• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қаңтар, 2023

Автожол құрылысының қарқыны

208 рет
көрсетілді

Еліміздің батыс өңірінде Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат жол учаскесін жөн­деу жұмыстары жалға­сып жатыр. Қандыағаш – Мақат учаскесінде негізгі жұмыстар аяқталып, биыл аталған бағытта жол қозғалысы ашылады деп жоспарланған. Сонымен қатар ұзындығы 96 шақы­рым болатын Ақтөбе – Қандыағаш учаскесінде де қызу жұмыс жүріп жатыр.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында вице-министр Алмаз Ыдырысов айтып берді. Оның мәліметінше, Атырау – Астрахан учаскесінің 277 шақыры­мының 140 шақыры­мында көлік қозғалысы қамтама­сыз етілген. Айта кетейік, Батыс Қазақ­стан облысында 248 шақы­рым­дай жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, оның 129 шақыры­мында жол жүрісі қамта­масыз етіліпті. «Қазір тиісті жұмыс­тарды уақтылы аяқтау үшін қажетті материалдар дайындалып жатыр. Ақпан айынан бастап инертті материалдарды тасымалдауға арналған вагондар паркін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деді вице-министр.

Бұдан бөлек вице-министр былтыр автожол жобаларының сапасын арттыру мақсатында заңнамалық деңгейде бірқатар түзету қабылданғанын атап өтті. Мысалы, кепілдік мерзімі кезеңінде авторлық қадағалау мен техникалық бақылаудың жауапкершілігі ортақ болады. Өз кезегінде Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы елді ме­кен­дердегі көшелерде жүргізіл­ген орташа жөндеуге ведом­стволық сараптаманы жасайды.

Жалпы, биыл еліміздегі авто­мобиль жолдарының құры­лыс және жаңғырту жұмыс­тары­мен қамтылуы 10,5 мың ша­қы­рымға дейін жетпек. А.Ыды­рысовтың айтуынша, осы жылы республикалық жол­дар­дың желісі бойынша 7,3 мың шақырымға, сондай-ақ жер­гі­лікті желіде 3,2 мың шақырым жолды салып, жаңғыр­ту жоспарланып отыр.

Айта кету керек, қазір еліміз­дің шығыс өңірінде Талды­қорған – Өскемен, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық сынды ірі автожол жобалары жүзеге асырылып жатыр. 2023 жылы 180 шақырымға жететін Үшарал – Достық учаскесінде тиісті жұмыстарды толық аяқтау көзделген. Қалған учаскелер бойынша жаңа жабын арқылы жол қозғалысын ашу 2024 жылға межеленіп отыр.

Вице-министр Қызылорда – Жезқазған учаскесіндегі құры­лыс туралы айта келе, биыл Ұлытау облысындағы жол учас­кесінде тиісті жұмыстар басталатынын атап өтті. Жезқазған – Қарағанды жобасы бойынша да құрылыс жұмыстары бастала­тыны белгілі болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтырғы желтоқсан айында министрлік еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жыл­ға дейінгі тұжырымдамасын бекіткен еді. Тұжырымдама – саланы одан әрі дамытып, алдағы іс-қимылды айқындайтын негізгі құжат. Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін былтыр теміржол саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырыла бастағанын айта кеткен орынды. Солар­дың ішінде сүйектісі деп 2022 жылдың қараша айында екінші торабының құрылысы басталған, теміржол көлігі саласындағы ірі жобалардың бірі – Достық-Мойынты теміржол учаскесін айтуға болады.