Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарының 2022 жылға арналған білім беру бағдарламасының рейтингін жариялады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы жүргізген рейтингтің жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасында қарым-қатынасты нығайтуға, нарық сұранысына сай кадр даярлауға септігі тиеді.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, білім беру бағдарламалары 19 критерий бойынша бағаланған. Рейтинг әдістемесі жоғары оқу орындарымен, қоғамдық қызмет сарапшыларымен ашық талқылау нәтижесінде қабылданған. Рейтинг үш негізгі блокқа біріктірілген. Яғни түлектердің мансаптық перспективасы, білім беру бағдарламасының сапасы және олардың жетістігі ескерілген. Ескеретін жайт, былтыр Жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламасының сапасы мен өзектілігі бойынша жұмыс берушілердің қанағаттануы 67%-ды құрапты. Жұмыс берушілер тарапынан үш жылдағы динамика 15%-ға өскені байқалады. Сондай-ақ былтыр түлектердің 67%-ы тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өткеніміз ләзім.
– Бұл – жақсы нәтиже. Білім беру бағдарламаларының 82%-ы жұмыс берушілермен келісілген және практикалық тәжірибесі бар мамандар оқу процесіне тартылды. Ол үшін министрлік қажетті жағдайлар жасап, тиісті нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізді. Бүгінгі таңда жекелеген білім беру бағдарламаларына тартылған практик-мамандардың үлесі 71%-ға жетті. Білім беру бағдарламаларының 91%-ы танылған аккредиттеу агенттіктерінде аккредиттеуден өтті. Бұл да олардың сапасының жақсарғанын растайды. Түлектердің жұмысқа орналасуының орташа пайызы 79%-ды құрады. Ал жұмыс іздеудің орташа ұзақтығы – 97 күн, яғни 3 айға дейін. Сұранысқа ие білім беру бағдарламалары бойынша тіпті ай ішінде жұмысқа орналасады, – дейді Г.Көбенова.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының басқарушы директоры Азамат Бейсенбенов те рейтингтің талапкерге мамандық бойынша ЖОО таңдауға көмегі тиетінін айтты.
– ЖОО үшін де рейтингте қолданылатын критерийлер бойынша анықталатын объективті көрсеткіштер өте маңызды. Олар рейтинг нәтижелерін, әсіресе өз түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейін, жұмыс іздеу ұзақтығын әрқашан бақылап отырады. Рейтинг қорытындысы білім беру бағдарламаларын өзгерту, жетілдіру, тіпті жабуға байланысты шешімдер қабылдауға көмектеседі. Рейтинг нәтижелері ЖОО арасында бәсекелестікті арттыратынын атап өту керек. Ал бәсекелестіктің болуы сапаның артуына ықпалдасатыны белгілі. Сонымен қатар рейтинг әдістемесі де жыл сайын жетілдіріледі. Әдістемеге өзгерістер енгізер алдында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы министрлік өкілдері мен ЖОО ректорларының пікірін ескереді. Бұл – осымен бесінші жыл атқарылған жұмыстың нәтижесі. Рейтингте 2 мыңнан аса білім беру бағдарламасы, 80 мыңнан аса түлек, еліміздің барлық өңірінен 200-ден аса салалық сарапшы мен жалпы 97 жоғары оқу орны қамтылды, – деді спикер.
Биыл түлектердің орташа жалақысын объективті бағалау үшін олардың орташа жалақысын есептеу туралы шешім қабылданыпты. Себебі осы көрсеткіш түлектердің негізгі бөлігі алатын соманы көрсетеді екен. Талдау көрсеткендей, түлектердің медиандық жалақысы 155 621 теңге шамасында қалыптасқан. Ең жоғары жалақыны (196 769 теңге) Маңғыстау облысының түлектері алса, ең төмен жалақы (124 895 теңге) – Шымкент қаласының түлектерінде. Ең жоғары медиандық жалақы көлемі «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» бағытына тиесілі. Яғни осы саладағы түлектердің жалақысы 221 841 теңгені құрайды.
А.Бейсенбеновтің айтуынша, былтыр Ветеринария бағытында жұмысқа орналасу деңгейі жоғары болыпты. Тағы бір статистикаға тоқталсақ, өңірлер арасында жұмысқа орналасу деңгейі бойынша бірінші орында – Батыс Қазақстан облысының түлектері (86%), екінші орында – Алматы облысының түлектері (85%), ал үшінші орында Атырау облысының түлектері (84%) тұр. Ал жұмысқа орналасу деңгейі төмен өңірлердің тізімінде Қызылорда және Түркістан облыстары (73%) екен.
Сондай-ақ спикер мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан түлектердің көшін денсаулық сақтау саласы бастап тұрғанын еске салды. Ашып айтар болсақ, медицина мамандығы бойынша білім алған түлектердің 69%-ы жұмысқа орналасқан. Сол секілді тізімде педагогика саласындағы түлектердің көрсеткіші 60% болса, құрылыс саласында жас мамандардың 30,6%-ы мамандығы бойынша жұмыс істейді. Осы қатарда ең төмен көрсеткіш (19,4%) ауыл шаруашылығы саласына тиесілі.
Рейтинг нәтижесі көрсеткендей, жоғары балл жинаған талапкерлердің басым көпшілігі Қазақстан-Британ техникалық университетін, Астана медицина университетін және Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін таңдайды. Білім беру бағдарламарына талдау жүргізу барысында халықаралық рейтингтерде жоғары сатыда тұрған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, сол секілді Сәтбаев, Әуезов атындағы университтер «Атамекен» ҰКП рейтингінде – жоғары орында. ҚазГЗУ, ҚБТУ, АУЭС, КИМЭП, Қарағанды медицина университеті, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және басқа да оқу орындары тізімнің басында тұр.
Әрине, кез келген талапты жас өзі таңдаған мамандықтың білгірі болуға ұмтылады. Сондықтан оны мамандығы бойынша білім беретін жоғары оқу орнының оқу бағдарламасы қызықтырмай қоймайды. Яғни мамандық таңдаудан қателеспеген түлек ЖОО таңдауда да дұрыс шешім қабылдауына білім беру бағдарламасының рейтингі үлкен олжа деп айтсақ болады.