• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Пікір 26 Қаңтар, 2023

Өңірдің ерекшелігі ескерілуі тиіс

293 рет
көрсетілді

Өңірлік мерзімді басылымдар форумында аймақтағы журналистердің көкейінде жүрген мәселелер көтерілді. Айтылып қана қоймай, проблеманы шешу жолдары ұсынылып отыр. Форумда «Масс медиа туралы» заң жобасы талқыланды. Бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына кедергі келтірмеу, қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін белгілеу, құқықтық мүмкіндіктерін кеңейту және БАҚ-ты қаржыландыру мәселелері жобада көрініс тапқаны қуантады.

Расында, еліміздегі соңғы оқиғалар, соның ішінде пандемия және төтенше жағдай режімін енгізу кезінде журналистердің жұмысын реттеу мәселесі жетілмегені көрінді. Заң жобасында дәрігерлер, полицейлер және құтқарушылармен тең дәрежеде өздерінің кәсіби борыштарын өтеу барысында журналистер қызметін ерекше жағдайларда құқықтық реттеудің жолдары қарастырылған. Мемлекеттік органдарға сұраныс жіберу, оған жауап қайтару мерзімі қысқартылады.

Форумда өңірлік газеттерге ортақ проблемалардың барлығы айтылды. Ұсыныс көп. Бұл ретте, өкілетті органдар тарапынан шекараға жақын өңірлерде бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыс беруде басымдылық ұлттық идеологиялық бағытқа берілуге тиіс. Мысалы, Павлодар – шекараға жақын орналасқан облыс әрі қазақ тілінің мәселесі толық шешілмеген өңір. Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің тек тіл мәселесінде ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бойынша атқарып келе жатқан  рөлі үлкен. Осы орайда, өңірлік басылымды қолдауды кеңейту керек деп ойлаймыз. Шекаралық өңірлерде жүргізілген маркетинг зерттеулер, өкінішке қарай, өзге тілді аудиторияның басымдығын көрсетеді. Бұл ретте қазақтілді оқырман ауқымын кеңейту керек. «Масс медиа туралы» заң жобасында сөз етілгендей, мемлекеттік тапсырыспен қатар, субсидиялау арқылы қазақтілді газеттердің жазылу бағасын арзандатуға, оқырманын көбейтуге мән берілсе дейміз. Елдігімізді ойласақ, қалай да қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарын бірыңғай әдіспен тапсырыс беруден бөлек жекеше қолдаудың тетігін тауып, жолға қойылса дейміз.

Газет қызметкерлері де әлеуметтік баспанамен қамтылу секілді өзекті мәселелермен ұшырасып отыр. Бұл ретте мәртебенің өсірілуі, жергілікті биліктің заңды негізде қолдауына әкеледі деп сенеміз.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы