Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі LinkedIn компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс, Африка және Латын Америка бойынша мемлекеттік сектор және коммерциялық емес ұйымдардағы сату бөлімінің басшысы Шеймус Клэнсимен онлайн форматта кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дархан Қыдырәлі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар жөнінде және министрлік жетекшілік ететін сала мен бағыттар туралы айтып берді.
Сонымен қатар министр Қазақстанда 14 млн-ға жуық адам (халықтың 72%) әлеуметтік желінің белсенді пайдаланушылары екенін атап өтті.
«Әлеуметтік желіні қолдану үрдісі күнделікті өмірге тікелей әсер етеді. Сондықтан оны дұрыс бағытта пайдаланған жөн. Бүгінде елімізде журналистер, баспасөз хатшылары, медиаменеджерлердің кәсіби деңгейін арттыру үшін қажетті шараларды қолданып отырмыз. Осы орайда әлеуметтік желі мен онлайн платформаларды қолдану тиімді деп білеміз және сіздермен серіктестік орнатуға мүдделіміз», деді министр.
Өз кезегінде LinkedIn компаниясының бөлім басшысы Шеймус Клэнси: «Жалпы Орталық Азия мемлекеттерінің ішінен ең бірінші боп LinkedIn компаниясы Қазақстанмен, яғни, сіздермен кездесіп отыр. Өте қуаныштымыз және қолданушылар үшін тиімді бірлескен жобаларды атқаруға болады. Серіктестікке әрқашан дайынбыз!» деді.
Еске салайық, қазіргі таңда Қазақстан Мета, TikTok сияқты әлемдік компаниялармен тікелей байланыс орнатып, тиімді қарым-қатынас жүргізіп отыр.