• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Туризм 29 Қаңтар, 2023

Экотуризмге – айрықша көзқарас

314 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісуға келген сапарында экологиялық туризмді дамытуды тапсырған еді. Қора шатқалына турис­терге көлікпен баруға қолайлы жағдай туғызу туралы да баса айтқан. Сол мақсат шеңберінде өңірде Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Одан да бөлек ілкімді істер қолға алынып жатыр.

Жетісу жайлы әңгіме бастай қалсақ, әуелі тұмса табиғатын, көз тартар көрікті жерлерін тілге тиек етеміз. Ендеше, елдегі экологиялық туризмді тұрақты дамыту үшін жер жәннатының сұлу жерлерін көркейтуіміз шарт. Бұл ретте өңірде өрісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Оның үстіне Жетісудың табиғи-климаттық жағ­дайы туризмнің сан түрін өркендетуге қолайлы. Мәселен, рекреациялық, мәде­ни-тарихи, емдеу-сауықтыру, спорт­тық, эко және агротуризмді өркен­детуге еш кедергі жоқ. Осы орайда об­лыстық туризм басқармасы қажетті инфра­құ­ры­лымдармен қамтамасыз ету жұ­мыс­тарын алдағы жылы да жалғастырмақ ниетте.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қыз­метінің мәліметіне сүйенсек, Алакөл және Рай көлдері жағалауларында, Там­шыбұлақта, «Жоңғар Ала­тауы» МҰТП аумақтарында және бас­қа да танымал туристік орындарда ша­ғын сәулеттік формалар, орындықтар, бағыттағыш белгілер қою, абаттандыру бағытындағы басқа да жұмыстар атқарылады. Одан өзге «Сиверс алма­сының гүлдеуі», «Алакөл қанаты», «Koksu Water Fest» сияқты танымал фес­тивальдер түрінде оқиғалы туризмді да­мытуға ден қойылмақ.

Бүгінде «Алтынемел» ұлттық паркі аумағында экологиялық туризмді дамыту бағытындағы инвестициялық жоба іске асырыла бастады. Қазіргі кезде онда шолу алаңы, самалжай, кемпингтер, ақпараттық қалқандар, навигациялық бағыттағыш белгілер, құрғақ әжетхана орнатылған. Визит-орталық салына бас­тады, ол 2023 жылдың ақпан айында аяқталуға тиіс. Жұмыс аяқталғанда салынған инвестиция көлемі 2 млрд теңге болады деп күтілуде. Жобаның инвесторы мен іске асырушысы – «QazaqGeography» РҚБ мен «Assemtal» ЖШС заңды тұлғалар консорциумы.

Сол сияқты Сарыбұлақ ауылынан «Алтынемелге» дейінгі қиыршық-тас жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бұл ретте 2022 жылдан Шең­гелді-Қапшағай автожолына орташа жөн­деу жүргізіліп жатыр. Бүгінде автожолдың 5 шақырымы жөнделді. Осы жылдың нау­рыз айынан жөндеу жұмыстары қайта жанданады. «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркіне көлікпен баруға қолайлы жағдай жасау үшін ұзындығы 20 шақырым болатын «Тополевка-Жалаңаш» автокөлік жолына жөндеу жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны – 281 млн теңге. Аяқталу мерзімі – 2023 жылдың қазан айы.

Жоғарыда атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде өңірде Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жолға жөндеу жүргізу жос­парланып отыр. Қазіргі кезде жоба­лық-сметалық құжаттамасын жасау­ға бюд­­­жеттік тапсырыс дайындалуда. Со­нымен бірге Ескелді ауданы мен Те­келі қаласы аумақтарындағы «Tekesu Outdoor Сenter» тау шаңғысы ку­рор­ты­­ның іргесін кеңейту жобасын іске асы­руға жағдай жасау үшін тау шаңғысы курор­тына алдағы уақытта шаң­ғы-биат­лон кешенін салуға қажетті инфра­құ­ры­лымның құрылысы жөнінде Жол кар­тасы әзірленді.

Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, Жетісу облысының турис­тік әлеуетін ілгерілету үшін қазақ­стан­­дық және халықаралық туристік көр­­­мелерге, роуд-шоуларға қатысу, отан­дық және шетелдік туристік компаниялар өкілдеріне арналған В2В фор­­­матында воркшоп ұйымдастыру, об­лыстағы туризм саласы өкілдері үшін оқыту курстарын, мастер-кластар, семи­­нарлар өткізу, Ақсу, Сарқан, Ала­көл, Ескелді аудандарындағы, Текелі қаласындағы туристік локацияларда, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» МҰТП аумақтарында ақпараттық турлар ұйымдастыру, сол сияқты балалар мен жасөспірімдер туризмін қолдау, туристік саланы цифрландыру, брендтелген жар­намалық өнімдер дайындау мен шығару жұмыстары жоспарланған.

 

Жетісу облысы