• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 27 Қаңтар, 2023

Жаңа міндеттер жүктеген бағдарлама

250 рет
көрсетілді

Түркістан облысында Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы «Қазақстан мәслихаттары депутаттары бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі мен облыстық мәслихаты депутатта­рының бірлескен отырысында талқыланды.

Жиында республикалық қо­ғамдық бірлестік төрағасы Тө­леу­бек Мұқашев Мемлекет басшысының мәслихаттар алдына қойған «Жаңа Қа­зақстанның құрылысы», жер­гілікті халықтың өмір сүру жағдайы мен сапасын жақсарту жөніндегі жаңа міндеттемелері депутаттардың сайлаушылармен арадағы жұмы­сын қайта құру мен сайлаушылар тәртібі және мәслихатшыларды кері шақырып алу институттарын енгізуді іске асыратынын атап өтті.

– Жаңа жағдайда мәсли­хат­тар мен олардың депутат­тары­ның негізгі қызметі – өз ау­мағында сапалы әлеумет­тік инфрақұрылымды: балабақ­шаларды, абаттандыруды, сау­да нысандарын, жолдарды, кітапханаларды, мектептерді, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды және т.б.салу мен жөндеуді ұйымдастырудан кө­рінбек. Мысалы, алдағы уа­қытта елімізде көптеген әлеу­меттік инфрақұрылым нысандары сай­лаушылардың талабы мен жер­гілікті мемлекеттік бағ­­дарла­малар негізінде құры­латын болады. Дегенмен бұл өзгерістердің барлығы мәсли­хат­шылардың белсенді азаматтарды тарта отырып тұрақты мониторинг пен бақылау жасау жауапкершілігін арттырады, – деді Т.Мұқашев.

Сондай-ақ қоғамдық бір­лес­тік төрғасы депутаттың жұмыс жағдайының жасалуы мәсе­лесіне тоқталды. Яғни мәслихат­шыларды үздіксіз оқы­ту және депутаттар қыз­ме­тінің өзге де түрлері тұжы­рым­дамасын сапалы іске асыру мәслихаттар та­рапынан бір­қатар ұйымдас­тырушылық шартты қамтама­сыз етуді қа­жет етеді. Депутат­тың қыз­ме­тін құқықтық, ұйым­дас­тырушылық жағынан, кәсіби­лігін қамтамасыз етуге жекелей тоқталған Т.Мұқашев: «Де­путаттың қызметін қаржылық қамтамасыз етудің мазмұны мынада: бұл депутат қызметінің (жұмысының) қысқаша сипаттамасы көрсетілген тізбесі, сон­дай-ақ бұл мәслихаттың жұ­мысы мен өкілеттіктерін жү­зеге асыру үшін мәслихат депутат­тары қызметінің барлық түрлеріне қажетті ақшалай шығындардың есебі болып табылады. Мысалы, Германияда бір жергілікті депутаттың үз­дік­­сіз оқуын ұйымдастыруға жергі­лікті бюджеттен жыл сайын 12 мың еуроға дейін бө­лінген, Мажарстан, Польша, Чехияда шамамен 4,5 мың еуро бөлінді, Оңтүстік Кореяда – 13 мың АҚШ долларына дейін, Ресейде 25 мың рубль шамасында бөлінген», деді. Сондай-ақ Т.Мұ­қа­шев депутаттарды былтыр Ақтөбеде қабылданған, жуырда Шымкентте алқаланған Үндеуді қолдауға шақырды.

Ал облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов сайлауалды бағдарламаның екінші қағидаты – әділетті экономика құру ел экономи­касы­ның даму моделін түбегейлі өзгерту арқылы халықтың, биз­нестің және мемлекеттің мүд­десін бірдей қорғауға негіз­делетінін айта келе өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқ­талды. Мысалы, тікелей шетелдік инвестиция­ларды тарту бойын­ша өңірде өткен жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойын­ша шетелдік инвестиция­лар көлемі 331,1 млн АҚШ долларын құ­рап, жоспар толығы­мен орын­далған. Өткен жыл­дың қоры­тындысымен 831 елді мекеннің 719-ы немесе 87,0%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ тұрғын үй, білім, денсаулық салаларында атқарылған жұмыстарға тоқ­талған аппарат басшысы облыста сайлауалды бағдарламада көрсетілген межелер жоспар­ға сай іске асырылуда екенін мәлімдеді. Облыстық мәслихат­тың аграр­лық сала, жер қатынас­тары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Нұралы Әбішов баяндамасында еліміз­дегі суармалы жерлердің 4-тен 1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі екенін атап өтті.

– Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 12 пайызы облысқа тиесілі, оның өнім көлемі 996,3 млрд теңгені құрайды. Ауыл шаруа­шылығының негізгі капиталына 59,8 млрд теңге, тамақ өндірісінің негізгі капиталына 7,2 млрд теңге инвестициялар тартылды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 859,9 мың гек­тарға орналастырылды, өткен жылдан 14,4 мың гектарға артт­ы. Жаңадан 101 гектарға жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1 569 гектарға жетті. Бұл республикалық көрсет­­кіштің 71 пайызын құрай­ды, – деді Н.Әбішов.

Жиын соңында Т.Мұқашев қоғамдық бірлестік атынан белсенді депутаттық қызметі және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар облыстық мәслихат депутатын «Құрметті депутат» төс белгісімен және Грамотамен марапаттады.

 

Түркістан облысы