Соңғы жылдары болған зілзалалар мен жер сілкінісіндегі құбылыстарды зерттеген қытайлық ғалымдар біздің ғаламшардың ядросы айналу барысында өз осінен ауытқып бара жатқанын байқаған.
Зерттеушілер жер ядросы осіндегі айналу қозғалысының өзгерісі бір жылдағы күндердің бәрін қосқанда бірнеше секундқа қысқаратынын айтып отыр. Бұл туралы дәйектер «Нитшер Геосайнс» ғылыми журналында жарияланған.
Ал «Уол стрит жорнал» газетінде келтірілген деректерге сүйенсек ғалымдар бұл құбылыстың жердің магниттік тартылу өрісіне де әсері барын жасырмайды.
Өз кезегінде Бейжің университетіндегі зілзалалар ғылымының зерттеушісі Шиядуң Суң теориялық тұрғыда бұл баяғыдан жалғасып келе жатқан үдеріс екенін, алайда соңғы зерттеудің оның таяуда басталғанын айғақтайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ Суң ядро осіндегі айналу қозғалысының өзгеруіне магниттік тартылыстың әсер еткенін, ал магниттік өрістің құбылуына жер қыртысындағы сұйықтық қабат себепші болғанын алға тартады. Осылайша, ғаламшардың ядросының айналуын бақылау ғалымдарға жер қыртыстарының бір-бірімен қалай әрекеттесетінін зерттеуге мүмкіндік туғызып отыр.
Бұдан бөлек ғалымдар алпысыншы жылдардағы және қазіргі зілзалаларды зерттей келе, ядроның айналуы 2009-2020 жылдар аралығында тоқтап қалған деген тұжырымға келген. Тіпті ол теріс қарай айнала бастады деген де болжамдар жасаған.
Ал батыстық ғалым Джон Фидалдың және өзге де зерттеушілердің мәлімдеуінше, жердің ядросы 2001-2003 жылдар аралығында айналуын тоқтатқан. Сонымен қатар олар қытайлық ғалымдардың зерттеуімен келіскенімен кейбір мәселелерде басқа пікірді ұстанады. Мәселен, жердің ядросы жоғарыда айтылғандай ешқашан теріс айналмайды, тек айналу қозғалысында шамалы өзгерістер болуы мүмкін.
Айта кету керек, ғаламшардың ортасындағы нүкте-ядросы темір мен никельден тұрады. Оны жердің қатты қыртыстарынан сұйықтық қабаты бөліп тұр. Сондай-ақ ядроның осындай құрылымы оның жер осінен дербес өздігінше айнала беруге мүмкіндік береді.
ШЫМКЕНТ