Науырзым қорығында дала қасқырларын бақылау шаралары жүріп жатыр. Қорық басшысының орынбасары Еламан Күмісбековтің айтуынша, 17 қаңтардан бері Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мамандары мен қорықшылары орман алабы мен оған іргелес жатқан ой-қырды кезіп, із кесіп, дала бөрілерін барлайды. Табиғат аясындағы барлау шаралары 10 күнге созылмақ.
Барлаушылар, сонымен қоса ит-құстың қысқы азығы болып саналатын елік, бұлан, жабайы шошқа сияқты бірқатар жануарлардың да жайылатын жерін, жүретін жолын анықтап, белгілеп, алыстан суретке түсіріп алып жатыр.
«Алғашқы төрт күндік есеп нәтижесіне сәйкес, мамандар Науырзым қорығының алуан түрлі жануарларға бай екеніне көз жеткізіп отыр. Әсіресе, егіз лақтаған еліктер мен жанына өткен жылғы бұзауларын ерткен бұландар жиі кездеседі. Бұл жануарлар жүрген маңайда жалғыз, кейде жұбымен жортқан түз тағыларының да іздері сайрап жатыр. Үйірлі қасқырлардың ізі түскен жерлер де көп кездеседі», дейді мамандар.
Бірлескен шара барысында қорықшылар «Smart Mobile» мобильді қосымшасының жұмысымен танысып, оны қалай пайдалану керек екенін меңгеріп жатыр. Бұл қосымша қазірдің өзінде мемлекет қорғауына алынған бірнеше табиғи аумақтарда жануарларды тору, олардың есебін алу нәтижелері туралы деректерді жинау үшін қолданылады. Мамандардың айтуына қарағанда, мұндай мәліметтер есептер мен талдау анықтамаларын жылдам дайындауға көмектеседі.
– «Smart Mobile» мобильді қосымшасы қорық аумағындағы жануарлардың қыста, жазда тұрақтайтын мекенін, қозғалысын, олардың саны мен түрін анықтауға керек мәліметтердің біразын цифрландыруға жол ашып, мамандардың мүмкіндігін кеңейтеді, – дейді Е.Күмісбеков.
Бұған дейін дала бөрісі саны реттелуге тиіс жануарлар санатында болып келгендіктен, аңшылар қашқанға адым аштырмайтын жүрдек шанаға мінгелі, түз тағыларының да күрт азайып кеткені белгілі. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 2022 жылдың аяғында қасқырды аңшылық нысаны болып табылатын бағалы жануарлар тізбесіне енгізгені де бекер емес.
Мәселен, мамандар 2014-2018 жылдардың аралығында түз тағылары популяциясына айтарлықтай зиян келіп, далада қасқыр қалмай бара жатқанын анықтаған. Мұны аталған жылдары Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды және Ақмола облыстарының бірқатар ауданында аңшылар мен жергілікті тұрғындардан алынған сауалдама нәтижелері де растайды.
Сауалдама деректеріне сүйенсек, аңшылықпен арнайы айналысатын мекемелердің аңшылары бұрын бір шыққанда жүзге дейін қасқыр аулайды екен. Алайда 2010 жылдан кейін дала қасқырларының саны күрт азайып кеткен. Ал 2015 жылдан кейін Ақтөбе және Қостанай облыстарының кейбір аудандарында қасқырдың өзі түгілі, ізі де көрінбей кеткен.
«Ірі жыртқыштар популяциясының тарылуы экожүйеге тікелей кері әсерін тигізеді. Сондықтан 2014 жылдан бастап, АСБК қасқыр санын бақылау бойынша биологиялық негіздеме әзірлеу жұмысын жандандырып, түз тағыларына аңшылық нысаны болып табылатын жануарлар мәртебесін беруді ұсынды. Бұл дала бөрілерінің санын анықтап, бақылау жүргізуге, түз тағыларының белгіленген мөлшерден азайып кетпеуіне жол ашады», дейді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының өкілдері.
Мамандардың айтуынша, алда қасқырды есепке алу, санын анықтаудың оңтайлы тәсілін қалыптастыру секілді бірқатар мәселені шешу міндеті тұр.
Қостанай облысы