• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Қаңтар, 2023

Қазба жұмыстарына қатысты

851 рет
көрсетілді

Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі жанынан құрылған «Жас археологтар» үйірмесінің  оқушылары  аудан аумағындағы ерте қола дәуірінің ескерткіші – Құмсай, ғұндар дәуірінің Сорлақмола обасы, сақ-сармат дәуіріне жататын Сегізсай қорымының қазба жұмыстарына  қатысты.

Соңғысында  діни ғұрыппен жерленген ерте көшпенділер дәуірі адамының қаңқасы табылған. Осылайша болашақ зерттеушілер  аудан аумағындағы тас, қола, ерте темір, кейінгі темір дәуірі  ескерткіштерінің қазба жұмыстарына қолғабыс тигізіп жүр. Үйірмеге қатысатын жоғары сынып оқушылары Қурайлы  маңында, Мұғалжар ауданының Жағабұлақ елдімекені, Мәртөк  ауданында жүргізілген   қазба жұмыстарына да  қатысып, археологтардың  далалықтағы дәрістерін тыңдады.

 

Осыдан алты жыл бұрын  Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында құрылған үйірмеге  5-11 сыныптың 25 оқушысы  кірді.  Жоба авторы – Ойыл аудандық  өнер және өлке тарихы музейінің қызметкері Медет Құлмұханов. Жас маманның археология үйірмесін құрудағы  мақсаты – оқушыларды  өлке табиғаты мен тарихын зерттеуге бағдар беру, далалықта жұмыс жасау тәжірибесін үйрету еді.  Ол  археология, өлкетану және туризм бағыты бойынша жүргізген теориялық дәрістерін іс-тәжірибемен ұштастыру бағытында бағдарлама құрды.  Мұның өзіндік себептері де бар.  Өйткені еліміздің орта білім саласында  Қазақстан тарихына барынша назар аударылғанымен,  оның  археология саласы терең оқытылмайды.  Осы ақтаңдақ тарих факультетіне оқуға түсіп, археолог болуды мақсат еткен студенттің алдынан үнемі кедергі болып шығады.  Сондықтан да қазба жұмыстарына қызығушылығы бар балаларды  мектеп жасынан археология негіздеріне үйрететін үйірме  қажет. Әрі бұл елімізде кенже қалып жатқан өлкетану бағытын дамыту үшін де маңызды.

«Ресей Федерациясының мектептерінде археологиялық үйірмелер  жұмысы жақсы жолға қойылып,  оқушылары мен мұғалімдер  жергілікті өлкетанушылар,  музей мамандары, археологтармен тығыз  байланыста жұмыс істейді. Осы жағынан қарағанда  еліміздің жоғары оқу орындарының тарих факультеттері жанында музейлермен бірлесе жұмыс атқаратын көптеген археологиялық үйірмелер бар. Бұл жағынан кенже қалып жатқан жоқпыз.  Бірақ та зерттеушілік жұмыс университеттерде емес, мектептерден басталған жөн деп ойлаймын. Мұрағаттарды қарағанымда,  1975-1990 жылдары еліміздің көптеген облыстарында  оқушыларға арналған  археологиялық үйірмелер жұмыс  істегенін таптым. Солардың бірі –1975 жылы Ақтөбе қаласында өлкетанушы Виктор Васильевич Родионов құрған  жас археологтар үйірмесі. Алайда  тәуелсіздік алған жылдары мектеп үйірмелері бірінен соң бірі тоқтап қалған. Бірнеше жыл өткен соң 2013 жылы Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында оқушылардың жас археолог үйірмесі ашылады, үш жыл жұмыс жасаған үйірменің оқушылары археология ғылымы туралы түсініктер алып, қазба барысында керек кәсіби-шаруа деңгейінің жұмыстарына қатысып үлегереді. Аталған үйірме мамандардың ауысуына байланысты өз жұмысын тоқтатады»,-дейді Медет Құлмұханов. 

Ойылда алты жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан жобаның алға басуына Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының директоры Роза Ұлықпанова мен Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаеваның қосқан үлестері зор. Соның нәтижесінде Ойыл ауданындағы «Жас археолог» үйірмесінің жұмыстары елімізде кеңінен таратылуға  тиіс авторлық бағдарлама  ретінде ұсынылды. Жас зерттеушілер   ғылыми-тәжірибелік конференцияларға үздіксіз қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Мәселен,  1-7 сынып оқушылары арасында өткен облыстық  «Зерде» шығармашылық байқауында ойылдық өрендер жеңімпаз атанып,  республикалық сайысқа жолдама алды. Олар  Ойыл бекінісінің орнын табу тақырыбындағы зерттеу жұмыстарын ортаға салды. 7-11 сынып оқушылары арасындағы «Дарын» байқауында оқушылар Құмсай қорымындағы қазба жұмыстарынан табылған олжаларға талдау жасады,  қой жүнін  құмды жолдарға төсегіш материал ретінде жасау технологиясын ортаға салып, Ойылдағы Барқын құмында  өсірілген қарағайлы тоғай тәжірибесінде жасанды орман белдеуін қалыптастыру жобасын қорғады.   Өткен жылдың  мамырында  өткен «Рухани қазына» фестивалінде  «Жас археолог» үйірмесінің бағдарламасы  балаларға арналған үздік музейлік жоба номинациясын жеңіп алды. Оқушылар ізденімпаздық жұмыстарын болашақта   университет қабырғасында жалғасатын ғылыми жобаларға айналдыруды мақсат етіп отыр. Бұл ауыл балаларының мамандық таңдауына жол ашып, жастар арасында жүргізілетін патриоттық тәрбиенің  бастауына да айналды.  

 

Ақтөбе облысы,

Ойыл ауданы