• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қаңтар, 2023

Әлеуметтік кесел әл бермей тұр

255 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіретінін айтқан еді. «Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел», деген Президент бұл қылмыспен күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс екенін де қатаң ескерткен еді.

Бұл мәселенің аса күрделі дең­гейге жеткені сезіліп тұр. Соң­ғы кездері Солтүстік Қазақ­стан облысында есірткі айналымы айтарлықтай көбейіп барады. Жуырда сондай істің бірі сотқа өткізілді. Ол тамыз айында құрықталған 49 жастағы Ақмола облысы тұрғынының ісі. «Астана – Петропавл» бағытымен жүріп бара жатқан «Volkswagen Passat» автокөлігінің жүксалғышынан Гретта атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен үш полимерлі қапқа салынған 50 килоға жуық марихуана табылған болатын. Бұл аса ірі есірткі айналымы деп есеп­теледі. Үйретілген ит көлік өтерде қатты үріп, белгі берген. Сот мұндай көлемдегі есірткі тасымалдаушыға 15 жылға дейін қамау жазасын беруі мүмкін. Есірткі тасымалдаушының еш жасырынбай, айылын жимай оны қаптап, жүксалғышқа салып алып тасығанына қарағанда әбден шектен шыққаны көрініп тұр. Егер итке кездеспесе ол өзі­нің жүгін «аман» алып өтер ме еді, кім білсін...

Жалпы, түрлі қылмыстарды құрықтауда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің Кинология қызмет орталығының пайдасы зор болып тұр. Мұндағы қызметтік-іздестіру иттерінің кө­ме­гімен бір жылда 674 қылмыс ашылды. Орталыққа қарайтын 52 ит есірткі анықтауда ғана емес, жарылғыш заттарды іздеуге, із кесуге және тағы да басқа мақ­сат­тарға жұмылдырылады. Бұл ит­тердің 18-і кинологиялық қыз­мет орталығының өзінде, 5-еуі Петропавл қалалық полиция бас­қармасында, қалғандары аудан­дық полиция бөлімдерінде. Олардың бәрі асыл тұқымды – немістің, бельгияның овчаркалары, сонымен бірге лабрадор, спаниель мен ротвейлер деген ақылды иттердің тұқымы.

Кинологиялық қызмет орта­лығы­ның бастығы, полиция ма­йоры Самат Төлебаевтың айтуын­ша, төрт аяқты көмекшілер өткен жылы 523 рет қолданылып, жоға­рыда аталған 674 қылмысты ашу­ға жәрдем берген.

Есірткімен күрес қазір Прези­дент айтқандай біршама қиын­дап кеткен. Оның үстіне қазір пси­хо­троптық белсенділігі жоға­ры жаңа түрлері шығып жатыр. Оларды интернет жүйесі арқылы сату­шылар тез тарата алады. Ал бұл кеселмен қарсы күрес қызметтері тиімді шараларды қол­дануды толық игере алмайды. Ол үшін бұл қызметтегілер интернеттің ұңғыл-шұңғылын ақтара білетін нағыз шебер болуы керек.

Облыстық полицияның Есірт­­кі қылмысына қарсы іс-қи­мыл басқармасының бастығы, поли­ция подполковнигі Иван Терезидидің айтуына қарағанда, 2022 жылы облыста барлығы 241 есірткі қылмысы анықталған, оның ішінде 17-сі – есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау болса, 90-ы – өткізу фактісі. Заңсыз айналымнан 423 кило түрлі есірткі заттары, оның ішінде 3 кило 500 грамм синтетикалық есірт­кі тәркіленген. Бұл есірт­кінің қара базардағы құны жүз­деген миллион теңгені құрайды. Статистикалық есепке қарағанда, қазір өңірде 499 нашақор тір­келген. 139 адамға қарсы қыл­мыс­тық іс қозғалса, оның 8-і шет­­­ел­дік азамат.

Былтыр осы қызметтің ма­ман­­дары Алматыдан және Аста­на­дан Петропавлға синте­ти­калық есірткі тасымалданатын екі арнаның жолын кесті. Со­ны­мен бірге Петропавл қала­сы­ның өзінде синтетикалық есірткі дайындайтын зертхананы әшкереледі. Оның иесі бар болғаны 22 жастағы жас жігіт. Алдымен интернет дүкен арқылы «спайс» атты син­те­тикалық есірткіні сатумен айна­лысқан ол барған сайын ақшаға құнығып, есірткі жасау­дың тәсілін қолға түсіріп, оны өздігінен жасап сатқан. Кез­дес­пеген, танымайтын, көзі көр­меген адамдарға ақшасын аударған бойында полимерлік қал­та­шаларға салынған есірткіні өздеріне белгілі жерлерге тастап кетіп отырған. Бұл жігіт ұсталып, қазір жазасын өтеп жатыр. Ал ұсталмағандары қанша екені белгісіз.

Қазақстанның есірткіге қар­сы қол­данылатын заңнамасы да күшей­тілді. Қазір есірткі та­ратқан адамға жаза 10 жылдан басталып, 20 жылға дейін бас еркінен айыруға барады. Со­нымен бірге интернетте есірт­кі жарнамалау және насихаттау жолдарына құрық салынды. Бұрын мұндайға әкімшілік жаза ғана беріліп, айыппұл салынса, қазір 3 жылдан 6 жылға дейін бас еркінен айыру жазасы беріледі. Сондықтан интернет дүкендер есірткі сатудың белгісі – граффиттиді қазір көрсетпейтін болды. Солтүстікқазақстандық пинкертондар граффиттиді есік­ке, жарнамалық тақтаға жап­сырып кеткендерге қарсы волон­тер­лердің көмегін қолданып, жырту немесе үстін бояп тастау істерін қолға алды. Сонымен қатар облыста «Рефлекс», «Паутина», «Дәрмен», «Транзит», «Қарасора» сияқты респуб­ли­калық кең ауқымды жедел-профилактикалық шаралар барысында да есірткіні тасымалдауға, контрабандалық фактілерге, емдеу-профилактикалық меди­циналық мекемелерге, дәрі­ха­на­ларға тексерістер жүргізіліп, жұлын­құрттың жолын кесу шаралары жасалған.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының сақшы­ла­ры жастар көп қолданатын Instagram, Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілерінде аккаунт­­­­тар ашып, онда және Whats App арқылы есірткінің залалын, оған қарсы күрес шаралары, ұс­тал­ғандар, өкінгендер жайлы ақпараттар беріп тұрады. Бұл шаралар жастардың есірткіден ты­йылуына аздап септігін ти­гізіп те келеді. Жыл бойы ЕҚҚІБ барлығы 55 мыңдай адам қа­тысқан 604 іс-шара өткіз­ген. Әлеуметтік желілердегі наси­хат­тарға сөздері өтімді жур­на­лис­терді, суретшілерді, режис­серлерді қатыстыру да қолға алынған. Осындай талант­ты жандардың қатысуымен есірт­кіге қарсы түсіріліп, TikTok әлеу­­меттік желісіне жариялаған ро­ликті 110 мың адам көрген. Өткен жылы 280 ақпараттық сюжет көр­сетіліп, басылымдарға 180 материал жарияланған. Кү­рес белсенділігі осылай артып келеді. Бірақ жұлынқұрттың жаңа түрлерін әшкерелеу қиын­дап барады.

 

ПЕТРОПАВЛ