Елімізде біраз уақыттан бері ауыл шаруашылығы саласын дамытудың бірден-бір тетігі ретінде субсидиялау жүзеге асырылып келеді. Бірақ басынан дау арылмаған бұл жүйенің тиімділігіне әрі ашықтығына қатысты мәселе әлі күнге дейін жиі талқыланады. Яғни мемлекеттің демеуқаржысы діттеген жеріне тиісті көлемде жетпей, талай шаруаның шалажансар орындалып, ақсап қалуы алаңдатады. Сондықтан осы бағыттағы кедергілер жан-жақты сараланып, талап-тілектер ескеріліп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдері қайта қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша құрамына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Парламент депутаттары кіретін арнайы жұмыс тобы 9 отырыс өткізді. Осы отырыстардың нәтижесінде қолданыстағы қағидалардың негізгі контурларын сақтай отырып, субсидиялаудың жаңа жүйесі әзірленді.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды одан сайын күшейтуге басымдық беріліп жатқан қазіргі тұста қаржыландырудың бұл түрі тоқтап немесе кеміп қалмасы анық. Тек мемлекеттік қолдау тәсілінің мүлтіксіз орындалуын, яғни бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын аса ыждағаттылықпен қадағалауды мықтап қолға алу маңызды.
Бұл ретте аталған ведомствоның дерегіне сүйенсек, қаражаттың бөлінуіне қатысты субсидиялаудың барлық бағыты өзгеріссіз қалып отыр.
Атап айтқанда, бағытына байланысты 15%-дан 80%-ға дейінгі нормативтермен инвестициялық субсидиялау; қарыз алушы үшін мөлшерлемені жылдық 6%-ға дейін төмендете отырып, кредиттер мен лизингтер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау; сақтандыру сыйлықақыларын норматив 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтып субсидиялау; кепілдік көлемі негізгі борыштан 50%-ға дейін, басым бағыттар бойынша 85%-ға дейін қарыздарға кепілдік беруді сақтандыруды субсидиялау. Осы орайда сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау барлық туындайтын тәуекелді азайтуға, сақтандырылған егіс алқаптарын кеңейтуге, сондай-ақ мал мен құстарды сақтандыруды ұлғайтуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.
Бұдан әрі АӨК-ті субсидиялау жүйесінде қандай өзгерістер болғанына қаныға түсу үшін негізгі салаларға ішінара тоқталып өтейік.
Өсімдік шаруашылығы. Бұл саладағы бағыттар мен нормативтер сақталды. Қант қызылшасын өсіруге одан сайын дем беру субсидиялау нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және әкімшілендіруді оңайлату үшін аударым өтінімдерінің күші жойылады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын, минералды тыңайтқыштарды, пестицидтерді субсидиялау бағыттары мен нормативтері бойынша әкімдіктердің қаулыларын келісу рәсімі министрлікке субсидиялаудың ұсынылатын көлемін электрондық форматта беру рәсімімен ауыстырылады. Сондай-ақ тұқымдардың қозғалысын бақылаудың ақпараттық жүйесі енгізіледі.
Мал шаруашылығы. Бұл бағытта асыл тұқымды мал басын сатып алу кезінде шошқа шаруашылығын қоспағанда, барлық қолданыстағы субсидиялау нормативі өзгеріссіз қалады. Талпақ танаудың басы үшін өтеу нормативі құнының 50% құрайды, бірақ бұрын қолданыста болған 140 мың теңгенің орнына бір бас үшін 100 мың теңгеден аспайды.
Сонымен қатар селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары болуына байланысты бұқалар мен қошқарларды жалға беруді субсидиялау жойылады.
Ал тауар-спецификалық субсидиялар өзгеріссіз қалады. Бірақ күшін жоятын бөліктері бар. Айталық, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпайтындықтан, күркетауық еті мен суда жүзетін құстарға субсидия берілмейді. Сондай-ақ меншікті аналық басы жоқ кооперативтерге дистрибьюторлық орталықтар көрсеткен қолдан ұрықтандыру жөніндегі қызметтер субсидияланбайды және асыл тұқымды мал импорты кезінде екінші деңгейлі банктегі қаржы институтының арнайы шотына субсидиялар аудару мүмкін болмайды.
Жұмыртқа шаруашылығы бойынша норматив бір жұмыртқа үшін 3 теңге болып қалады. Бұл ретте 1-санаттағы жұмыртқаларды сатудың шекті бағалары әкімдіктермен жасалған меморандумдар негізінде белгіленеді.
Бұқашықтар мен тоқтыларды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады. Алайда малды өздерінің бордақылау алаңдарына көшіретін шаруашылықтар үшін орын ауыстыру нормасы жойылады.
Жемшөп бойынша субсидияларды алудың нормативтері мен критерийлері ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде әкімдіктердің қаулысымен бекітіледі.
Қайта өңдеу. Терең өңделген өнімдерді өндіру үшін сатып алынған шикізат құнын субсидиялауда глютен және биоэтанол өндіру үшін бидай құнын субсидиялау жойылды. Өйткені бұл тауарлардың әлеуметтік маңызы жоқ.
Осы ретте субсидиялар өндірілген тауарлар үшін емес, дайын өнімді өткізу фактісі бойынша төленетін болды. Бұл субсидиялаудың ақпараттық жүйесіндегі электрондық шот-фактуралармен расталады. Аталған өзгерістер қаржыландыруды бөлудің барынша ашық, әділ және адал тәртібін қамтамасыз етеді.
Инвестициялық субсидиялау. Бұл субсидиялаудың барлық түрі мен бағыты жүйеленген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялау облыстық Құрылыс және сәулет басқармаларының қызметкерлерін салынған объектілерді қарау жөніндегі мамандар тобына қосу туралы міндетті талаппен сақталады.
Ал еріген суларды жинауға арналған жасанды су айдындарын салу үшін вагондардың құнын субсидиялау жойылады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары деңгейіне және әкімшілендірудің күрделілігіне байланысты «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ еншілес және тәуелді компаниялары мен екінші деңгейдегі банктерді қоспағанда, аванстық түрде инвестициялық субсидиялар алу мүмкіндігі алынып тасталады.
Жайылымдарды суландыру үшін ұңғымалар мен құдықтар қазу кезінде бұрғылау жөніндегі материалдар мен қызметтердің құны ғана субсидияланатын болды. Бұл ретте жабдықтың құнын субсидиялау жойылады. Өйткені оның нарықтық құны өндіруші елге байланысты ондаған есе өзгеріп тұрады. Ал қызмет көрсетушілер арзан жабдықты жеткізу арқылы бюджет қаражатын заңсыз игеріп келген.
Отандық машина жасауды дамыту үшін Қазақстанда локализациясы жоқ импорттық техниканың құнын субсидиялау нормативі 25% деңгейінде белгіленді. Ал локализациясы барлар 15%-ға дейін төмендетілді.
Арнайы тұқым өсіру техникасын субсидиялау нормативтері 80%-ға дейін, қызылша және суару техникасын субсидиялау нормативтері 50%-ға дейін көтеріледі.
Қарсы міндеттемелер. Субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелер енгізіледі. Өндірілген өнімді өткізу әкімдіктермен нарықтық бағалар бойынша жасалған меморандумдарға сәйкес (3000 АЕК-ке тең немесе одан асатын сомаға субсидия алған АӨК субъектілері үшін) Сауда және интеграция министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі.
Сонымен, осы күнге дейін аталған жүйеге қатысты мәселелер барынша ескеріліп, субсидиялаудың осындай жаңа қағидалары енгізілді. Тоқетерін айтқанда, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен нәтижелігін арттыру, қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша жою және цифрландыру есебінен субсидиялар алу рәсімін оңайлату болып отыр.