Академик Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі – көп жылдық тарихы бар мәдени мекеме. Жыл сайын жер сұлуы Баянауылға келген қонақтар мен туристер ғалымның мұражайына ат басын тіреп, құнды жәдігерлермен таныспай кетпейді.
Өткен жылы музейге 55 жыл толды. Жарты ғасырдан астам уақыт сақталған жәдігерлер тау-тұлғаның өмір жолы мен елдік жолындағы еңбектерінен сыр шертеді. Музейдегі мұралар жыл сайын толығып отырады. Осындай құнды жәдігерлермен толығу сәті 2014 жылы академик Әлкей Марғұланның перзенті Дәнел Әлкейқызының Баянауыл ауданына келу сапарында болған еді. Ол көп жыл бойы көзінің қарашығындай сақтаған, құрбысы, Алматы консерваториясында оқып жүріп, 1964 жылы кенеттен қайтыс болған Мәриям Қанышқызы Сәтбаеваның жеке заттарын музейге әкеліп тапсырды.
Сонау бір заманнан сыр шертетін жәдігерлер бүгінде мұражай сөресінде тұр. Атап айтсақ, Мәриям Қанышқызының жоғарғы оқу орнындағы сынақ кітапшасы, студенттік билеті, дәрістерді жазған дәптерлері, күнделігі, бет орамалы, маникюр заттары, санаториялық кітапшасы, қол сағаты, әмияны, портфелі, былғары қолғабы, т.б. жеке заттары бар.
«Доссыз өмір – тұзсыз ас» демекші, қарап тұрсақ, сол кездегі адамдардың шынайы достығы, мейірімі бір бөлек дүние, өскелең ұрпаққа өнеге деуге болады. Елу жылдан аса уақыт өтсе де, құрбысының осынау заттарын бүгінгі күнге дейін сақтап, әкесінің музейіне жеткізген Дәнел Әлкейқызына жерлестерінің атынан үлкен алғыс айтамыз.
Еске салсақ, Дәнел Әлкейқызы бүгінде академик Ә.Марғұлан атындағы халықаралық қордың вице-президенті, «Олжабай батыр» қоғамдық қорының мүшесі, Алматы қаласында тұрады. Академик Қ.Сәтбаев музейімен тығыз байланыста. Өткен жылы Алматы қаласындағы академик Қ.И.Сәтбаев атындағы университетіне үш күндік көшпелі көрмемен барғанымызда арнайы келіп, ақ тілегін айтып еді.
Жуырда туған елі Дәнел Әлкейқызын қошеметтеп, «Баянауыл ауданының құрметті азаматы» атағын берді. Асылдың сынығы іспеттес ғалым ұрпағы керекуліктердің мерейін өсірді.
Сансызбай САПАРҒАЛИЕВ,
академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің қызметкері
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы