Биыл елімізде туристік жарна төлеу тетігі енгізілді. Қазақстанға келген әрбір шетелдік турист қонақүйдегі жатын орын ақсының 5 пайыздан аспайтын мөлшерінде ақша төлеуге тиіс. Жергілікті бюджетке түсетін бұл қаржы отандық туризмді дамытуға жұмсалатын көрінеді. Дұрыс-ақ. Алайда қоғамда «жарна шетелдік туристердің келуін шектейді» деген пікір де жиі айтылып жүр. «Жарна жинамас бұрын оларға жайлы қызмет, жақсы жағдай ұсынып алайық», дейді олар. Әуелі жарнаға лайық жағдай жаса дегені ғой. Мұнымен де келісуге болатындай.
Туристер теріс айнала қоймас
Қалай десек те, норма күшіне енді. Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың пікірінше, түсімнің жаңа түрі ішкі туризмнің бойына қан жүгіртпек.
– Туристік жарна халықаралық тәжірибеде бар дүние. Аспаннан алып отырған жоқпыз. Алдын ала жүргізілген есептеулерге жүгінсек, аталған жарна арқылы мемлекеттік қазынаға жыл сайын 2,5 млрд теңге көлемінде түсім түседі. Мұның бәрі ішкі туризмді дамытуға жұмсалады. Жарна жергілікті бюджеттерге түседі. Сондықтан әкімдіктер бұл қаржыға туризм саласындағы түрлі жобаны жүзеге асыра алады. Айталық, инфрақұрылымды дамытуға жұмсауына болады. Мысалы, жол бойына жылы дәретханалар салып, қоқыс жинақталатын орындарды жабдықтауына мүмкіндік бар. Сол секілді өңірдің ішкі және халықаралық нарықтағы маркетингіне жұмсаса да болады. 5 пайыз дегеніміз шетелдіктер үшін 3-4 доллар ғана. Осыған бола туристердің біздің елден теріс айналып кете қоймасы анық, – дейді Ержан Еркінбаев.
Ереже бойынша шетелдік туристер төлейтін жарна жатын орын ақысының 5 пайызынан аспауы керек. Ал оның нақты қанша пайыз болатынын жергілікті әкімдіктер бекітеді. Жарна өткен жылдың статистикалық деректерінің негізінде есептеледі. Мәселен, Алматы қаласы биыл туристік жарнаның көлемін 5 пайыз деп бекітті. Астана әкімдігі де дәл осындай шешім қабылдады.
– Алматы қаласы 2021 жылдың алты айында 54 мыңнан астам шетелдік туристке қызмет көрсетті. Ал өткен жылдың алты айында қалаға келген шетелдіктердің саны 151 мыңнан асты. Туристер санының екі есе өскенін көріп отырмыз. Биыл Алматыға 400 мың шетелдік турист келеді деген болжам бар. Егер шетелдік туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 немесе одан да жоғары пайызға өссе, жарна мөлшерлемесі жатын орын ақысының 5 пайызын құрайды. Ал керісінше, туристер саны төмендеген жағдайда жарна мөлшерлемесі біртіндеп кеми береді. Айталық, сырттан келушілер саны 5-10 пайызға азайса, жарна көлемі 4 пайызға түседі. Сол секілді бірден 20 пайызға төмендеп кетсе, жарна 1 пайызға тең болмақ. Туристік жарна қонақүйде болған әрбір тәулік үшін алынады. Тек, бұл норманың хостелдерге, қонақ қабылдайтын үйлерге, аудандар мен қалаларда жалға берілетін тұрғын үйлерге қатысы жоқ. Қонақүй шетелдік туристке жарна төленетінін алдын ала хабарлауы керек, – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Бизнес бұған дайын ба?
Жуырда туризм саласындағы кәсіпкерлер мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мамандарының туристік жарнаға теріс қорытынды бергенін жазған едік. Олар жарна салаға теріс әсер береді деп қауіптеніп отыр. Сондықтан бизнес өкілдері туристік жарнаны 2024 жылға дейін кейінге қалдыруды сұраған еді және келер жылға дейін жарнаны төлеу тетігін бірлесіп пысықтауды ұсынған болатын.
– Кәсіпкерлер бұл практикаға қарсы емес, бірақ жарнаны төлеудің нақты тетігі болуы керек. Бизнес өкілдері бірнеше рет ұсынысын айтты, ескерту жасады. Өкінішке қарай, олар ескерілмеді. Әкімшілендіру бойынша қолданыстағы жүктеме толығымен қонақүйлерге түседі. Сондықтан қағидаларды қайта қарап, нарықтың ескертулерін назарға алу керек. Жарна кәсіпкерлердің жүктемесін арттырады. Қазірдің өзінде «бухгалтерлік және салықтық есепте жарнаны қалай дұрыс көрсету керек» деген сұрақтар туындап отыр. Қағидалардың қазіргі нұсқасында туристік жарнаны пайдаланудың нақты белгіленген мақсаты мен міндеті жоқ екеніне назар аударған жөн. Бұл қаражат қайда және қалай жұмсалады және қандай орган оны бақылайды? Балалар мен зейнеткерлерге немесе қонақүйге туристік мақсатта емес, жұмыс үшін келген шетелдіктерге қалай салық салынады? Осындай сұрақтарға нақты жауап алғымыз келеді, – дейді «Қалалық туризмді дамыту орталығы» қауымдастығының атқарушы директоры Татьяна Верницкая.
Сонымен қатар бизнес өкілдері халықаралық тәжірибені зерделеуді сұрап отыр. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жарна мөлшерлемесі нақты бекітіледі. Мөлшерлеме қонақүй тарифіне, маусымға байланысты болмайды. Турист қанша төлеу керегін нақты біліп отырады. Мысалы, Өзбекстанда жарна мөлшерлемесі 2 доллар мөлшерінде, Ресейдің үш аймағында 0-ден 100 рубльге дейін, ал Италия аймақтарында 5 еуро мөлшерінде белгіленген. «Үкіметтің қаулысы нарық өкілдерінің талқылауынсыз қабылданды. Салдарынан статистика мен жатын орын құны арқылы есептелетін күрделі нұсқа пайда болды. Әлемдік тәжірибеде туристке түсінікті тұрақты сома тәжірибесі қолданылады. Ал қазіргі қағидалар туристерді шатастырып, салаға кері әсер етуі мүмкін», дейді Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.
Әлбетте, Үкімет бизнестің бұл ұсынысын қабылдай қоюы екіталай. Өйткені норма бекітілді, қолданысқа енгізілді. Біртіндеп жұмыс істеп жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков бұл жайында былай дейді: «Сомасы бекітілген мөлшерлемені енгізу мәселесі талқыланбайды, өйткені бұл – қолданыстағы қағидалар. Салық жүйесі бойынша бәріміз еңбекақымызға байланысты салық төлейміз. Егер біз сомасы бекітілген тарифтерді енгізсек, сұрақтар туындайды. Өйткені қонақүйлерде баға саясаты әртүрлі».
Десе де, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы нарықтың пікірін ескере отырып, 2023 жылға арналған нөлдік мөлшерлемені қолдану, жарнаны іске асыру тетігін пысықтау, пайыздық мөлшерлемені белгіленген мөлшерлемеге ауыстыру және енгізілген қағидаларды 2024 жылдан бастап Астана, Алматы қалаларында қанатқақты режімде сынақтан өткізуді қайта ұсынды.
Ibis Novotel қонақүйінің басшысы Арсений Тагаевтың пікірінше, жарна туристердің ағынына кері әсер етпеуге тиіс. Ең бастысы, ақы жинау жүйесі нақты әрі ашық болса болғаны.
– Бастама түсінікті әрі қисынды. Туристерден жиналған қаржы туризм саласына, елдің дамуына жұмсалады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Көптеген ел туризм саласына дәл осы жүйе арқылы қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан мұндай бастаманы қолдаймыз. Ең бастысы, жарнаны жинау жүйесі нақты әрі ашық болса екен. Жарна шетелдік туристердің қалтасына салмақ сала қоймас. Өйткені қазақстандықтар да шетелге демалуға барғанда дәл осындай жарнаны төлейді. Бұған бола реніш білдірген жанды көрмедік. Сол себепті жаңа норма туристердің ағынына кері әсер ете қоймас деген ойдамын, – дейді Арсений Тагаев.
Жарнаға лайық жағдай жаса
Бұл мәселеге келгенде экономистердің де пікірі қақ жарылып тұр. Көбі қолдап отыр. Кейбірі мұндай туристік жарна масылдық сипатқа ие дейді.
– Біздің елде туризм әлі дамыған жоқ. Билік жинақталатын жарнаның есебінен алдағы болашақта сервисті жақсартуға уәде беріп отыр. Яғни шетелдіктерден жоқ сервис үшін ақша алмақшы. Мұндай тәсілмен саланың бойына қан жүгірте алмаймыз. Ең алдымен қарапайым деген дүниелерді жасап алайық. Мысалы, демалуға қажетті қарапайым инфрақұрылымды реттейік. Содан кейін ғана демалушылардан қосымша ақы талап етейік. Қазіргі жағдайда туристерді елге шақырып, сол үшін қаржы алсақ та жеткілікті емес пе?! Жарнаны жайлы жағдай жасаған кезде жинай жатармыз. Әріге бармай-ақ, жол бойындағы жылы дәретханаларды алайық. Солардың біразы жабық тұрады немесе үнемі жөндеу жүріп жатады. Біздің туризмге деген көзқарасымызды осыдан-ақ аңғаруға болады, – дейді экономист Арман Бейсембаев.
АҚШ-тың U.S. News & World Report L.P. деп аталатын журналы туризмге қолайлы елдердің рейтингін түзген екен. Басылымның бағалауынша, Қазақстан рейтингке енген 85 елдің ішінде 84-ші болып тұр. Бізден кейінгі орын Иранға бұйырыпты. Іргелес жатқан Өзбекстан, Ресей, Украина, Әзербайжан, Беларусь елдері Қазақстаннан ілгері орналасқан. Тіпті қара құрлықтағы Замбия, Ливан, Мьянма секілді елдер де алдымызды орап кетіпті. Шетелдіктер біздің елдегі туристік саланың жағдайын дәл осылай бағалап жатқанда жаһан жұртынан жаппай ақша жинағанымыз қаншалықты дұрыс? Бұл да ойланарлық мәселе секілді.
Energyprom.kz зерттеуіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйегінде елімізге 3,4 млн шетелдік турист келген. Көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 есе жоғары. Бірақ сарапшылар туристердің көптеп келуін туризм саласының жақсаруымен байланыстырмайды. Себебі бұған басқа факторлар әсер еткен. Біріншіден, коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан жағдай жақсарды әрі шектеулер алынып тасталды. Екіншіден, соғысқа жұмылдыру салдарынан елге Ресейден көп адам келді. Әйтпесе, Қазақстанда ішкі туризмнен гөрі сыртқы туризм жақсы дамыған. Мұны деректер де растап отыр. Мәселен, 2022 жылдың тоғыз айында 5,6 млн отандасымыз шетелге шығып демалған. Көрсеткіш 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе жоғары. Демек жыл өткен сайын шетелде демалуға ниетті отандастарымыздың үлесі көбейіп келеді деген сөз.
Әлбетте, қанша адам болса, сонша пікір бар. Сондықтан мәселеге кешенді тұрғыдан келмесе болмас. Деректерге сүйенсек, Қазақстанға келген шетелдік туристің орташа шығыны 100-200 долларды құрайды. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында елімізге 3,4 млн шетелдік турист келген екен. Осы цифрларға қарасақ, 5 пайыздық жарна қаржылық тұрғыдан әжептәуір табыс әкелуі мүмкін. Мұның бәрін уақыт көрсетеді, әрине. Ең бастысы, түскен қаржы ашық әрі мақсатты жұмсалса болғаны.