Шымкент қаласында тұратын 6 баланың анасы – Нәзира Дүйсебаеваның баспанасы өртеніп, далада қалып қойған еді. «Көп түкірсе – көл» дегендей, ананың қайғысын көтеруге жанашыр жұрт жұмылып, жылу жинауға кіріскен. Халық көмегінің нәтижесінде баспана жалдап жан баққан көпбалалы отбасының жеке үйге қолы жетті.
Қонысты болған келіншек қолұшын созған жандарға ризашылығын білдірді.
– Пәтер жалдап тұрып жатқанымызға 15 жыл болған еді. Үйіміз өртеніп кетіп, әп-сәтте қайғы жұтып қалдық. Алғашқыда не істерімізді білмей, бала-шағамызбен қатты күйзелдік. Бізді далада қалдырмай, жағдайымызды көріп, көмек берген, жәрдемдескен ағайынға рахмет. Әуелі Алла, сосын қарапайым халықтың арқасында баспанаға қол жеткіздік. Енді ол өзіміздің жеке үйіміз. О баста расы керек, жұрт қайғымызға ортақтасады, үй әпереді деген ой болған жоқ еді. Әсіресе, үйіміздің болатынын естігенде менен бұрын балаларым ерекше толқыды. Қуаныштан төбесі көкке екі елі жетпей қалды. Тіпті бала-шағамның ішіндегі тұңғышым «анашым, Аллаға мыңда бір шүкір. Енді біз пәтер жалдап далада қаңғырмаймыз», деп көңілі босап, көз жасына ерік берді. Иә, иығымызға түскен зор ауыртпалықты көтерісіп, осындай қуанышты сәтке жеткізген халқыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Құдайым олардың да әрбірінің шаңырағына тек жақсылықтар сыйласын, – деді шаттықтан жүзі бал-бұл жанған Н.Дүйсебаева.
Өз кезегінде шаһарда бір отбасын ауыр жағдайға қалдырған төтенше оқиғаның болғанын естіген кәсіпкер, әрі Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұргүл Қобланова дереу тілсіз жаудан жапа шеккен көпбалалы ананың жағдайын білмекке ұмтылады. Мұндай жанашырлықты «Аманат» партиясы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов та көрсетеді. Олар көпбалалы отбасының хал-ахуалын білісіп, тұрмысқа қажетті заттармен және керекті азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрды.
Кәсіпкер келіншек Н.Қобланованың айтуынша, түнгі ауа температурасы -20 градустан төмендеген сақылдаған сары аязда балалар далада қалып қоймасыншы деп қатты уайым шегіпті. Сөйтіп шұғыл арада әріптестеріне қоңырау шалып, шама жеткенше жылу жинау акциясына мұрындық болған. Сонымен бірге қайырымды істе шет қалғысы келмеген халық қайғыға душар болған көпбалалы ананың әпкесі Алмира Сатыбалдиеваның атындағы жеке шотқа қолдан келгенше қаржы аударған. Қысқасы, сауапты амал жасауда қарапайым тұрғындардың ешқайсысы да көмек қолын созудан аянбады.
Ал Қайнарбұлақ саяжайының ауыл биі Ақмарал Өмірзақова елден аз ғана уақыт ішінде 22 млн теңгенің жиналғанын айтады. Сол қомақты қаражаттың 19,5 млн теңгесі баспана сатып алуға жұмсалса, қалған ақшаға үй жиһаздары, көрпе-төсек секілді ең қажетті тұрмыстық бұйымдар сатып әперді. Сонымен қатар жылудан жиналған қаражатты тағы да бір осындай өрттен зардап шеккен отбасыға жәрдем ретінде үлестірген.
Ауыл биінің айтуынша, қиын сәтте халық ауызбіршілік танытып, қайғының астында қалған бір шаңыраққа жұмыла көмек көрсеткені ол әлбетте елде әлі де жанашыр азаматтардың көп екенінің жарқын дәлелі, әрі осындай қайырымды қоғам барда адамдар ешқашан өздерін жалғыз сезінбек емес. Міне, осылайша, халықтың қамқорлығының нәтижесінде барынан айырылған отбасы қайта үйлі болып, олар үшін бақыттың баянды ғұмыры басталды. Ең бастысы оқыс оқиға адамдарды, тұтас қоғамды шеніне, атына қарамастан ортақ іске біріктіріп жіберді. Олардың ішінде қарапайым халық та, кәсіпкер де, партия өкілдері де, еріктілер мен қоғамдық ұйымдар да бар. Тіпті, мектепте оқитын балаларға дейін қалталарынан әке-шешесі берген тиындарын шығарып, қайырымдылық акциясына атсалысыпты.
Бұдан бөлек жалмаған өрттен жарамсыз күйге енген үйді «Елге қызмет» қоғамдық қоры күрделі жөндеуден өткізген. Ал «Медикер» жеке медициналық клиникасының басшысы, әрі дәрігер Бақытжан Позилов болса, зардап шеккен отбасыға әсіресе көпбалалы келіншекке медициналық және психологиялық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
ШЫМКЕНТ