Әлемде өмір сүру салты бір-бірімен мүлде қабыспайтын қаншама ел бар. Оларды жақындастыратын қуатты күш – мәдениеттер тоғысы һәм өзара түсіністік. Күні кеше Қатар астанасы Дохада «Аударма және аккультурация мәселелері» атты халықаралық конференция өтіп, аударма саласының озық мамандары бір алаңда бас қосты.
Осымен тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған іс-шараға биыл алғаш рет Қазақстан атынан арнайы делегация қатысты. Негізінен араб тіліне яки араб тілінен өзге тілдерге тәржіма жасайтын көшбасшы мамандар жиналған ауқымды жоба бағдарламасына қазақ тілінің де енгені ел үшін мерейлі жаңалық деп атауға болады. Себебі қазақтың бай мәдениетін, салт-дәстүрі мен таным-табиғатын өзгелерге танытуда аталған жобаның аясы кең. Жоба шеңберінде аударма ісінің көшбасшы мамандары марапатталып, олардың сапына отандық ғалымдардың да есімі енді. Атап айтқанда, белгілі шығыстанушы, Нұр-Мүбәрак Мысыр ислам университеті Ғылым және инновация департаментінің директоры Ықтияр Палтөре Шейх Хамад атындағы аударма және халықаралық түсіністік жүлдесінің иегері атанды. Беделді бәйгеде еліміздің атын асқақтатқан аудармашымен хабарласып, аталған іс-шараның маңызы және әлемдік аударма ісінің бүгінгі өрісі туралы ой-пікірін білген едік.
– Қазақстанда жекелеген аудармамен жемісті түрде айналысып жүрген мамандар аз емес. Олардың басын біріктіріп, ұжымдық аудармаға ден қоятын кез жетті. Неге десеңіз, тікелей араб тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен араб тіліне аудару мәселесі өзекті. Тағы бір маңызды дүние, тек діни бағыттарды негізге алған еңбектерді аударумен шектелмеуіміз қажет. Ендігі кезекте жаңа деңгейге шығып, мемлекеттер арасындағы мәдени ықпалдастықты, достық қарым-қатынасты дамытуды көздейтін, әріптестік әлеуетін жолға қоятын тың талпыныстарға барғанымыз абзал. Қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін, дүниетанымын көркем тілде аударып, арабтарға жеткізе білуіміз керек. Әдетте халқымыз мәдениетінің тамыры тереңде екенін ауызша айтамыз, бұл жеткіліксіз. Нақты кітаптармен, қазба мұралармен, музей экспонаттарымен соны дәлелдеп көрсете білуіміз керек. Әсіресе қазіргі жаһандану заманында аударма саласының атқаратын міндеті ауқымды. Осы орайда әріптестерімді күш біріктіре жұмыс істеуге шақырамын. Ал бүгінгі марапат біздің халқымызға жасалған құрмет деп есептеймін. Ана тіліміздің беделін халықаралық деңгейге көтеру – бәрімізге жауапты борыш, – дейді Ықтияр Палтөре.
Айтулы аталымға отандасымыз әл-Фараби трактаттарының аудармасын, сондай-ақ осы бағыттағы бірнеше еңбегін ұсынған. Шығыстан шыққан дала данышпандарының қолтаңбасына үңілген аудармашы бұл бағыттағы жұмыстарын кешенді түрде жалғастыратынын жеткізді. Оның «Құран Кәрім. 30-пара. Мағыналық аударма және тәпсір», «Намазда жиі оқылатын сүрелердің тәпсірі», «Ислам мәдениеті», «Сұлтан Заһир Байбарыстың өмірбаяны: Араб халық эпосы» секілді көптеген еңбегі оқырманға кеңінен таныс.
Адамзат алдынан күн сайын шешімі күрделі мәселелер шығып жатыр. Бұдан мұқалмай өту үшін рухани бірлік керек. Білім-ғылым – адамды шырқау биікке көтеретін ең сенімді тетік. Әлем жастары адами асыл қасиеттердің нәрін мәдениеттер арқылы сіңіреді. Ендеше, ұлы дала ойшылдарының еңбегін қайта жаңғыртып, дәстүрлер сабақтастығын дәнекерлеуде сапалы аударма ісінің маңызы зор.
АЛМАТЫ