Біз оны Бақтығұл деп танимыз. Әуезовтің «Қараш-қарашындағы» намысы биік, рухы өр Бақтығұл. Оның есімі аталғанда жадымызда жатталған сол бір сұлатып-құлатар көзқарасы елес береді: өткір, суық, терең. Ал «Қызыл алмада» оның мүлдем басқа қырын көрдік: аңғал, адал, нәзік. Ақиқатында, Сүйменқұл Чоқморовтың шын табиғаты бұдан алыс кетпесе керек-ті.
Біз таныған Бақтығұл – актердің шеберлігінен туған образ. Қырғыздың көрнекті ақыны Жолон Мамытов ол туралы: «Бар әлем қазір қырғыздарды Сүйменқұлдың бет-жүзі арқылы таниды», дейді. «Қырғыздың өңі Чоқморовтың өңіндей» деген ауызекі тіркестің таралуы да осыдан.
Тұтас ұлттың бар болмысын, табиғатын, рухын бір бойына сыйдырған тұлға туралы бұған дейін де мың-сан жақсы сөз айтылған болар. Біздің мақсат – Манас шыңымен қатар тұрған адамның мақтауына мақтау қосу емес. Тек актер, волейболшы Сүйменқұл Чоқморовтың суретшілігі хақында аз-кем сөз айтуды жөн көрдік.
Бала Сүйменқұл сонау 1939 жылдың күзінде Шоң-Таш айылында көпбалалы отбасында өмірге келіпті. Тумысынан дімкәс тартқан баланың бар ермегі қарындаш болатын. Ол жоқ кезде көмірдің тасымен, бормен де сурет сала беретін. Талантымен ұштасқан осы ермегі оны үлкен өнерге алып келді. Ленинградтағы П.Репин атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, КСРО халық суретшісі Е.Моисенкодан сабақ алды. 1964 жылы институтты аяқтаған соң Чоқморов өнер мектебінде дәріс оқыды, кейін жетекшілік етті.
Осы жылдарда ол кескіндеменің түрлі жанрында жұмыс істеді: пейзаж, натюрморт салды. Әсіресе адам жанының үйлесімін бере алатын портретке ерекше ықыласы ауды. Чоқморовтың артықшылығы сол, кейіпкер мінезінің көрнекті айшықтарын бірден байқап һәм оны әлеуметтік тағдырымен қоса өрнектеп бейнелейтін. Оның кейіпкерлері, негізінен, өнер адамдары болды. Суретші әйгілі манасшы Саяқбай Қаралаевтың портретін екі рет салған («С.Қаралаевтың портреті», 1971; «Арнау. Саяқбай Қаралаев», 1974). Бүгінде бұл туындылар қырғыз бейнелеу өнерінің Алтын қорында сақталып тұр. Бұдан бөлек «Актер Жұмаділов», «Т.Өкеевтің портреті», «Қырғыз КСР Халық суретшісі А.Жангорозова», сапарларда жолыққан әлем киносының әйдік қайраткерлерімен кездесулерден туған жапон кинорежиссері Акира Куросава мен актер Тосиро Мифуненің, итальялық актриса Моника Виттидің портреттерінен де жылы әсер білінеді. Тіпті Жапонияда болғанда Кабуки театры актерлерінің портреттер сериясын жазған еді. Ал автордың көпке әйгілі «Ана» (1967), «Менің ұлым» (1972) картиналарының әуезі бөлек: табиғатқа бас иген үлкен жүрек, жұмыр жердің бетіндегі барша мейірім, ізгілік атаулыға деген көл-көсір ілтипат байқалады.
Чоқморовтың алғашқы тақырыбы – айыл, айылдағы кішкентай адамдар. Суретші ол өмірге еніп, оны ұқсатып әуре болмайды. Өзі көрген сол адамдар, өзі өскен сол мекен. Қырғыз айылының тұрмысын кейде тым жадағай қылып суреттеген де болар. Бірақ бәрі шынайы. Ол пейзаждар мен тұрмыстық көріністерде («Ауыл пейзажы», 1954, «Ауылдағы таң», 1958, «Шоң-Таш ауылы», 1958) ауылдың жаңаруын көрсетуге асықпайды. Өзі көрген ескі өмірдің шындығы – жатаған үй, қисайған шарбақтар мен топырағы шыққан қара жолды асқан сағынышпен бейнелейді. Бұл – оның бала кездегі әлемі, бозбала шағының куәсі.
Автордың портрет жанрындағы алғашқы кейіпкерлері де осы Шоң-Таштың балалары болды («Нұрсейіт», 1955, «Бурулча», 1956). Диплом қорғау жұмыстары кезінде ауылдастарының портреттерінің тұтас сериясын жасады – шопандар, күйеу жігіттер, кеңшар жұмысшылары. Жалпы, Чоқморов бар шығармашылығында қылқаламын еркін сілтеген суретші. Кішкентай адамдардың тұтас галереясын жасаған автор осы арқылы елеусіз жандардың түрлі тағдырын бейнеледі.
Суретші галереясындағы жылы да шынайы туындылардың бірі – «Ана». Бар ғұмырын ұрпағына арнаған, қиын-қыстау заманның бейнетін бір өзі көтерген күрескер аналардың нақ образы. Ұжымшардың қара жұмысынан қажыған, шаршаған ана. Енді бір жағынан, қарсы алдыңызда байсалды, салмақты жанды көресіз. Мамасалы Апышев «Сүйменқұл Чоқморов. Өмірі мен шығармашылығы» атты кітабында суретшінің осы картина туралы айтқан сөзін келтіреді: «...Мен анамды прототип етіп алдым. Бірақ портреттегі әйел анама бірде ұқсайды, енді бірде мүлдем ұқсамайды. Яғни бұл – жалпылама образ».
Қырғыз өнеріне Шыңғыс Айтматовтың кейіпкерлері ортақ. Мына картинаға қарап тұрып та жазушының Толғанайы еріксіз еске түседі.
Сүйменқұл Чоқморов 400-ге тарта картина жазыпты. Негізгі шығармалары Қырғыз мемлекеттік бейнелеу өнері мұражайында сақтаулы тұр. Сондай-ақ Санкт-Петербург, Петрозаводск, Донецк, Лондон, Нью-Йорк және Венеция мұражайларында да туындылары қойылған. Суретші картиналарының бірін Пәкістанның премьер-министрі Беназир Бхутто сатып алған деседі.
Кино өнерінде шоқ жұлдыздай жанған Чоқморов қай кезде де қылқаламын тастаған жоқ. 1968 жылдан КСРО Суретшілер одағының мүшесі, 1971 жылдан КСРО Кинематографистер одағының мүшесі атанды. Қырғыз КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Ал 1991 жылы Чоқморовқа әдебиет, өнер және мәдениет саласындағы Ш.Айтматов клубының халықаралық сыйлығы берілді. Десек те суретші Чоқморовтың көзінің тірісінде бірде-бір көрмесі өтпепті. Автор шығармашылығына арналған алғашқы сурет көрмесін ақын Мұхтар Шаханов Қырғызстанда елші болып тұрғанда ұйымдастырған.