Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында көрсетілген басымдықтың бірі – балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту. Осы мақсатта Астана қаласында биыл балабақшалар желісін кеңейтуге және тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға баса мән беріліп отыр.
Елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, осы жылы тәрбиешілерді біліктілігін арттыру курстарынан өткізуге, білім ошақтарымен қамтуға, әсіресе апатты және үш ауысымды мектептерді жоюға ерекше назар аударылады.
«Биыл балабақшалардағы орындарды ұлғайту мақсатында жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда 8 мың орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Сонымен қатар тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша 200 орынға арналған балабақшалар желісі ашылады. Былтыр балабақша тәрбиешілерінің 120 педагогі қайта даярлау курстарын және 641 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті. 2023 жылы мектепке дейінгі білім беру педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстарынан жалпы 1 012 тәрбиеші өтеді. 2025 жылға дейін бейінді білімі бар тәрбиешілердің үлесін кезең-кезеңімен 100%-ға жеткіземіз», деді Қ.Сенғазыев.
Аталған басқарманың ақпаратына сәйкес, 2023 жылы 34 балабақшадағы шағын сәулет нысандары ауыстырылады. Ал 2025 жылға дейін балабақшалардағы шағын сәулет нысандары 100% жаңартылады.
Сонымен қатар биыл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 1 400 орынға педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады. 2022 жылы 3 077 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтсе, 2023 жылы 5 481 педагог курстан өтеді.
Биыл мектептерде көркем әдебиет қорын ұлғайту мақсатында бюджеттен 100 млн теңге бөлінеді. Кітапханалардың интерьерін қайта жаңғырту бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінгі таңда қаланың 36 мектебінде кітапханалар заманауи жабдықталды. Елордалық 46 мектепте оқырмандарға арналған коворкинг алаңдары ашылды. 2023 жылдың 2 тоқсанының соңына дейін 19 мектеп кітапханаларының интерьері жаңартылып, жаңа коворкинг орталықтары ашылады.
Бұған қоса 2022 жылы 41 мектепке 64 пәндік кабинеттер сатып алу арқылы мектептердің 70,3%-ы жаңартылған пәндік кабинеттермен жабдықталды. 2023 жылы 22 мектепке 29 пәндік кабинет сатып алынады. Биыл да қосымша білім беру ұйымдарының желісін дамыту бойынша жұмыстар қарқынды жалғасады. 2023 жылы қаламызда 2 мыңнан аса оқушыны қамтитын оқушылар сарайы іске қосылады. Қосымша білім беру ұйымдарына 1 364 орынға мемлекеттік тапсырыс орнатылады.
Сондай-ақ 2022 жылы инклюзивті білім беру бойынша мемлекеттік тапсырыс 2021 жылмен салыстырғанда 12 орыннан 97 орынға дейін артты. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру аясында мемлекеттік білім беру тапсырысы 4 800 орыннан 7 300 орынға дейін ұлғайтылды. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 8 500 орынға дейін көбейеді.