Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының таратқан мәліметіне сәйкес қаңтар айының басында аталған клиникаға төрт айлық сәби жедел жәрдеммен жеткізілген. Ауруханаға шұғыл әкелуге сәбидің тоқтаусыз жөтелуі, ентігуі мен бойындағы жалпы әлсіздік белгілері себеп болған. Дәрігерлер шақалақтың кеуде қуысын рентген аппаратына түсіру арқылы оң жақ көкірегінде жарықтың барын анықтаған.
Медициналық тексеруден кейін кішкентай пациент хирургия бөліміне анасымен бірге жатқызылды. Кейін екі күн өткен соң дәрігер-хирургтер 4 айлық сәбиге ашық түрде күрделі ота жасайды.
Дәрігер-хирург Қайрат Ізбасаровтың айтуынша, операция барысында өкпеге қарай өтіп кеткен іш қуысындағы ішектер хиургиялық әдіспен өзінің орнына келтіріліп, көкірек тұсындағы жарық тігілген. Кішкентай сәбиге жасалған операция 1,5 сағатқа созылды. Отадан кейін шақалақ ағзасы қалпына келгенше бір күн жансақтау бөлімінде тиісті ем-дом шараларынан өтіп, келесі күні палатаға ауыстырылды.
Қайрат Ильясұлы сәбидің көкірек тұсындағы жарықтың көлемі 15 сантиметр болғанын айтады. Маманның мәлімдеуінше, мұндай жарықтар кейде адамға туа бітеді, яғни бала анасының құрсағында жатқанда түрлі физиологиялық әсердің салдарынан пайда болады. Сондықтан бұл өздігінен туындайтын кесел, медициналық практикада сирек кездесетін құбылыс ретінде қаралады.
Балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері бүгінгі таңда кішкентай науқас өзін жақсы сезінетінін баяндады. Олардың сөзіне қарағанда, ендігі жерде қосымша операция жасаудың қажеттілігі жоқ. Сол себепті ота жасалған сәби клиникада біраз күн жатып, ем-дом қабылдап, анасымен бірге аман-есен үйіне қайтарылды.
ШЫМКЕНТ