Елорда төрінде өңірлік мерзімді басылымдар форумы жұмысын бастады. Тұңғыш рет ұйымдастырылған маңызды басқосуға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйытқы болды. Екі күнге жоспарланған іс-шара шеңберінде өңірдегі газет-журналдардың тағдыры талқыға түсіп, күн тәртібінде тұрған проблемаларды шешу жолдары қарастырылмақ.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары өңірдегі мерзімді басылымдардың жағдайы қиындап, көптеген мәселеге тап келіп отыр. Цифрлық технология дамыған сайын басылымдардың басынан бақ тайғаны рас. Бұрын жергілікті әкімдіктің қолдауын сезініп келген басылымдар жекенің қолына өтті. Сөйтіп, ғимаратынан айырылып, материалдық-техникалық базасы әлсіреп, кадрлар қысқарып, баспа шығындарына бас қатырып, таралымы төмендеп, «шықпа жаным шықпа деп» күнелтіп отыр. Міне, осы мәселелердің шешу жолын қарастыру – форумның басты мақсаты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аймақтағы журналистер мен басылым редакторларын Астанаға арнайы шақыруының себебі де осы. Ұсыныстар назарға алынып, жүйелі жұмыс қолға алынады деп көзделіп отыр. Сондай-ақ форумда журналистік материалдарды жазудың жанрлық түрлері мен стилистикасы, дәстүрлі және жаңа медиа, аймақтық БАҚ-ты дамыту, медиа кеңістіктегі мемлекеттік тіл мәселесі, конвергентті журналистика, басылымдардың сапасын арттыру және аудиториясын кеңейту, оларды оқырманға уақтылы жеткізу мәселелері талқыланып жатыр. Форум қатысушылары БАҚ саласындағы тың тәжірибелермен танысып, кәсіби идеяларды тыңдап, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алмақ.
Форумға қатысқан Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жаһандық ақпарат ағымында мерзімді басылымдардың алар орны ерекше екенін атап өтті.
– Басылымдар тарихымыз бен мәдениетімізді, рухани ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін негізгі ақпарат құралы екені сөзсіз. Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген даналық сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оған дәлел ретінде басылымдардың жыл санап көбейіп келе жатқанын айтуымызға болады. Егер 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде олардың саны 5 мыңнан асқан. Оның 70%-ға жуығы баспа басылымдары. Бұл – медиа саласының қарқынды даму әлеуетінің ұлғайғаны мен болашағының зор екендігіне тағы бір дәлел. Отандық медианың әлеуетін бұдан да арттыру үшін алдымызда ауқымды міндеттер тұр.
Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғам мен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы тұрғыда өңірлік баспа бұқаралық ақпарат құралдарының мәселелерін, атап айтқанда оқырман саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақтылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз. Бүгінгі жиын мақсаты да – осы, – деді Алтай Көлгінов.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлерге жасаған жұмыс сапары барысында жергілікті басылымдардың шаңырағына арнайы ат басын бұрып, мәселелерімен танысқанын, сол уақытта форум өткізуге уағдаласқанын айтты.
– Цифрлық технологиялар адамзаттың ақпарат тұтыну әдеттерін түбегейлі өзгертті. Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатыны белгілі. Соның салдарынан көптеген басылым жұмысын тоқтатуға немесе тираж санын күрт азайтуға мәжбүр болды. Әсіресе пандемия кезінде дәстүрлі баспалар күрделі тектоникалық өзгерістерді бастан кешірді. Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Тиісті талаптарға сай келмегендіктен, бөлінген қаражаттардан құр қалған редакциялар емес. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп те кетті. Мәселен, аудандарда 159 газет жекеге өткен. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жекеменшік не мемлекеттік деп бөлмей, барлығына да қолдау көрсетуге әзірміз. Осы күнге дейін елімізде жабылған газет-журналдардың нақты себептері терең ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді. Қазақстандық қоғамдық даму институты медиа саладағы осындай мәселелерді кешенді түрде талдап, нақты қорытындылар шығаруға тиіс. Біз қандай шешім қабылдасақ та, ғылыми негізге сүйенгеніміз жөн, – деді Дархан Қыдырәлі.
Президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Асқар Омаров өз сөзінде: «ХХ ғасырдың ортасында да «радионың, газеттің дәурені өтті» деген пікір айтылған еді. Бұл пікір осы уақытқа дейін айтылып келсе де, басылымдар мен радио маңыздылығын жоғалтпай, өз тұтынушыларына сапалы өнім ұсынып отыр. Алдағы уақытта мерзімді баспаларды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеген жөн», деді.
Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп: «Ақпараттық технология дамыған сайын «Газет-журналдың керегі бар ма, бар болса оны дамытудың жолы қайсы?» деген сауал жиі алдан шығады. Қазір оқырманды ақпараттық мақаламен таң қалдыра алмайсың, бұл ретте, өңірлік басылымдар ағартушылық және танымдық дүниелерді жариялау арқылы мәртебесін арттыра алады. Оқу мәдениетінен айырылған адам ойлау мәдениетінен айырылатынын естен шығармаған жөн», деді.
Форумның ашық алаңында негізінен облыстық, аудандық деңгейдегі газеттердің жай-күйі талқыға салынды. Өңірлік баспасөздің басты мәселесі қандай? Ақпараттық заманда аймақ басылымдары қалай «күн көріп» жатыр?
Форумға жиналған облыстық газеттердің құрылтайшылары өңірлік баспасөздің жағдайы көңіл көншітпейтінін ашық жеткізді. Жыл сайын тиражы азайып, оқырманын да орталап алған газеттер қазір маман тапшылығы, жалақы аздығы, газетке «күштеп» жаздыру секілді мәселемен бетпе-бет келіп отыр.
– Дәстүрлі БАҚ-тың өрісі күннен-күнге тарылып келе жатқаны жасырын емес. Алдымен кәсіби маман табу қиын, қазіргі заманға бейімделген, жаңа технологияның тілін біліп, жазуды да қатар алып жүретін қызметкерлер жоқтың қасы. Әрине, 10 қызметкердің орнына 5 білікті маманды жұмыспен қамту оңайырақ болар еді. Әрі жалақылары да екі есеге өсіп, облыстық баспасөздің абыройы да артар еді. Өкінішке қарай, әзірге бұл ойымыз жүзеге аспай тұр. Серіктестік құрғалы материалдық-техникалық базамыз жаңарды, заманауи баспаханамыз бар. Мұнда екі республикалық газет пен облыстағы 30-ға жуық газет-журнал басылады, – деді өңірлік БАҚ-ты дамыту мәселелерін сөз еткен «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев.
«Сыр медиа» басшысы өңірлік баспасөздің дамуына қажетті бірқатар ұсынысымен бөлісе келіп, ең алдымен мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту мәселесіне назар аудартты. Оның айтуынша, Сыр өңірінде өткен жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржы біршама азайған.
– Мемлекеттік тапсырысты бөлудің өзі жылда кешіктіріледі. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың шаршы сантиметріне есептелетін қаржыны бірдейлендіру бастамасының нәтижесі көрінетін емес. Газеттер үшін шаршы сантиметр құны барлық өңір үшін бір бағада болуға тиіс. Қазір бір газет пен екінші газетті айырмашылығы мынадай: республикалық тариф – 700 теңге, жергілікті тариф – 120 теңге. Осыған байланысты министрлік тарапынан сүйенуге негіз болатын тарифтерді бекітуге арналған құқықтық акт бекітілсе құба-құп болар еді. Сондай-ақ газет басу және тарату қызметін субсидиялау қажет. Республика көлемінде барлық санаттағы кітапханалар арқылы баспасөзге жаздыруды тұрақты міндетке алу, газетке жазылған студенттерді немесе оқушыларды субсидиялау мәселесін қарастыру қажет, – деді Аманжол Оңғарбаев.
Айта кетейік, «Сыр медиа» – «Қазпоштаның» жеткізу қызметіне иек артпай ауыл-аудандағы оқырманына өнімін өзі жеткізіп отырған елдегі бірден-бір мекеме. Басшысының айтуынша, бұл – тиімді әрі қаражат үнемдеудің ең ұтымды тәсілі.
Ал «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин аудандық баспасөз халық пен биліктің арасындағы көпір ғана емес, сондай-ақ халықтың сауатын ашатын құрал екенін атап өтті.
– Мобилизацияның кесірінен биыл Ресей жастары Оралға көптеп келді. Көрші ел жастарының көбейіп кеткені сонша, халық арасында түсініспеушілік туындай бастады. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңесте де талқыланды. Сол кезде біз «Орал өңірінде» «Елең-алаң мезгіл, алагөбе көңіл» деген жергілікті халықтың, психологиялық жағдайын жаза отырып, «жергілікті жұртты ашуландырып алмайық», деп билікке ескерту ретінде көлемді мақала жарияладық. Осы мақала арқылы біз ұлтаралық емес мемлекетаралық жағдайдың шиеленісуінен елді, өңірді сақтадық. Бұл «аймақтық газет керек емес», дейтін кейбір сарапшылардың пікірлеріне қарама-қайшы, – деді Б.Ғұбайдуллин.
Форумда сөз алған сарапшы халықтың оқу мәдениетіне қатысты ойын да ашық жеткізіп, «Егер халық газет-журнал оқымаса, сауатын қалай ашады?» деген сауал тастады.
