Кеше Орталық сайлау комиссиясы Парламент Сенатының депутаттарын тіркеуге қатысты кезекті отырысты ұйымдастырды.
Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен жиынға облыстар, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері (бейнеконференцбайланыс режімінде), бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Парламент Сенатының жаңадан сайланған және тағайындалған депутаттары қатысты.
Естеріңізге салсақ, 2022 жылғы маусымда өткен референдум нәтижелері бойынша Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Парламент Сенатының он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша республика Президенті тағайындады.
Бұл конституциялық норма тәжірибеде алғаш рет іске асырылды. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 24-бабының 1-тармағына сәйкес және Президенттің 2023 жылғы 24 қаңтардағы №112, 113 Жарлықтары негізінде Орталық сайлау комиссиясы келесі депутаттарды тіркеді: Жақып Қажманұлы Асанов, Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев, Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп, Ләззат Молдабекқызы Қалтаева, Асқар Оразалыұлы Шәкіров, Евгений Андреевич Больгерт, Закиржан Пирмухамедович Кузиев, Нурия Исмагиловна Ниязова, Алишер Гапиржанович Сатвалдиев, Геннадий Геннадиевич Шиповских.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 24-бабына сәйкес, Парламент депутатының өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясы оны тіркеген кезден басталатынын атап өтті. Тиісті қаулыларға қол қойылғаннан кейін тіркелген депутаттарға куәліктер мен төсбелгілер табысталды.