсынады. Олар бизнес-про­цес­терді дұрыс жүр­гізіп, тиім­ді серіктестік құру­ды, жоба ауқы­мын кеңейтіп, инвестиция тартуды үйренеді.

– Бастапқыда бұл жай ғана стар­таптарға арналған кезекті қа­ра­пайым бағдарлама деп ой­ладым. Бірақ қазір оны ең жақ­сы бағдарлама деп санаймын. Біз белсендірек, бірақ сонымен бірге барынша ойласып әрекет ете бастадық. Дамуды жеделдететін жаңа бизнес қадамдар іздестірдік. Атап айтқанда, Америка, Канада және Аустралия нарықтарында белсенділігіміз артты, – деп  әсері­мен бөлісті Smoothly LTD бас директоры Ержан Асанов.

Оның ұйқыны жайлы ететін Smoothly мобильді қосымшасы «Денсаулық және фитнес» санаты бойынша Канада мен Аустра­лия­дағы App Store-дың 100 үздік қолданбасының тізіміне еніп, 30 мың­нан аса жүктелген.

Google for Startups – 2011 жылы Google корпорациясы іске қос­қан стартап бағдарламасы. Ол 125 елдегі 50-ден астам коворкинг пен акселератордан тұ­рады және технологиялық кә­сіп­керлер үшін практикалық са­бақ­тар ұсынады.