– Біз облыстық газетті насихаттап, өңірдегі ауыл-аймаққа жиі шығып тұруға тырысамыз. Сондай бір жиында жергілікті интеллигенция болып саналатын мұғалім, ұстаздардың баспасөз оқымайтынын аңғардық. Бұл, әрине өте өкінішті, – деді «Орал өңірі» газетінің бас редакторы.
«Қазір барлық облыстық, аудандық газеттер жекеменшікке өткені белгілі. Сондықтан газет тиражы да құрылтайшының құзырында. Алайда барлығы өз қолымызда деп жергілікті баспасөздің тағдырына балта шабуға болмайды». Бұл пікірді ауқымды іс-шараға Ақтөбе облысынан арнайы келіп қатысқан «Шалқар» аудандық газетінің құрылтайшысы Қыдыралы Әлин айтты.
– Ақтөбе облысында барлық газеттер 2015 жылдан бастап жекеге өте бастады. «Шалқар» аудандық газетінің 90 жылдық тарихы бар. Облыстағы тиражы көп басылым – осы газет. Қазіргі күні тиражы 3 мыңнан асады. Соңғы 4-5 жылда осы тиражды ұстап тұрмыз. Әрине, тоқырау кезеңдерінде азайып кеткеніміз рас, екі мыңға дейін түсіп қалдық. Кейін саны көтерілді. Қазір жазылым көрсеткіші де жаман емес, – деген құрылтайшы басылымның аудандағы жалғыз БАҚ екенін айтты.
Ал форумға қатысқан республикалық газет, журналдардың жетекшілері газеттің тиражын арттыру, оқырманға жеткізу жолдарын айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
Мемлекеттік ақпараттық саясаттағы өңірлік газеттердің рөлі туралы айтқан «Қазақ газеттері» ЖШС-ның директоры Дихан Қамзабекұлы қалыптасқан дәстүр бойынша баспасөзде сын мен бақылау болатынын алға тартты. «Газет сынайды, атқарушы билік немесе қоғамдық құрылымдар сол сыннан тиісінше қорытынды шығарады», деген серіктестік басшысы кез келген сынды бақылау және одан қорытынды шығару қажеттігін еске салды. Ақпаратты қанша адам оқиды, кім оқып жатыр? Зиялы қауым, билік өкілдері таңғы асын газет оқудан бастай ма? Журналистің жазған сараптамалық өнімін оқи ма, әлде көз жүргізіп қана өте шыға ма? Осы және өзге де мәселені ашық талқылауға шығарған Д.Қамзабекұлы БАҚ пен қоғам, қоғам мен биліктің арасындағы алшақтықты анықтайтын өлшемдерді атап өтті.
Спикер сондай-ақ өңірлік баспасөздің басты 5 мәселесін тізбелеп берді. Олар – журналистің құқықтық сауаты, мемлекеттік тапсырыс, БАҚ-қа сенімнің азаюы, жалақының аздығы және – кәсіби деңгей. Соңғы талапқа орай, оқу орындары журналистерді даярлауға қатысты көзқарасын түбегейлі өзгерту қажет екенін де айтты.
Ал газеттегі жарнама және монетизация әдістерімен бөліскен «Айқын-Литер» ЖШС-ның директоры Ысқақ Егембердиев қазіргі жағдайда газет тек сараптамалық, зерттеу мақалаларын басып, ал ақпаратты баспасөз сайтына жүктеп отыру қажет деген пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, қазіргі күні баспасөз бірнеше жолмен монетизацияға қол жеткізе алады. Олар – мемлекеттік тапсырысты орындау, жарнамалық материалдар орналастыру, баннер не болмаса постер жариялау, әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға жарнамалық контент жариялау, яндекс-жарнама, тизерлік жарнама және баспасөзге жазылушылардың санын арттыру.
Сондай-ақ National Geographic журналының контент әзірлеу тәжірибесімен бөліскен басылымның жауапты редакторы Айбын Шағалақ визуализацияға аса мән беру керектігін жеткізді. Оның айтуынша, сараптамалық мақалалар текст, фото және инфографикадан құралуы қажет. Бұл әдіс оқырманды жалықтырмай, ақпаратты жылдам қабылдауға әсер етеді.
Іс-шарада сөз алған спикердің бірі Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоябергенқызы «Журналистиканың ықпалы мен мәртебесі» тақырыбына баяндама жасаса, журналист Ерболат Мұхамеджан конвергенттік журналистика туралы ойымен бөлісті. Сондай-ақ Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов медиакеңістіктегі мемлекеттік тіл мәселелеріне кеңінен тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.
Оралхан АХМАДИЯ,
Гүлнар ЖОЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»