Ауылдың таза ауасын жұтып, құнарлы дәмін татып, тыныс-тіршілігімен танысқысы келетіндер үшін өңір-өңірден глэмпингтердің көптеп салынуы агротуризмді дамытуға бастайды. Мәдениет және спорт министрлігі бүгінде осы бағыттағы жұмыстарды қолға алып жатыр екен.
Туризмді дамыту мәселелері жөніндегі көшпелі алқа отырысында Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев туризмнің глэмпинг бағытын дамытуға көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.
«Ауылдық жерлерде кэмпингтер мен қонақүйлер салу бойынша заңнамалық шектеулер бар. Статистикаға сәйкес, елімізде 219 мың фермерлік, шаруа қожалығы бар. Осы орайда фермерлерге ауыл шаруашылығы жерлерінің 10%-дан аспайтын көлемін туристерге қызмет көрсету үшін қонақүйлер мен глэмпингтер салуға рұқсат беруді ұсынамыз», деді Е.Еркінбаев.
Министрліктің болжамы бойынша, фермерлік шаруашылықтардың кем дегенде 1%-ы туристерді орналастырумен айналысса, кем дегенде 2 адамды жұмысқа алса, жыл сайын 6,6 мың адам жұмыс орнымен қамтылады.
Өткен жылы еліміздің 8 өңірі – Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында 28 глэмпинг кешені ашылған. Жақын арада осындай кешендер «Алтынемел» ұлттық паркінде, Қарқаралы ауданында пайда болады. Сондай-ақ Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай нысандардың құрылысы жоспарланған. Осы орайда мұндай агротуризм нысандары Франция, Германия, Аустрия, Аргентина, Беларусь сияқты елдерде өте танымал екенін айта кеткен жөн.