Таяуда шахматсүйер қауым екі бірдей аса ірі халықаралық турнирді тамашалады. Оның бірі – Мәскеудегі Vegas City Hall кешенінде өтті. «Шахмат жұлдыздары» деп аталатын жарыста әлемге әйгілі 10 гроссмейстер бақ сынады. Солардың қатарында біздің Бибісара Асаубаева да болды.
Рапидтен өткен турнирде 18 жасар Бибісара даңқты шахматшы, Әлем кубогінің иегері, командалық есепте әлемнің екі дүркін чемпионы, 2016 жылғы «Үміткерлер турнирінің» жеңімпазы, блиц пен рапидтен әлем чемпионы 33 жастағы Сергей Карякинді ұтып, сан миллион жанкүйердің ыстық ықыласына бөленген еді. Бірақ сол жеңістің өзі үздіктер қатарына қосылу үшін жеткіліксіз болды. Осы жарыста 4 ұпай олжалаған қазақ қызы Теймур Раджабовпен бірге бесінші және алтыншы орындарды өзара бөлісті. 6,5 ұпайды қоржынға салған үндістандық Раунак Садхвани көш бастаса, ресейлік Сергей Карякин мен Владислав Артемьев (6 ұпайдан) екінші және үшінші орындарды иеленді.
Блиц бәсекесінде Бибісараның бағы жанбады. Небәрі 4 ұпайды еншілеген ол соңғы орында қалып қойды. Бұл турнирде жергілікті шахматшылардың тегеуріні өте күшті болды. Бірінші орынды Александр Грищук иеленсе, екінші және үшінші сатыға Карякин мен Артемьев жайғасты.
Ал қорытынды есептегі жағдай мынадай: 1. Сергей Карякин (рапидте 2 орын+блицте 2 орын), 2. Александр Грищук (4+1), 3-4. Раунак Садхвани (1+5) мен Владислав Артемьев (3+3), 5. Теймур Раджабов (7+4), 6-7. Екатерина Лагно (5+9) мен Санан Сюгиров (8+6), 8. Бибісара Асаубаева (6+10) және 9-10. Александра Горячкина (9+8) мен Франсиско Вальехо (10+7).
Ал Нидерландтың Вей- кан-Зее қаласында ұйымдастырылған турнирде ұзақ уақыт бойы Нодирбек Абдусатторов көш бастаған-тын. Тіпті оның осы жарыста жеңімпаз атанатынына ешкімнің де күмәні болған жоқ еді. Алайда соңғы турда ақ тастармен ойнаған Өзбекстанның өкілі ойда-жоқта жергілікті ойыншы Йорден ван Форесттен ұтылып қалды. Нәтижесінде, Абдусатторов Норвегияның даңқты шахматшысы, әлем чемпионы Магнус Карлсенмен бірге екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Олардың әрқайсысы 8 ұпайдан иеленді. Ал бас жүлде Қызғалдақтар елінің тағы бір дүлдүлі Аниш Гириге бұйырды. Ол басты қарсыластарынан жарты ұпай артық жинады.