Риддердің жылу электр орталығы апаттан кейін енді-енді іске қосылып, жүйелі жұмыс істей бастап еді, жуықта көмір беру трактісі өртеніп кетті. Ол туралы оқиға орнынан хабар бердік. Енді қайта қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Бүгін лекерлеп қойғанмен, ертеңгі күні не болады?
Естеріңізде болса, облыс әкімі Даниал Ахметов жөндеу жұмыстары үш күн ішінде аяқталады деген. Демек 23 қаңтар қайта қалпына келтіріліп, көмір қазандыққа өз жолымен түсуі керек еді. Алайда жұмыс жоспардағыдай емес, кешікті.
– Көмір беру трактісінде жұмыс тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Жұмысшылар күн-түнге, суыққа қарамай жұмыс істеп жүр. Механикалық және электр жағы аз уақыт ішінде жөнделді. Айта кетейін дегенім, компания 19 қаңтар күні 600 метр лента тапсырыс берді. Бірақ жеткізушінің жауапсыздығынан лайықты лента келмеді. Содан біз басқа лента іздеуге кірістік. Оның бәрі уақыт. Иә, 22 қаңтар күні жұмысты аяқтап қоюымыз керек еді, – деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.
Жөндеу жұмыстарын жеделдету үшін 22 адамнан тұратын бригадалар бір-бірін алмастырып, нақты кестеге сай әркім өз учаскесі мен жұмысына жауап береді. Жұмысқа жылу стансаларының, құрылыс фирмаларының және «Казцинк» компаниясының еңбеккерлері тартылған.
Айта кетсек, өрт болған күні қазандық мазутқа көшірілген. Кейін жүйедегі температураны көтеру үшін шешімін тауып, қазандықтарға көмірді кранмен көтеріп салып отыр.
Білікті мамандар жұмылып жүріп, көмір беру трактісін қалпына келтіреді. Бұл уақыт ішінде тұрғын үйлердегі, мекемелердегі қалыпты температура мәселе етіп көтеретіндей төмендеген жоқ. Алайда бүгін лекерлеп қойған қазандықтың темірі ертең қайта істен шықпай ма? Облыс басшысы Даниал Ахметов қазандықты біржола қалыпты жұмысқа келтіру үшін коммуналдық меншікке өтуі керек екенін айтқан. Ресми ақпаратқа сенсек, қаусап тұрған қазандықты жаңа инвестор қамқорлығына алмақшы екен. Жаңа инвестор Риддер жылу энергия орталығын жаңғыртудың нақты жоспары бар екенін айтыпты. Демек қазандықтың жағдайымен жіті танысқан. Команданы ЖЭО жұмысымен жақсы таныс, тәжірибелі маман Құралбек Әбдірахманов басқарады екен. Ал қазандықты қашан, қаншаға сатып алады, бізге белгісіз. Бірақ жаңа инвестор жұмысқа кірісіп кеткен.
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев атап өткендей, инвестор Риддерде қортқы көмір өндіретін зауыт салуды да жоспарлап отыр. Оны өндіру кезінде қазандық агрегаттарын жағу үшін қолданылатын газ да бөлінеді. Сондай-ақ көмір өндірісінде суды 95 градусқа дейін қыздырады. Оны жылу желісінде қолдануға болады. Жаңа меншік иелері «Казцинк» кәсіпорнымен де іскерлік, әріптестік қарым-қатынас орнатуға ниетті. Олар металлургиялық ЖШС үшін қортқы көмір өндіруге дайын. Артылғаны ҚХР-ға экспортталмақ. Қортқы көмір шығаратын зауыт құрылысының тағы бір артықшылығы экологиялық жағынан тиімді. Өйткені қортқы көмір өндірісінде күл шықпайды екен.
Айта кетейік, инвесторлық компания барлық қажетті төлемдерді жүргізіп, керекті жабдықтарды сатып алып, істелген жұмыстардың ақысын төлей бастады. Алдағы жылыту маусымын штаттық режімде өткізуді жоспарлап қойған. Ал жазда Риддер ЖЭО-ға толық жаңғырту жүргізіліп, зауыт құрылысы басталады.
Инвестор жаңартылған коммуналдық кәсіпорынға жұмысшы тапшылығы туындамауы үшін тұрғын үй сатып алуға дайын екенін де атап өткен. Естеріңізге сала кетейік, қазандықтың алдыңғы иелері жұмыс күшінен айырылып қалған. 2022 жылдың қарашасындағы апат кезінде қажетті 270 қызметкердің орнына ЖЭО-да небәрі 100 шақты адам жұмыс істеген.
Бүгінгі таңда көмір беру трактін жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Көмір беру жолын желімдеу жұмыстары аяқталды. Ендігі кезекте іске қосу, реттеу үдерісі басталады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы