Жағалауындағы елді тарықтырмаған Аралдың аңқасы кеуіп, байырғы жұрттан береке қаша бастағанда бой көтерген Көкарал бөгеті – теңізді өңірдің тіршілігін қайта өрістеткен құрылыс. 2006 жылы САРАТС жобасы аясында пайдалануға берілген ұзындығы 13 шақырымдық тоспа кіші теңіздегі су деңгейінің көтеріліп, тұздылығы төмендеуіне сеп болды. Көкарал салынғалы бері айдында азая бастаған балық түрлері көбейіп, ел ежелгі кәсібіне қайта оралды. Балық аулау көлемі еселеп артып, кіші теңіз жағасындағы жұрт еңсе тіктеді.
Бірақ осыдан 6 жыл бұрын гидротехникалық құрылыстарды зерттеу жөніндегі құрылған комиссия бөгеттің су тастау құрылысының оң жақ жағажай еңістігі сумен шайылып, зақымдалғанын анықтаған еді. Аз уақыттың ішінде су шайған жер көлемі 200 метрге жеткенде алда болар апаттың белгісі байқалған. Айтқан жерден аулақ, егер Көкарал бұзылса, Кіші Аралдағы ұшан судың келешегі туралы болжам айту қиын. Осыдан да 2019 жылы облысқа сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне бөгетті қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Осыдан кейін екі елге ортақ айдын болған Аралдың, кіші теңізді сақтап тұрған Көкарал бөгетінің мәселесі Өзбекстан мен Қазақстан Парламенті Сенатында жан-жақты қаралып, бірлескен топ арнайы сапарлап, тоспаның қазіргі жағдайымен танысқан еді.
Президент тапсырмасына сәйкес республикалық бюджеттен «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, былтыр мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Алда Ақшауыт учаскесінде арна түзеуші бөгет салып, Көкарал бөгетінің жоғары еңісін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары тұр. Реттеуші құрылыстарымен бірге Қарашалаң көлі арқылы 2 арна түседі, Бөген-Қамыстыбас автожолына өткел салынып, Қарашалаң көлі мен Сырдария өзені аралығындағы бұзылған бөгет қалпына келтіріледі.
Жалпы, 4,5 млрд теңге жұмсалатын «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасы толық жүзеге асқанда бөгет нығайып, су айналымы қалпына келеді, судың тұздану деңгейі төмендеп, балықтың ұлы теңізге қарай өтуі азаяды. Былтыр республикалық бюджеттен жобаны бастауға 500 млн теңге бөлініп, тапсырыс беруші мен мердігер арасында жасалған шартқа сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Алғашқы кезекте 20-дан аса техника мен 40-қа жуық адам жұмылдырылды. Жыл аяғында Арал ауданы Бөген ауылдық округінде орналасқан Сарытерең каналын қазу басталды. Бұл 1500 гектардан аса шабындық аумақты суландырып, Кіші Арал теңізін суға толтырып, оны тұщытуға мүмкіндік бермек. Сарытереңмен қатар Тұщы, Қарашалаң-1, Қарашалаң-2 каналдарына да механикалық тазарту жұмыстары жүргізіледі. Нысанды бақылап, оған қатысты қабылданған шаралардың орындалуын қадағалау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктелген.
Көкарал – стратегиялық маңызы бар нысан. Теңіз тартылғалы асарлап салған талай тоспасын су шайып, үміті желге ұшқан елдің ертеңге сенімін жалғап тұрған да осы – алып бөгет. Сондықтан да өңір халқы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасынан көп жақсылық күтеді.
Айтпақшы, бөгет салынған алғашқы жылдары Кіші Аралға қажетті су 7-8 жылда жиналады деген болжам жасалған еді. Алайда айналасы 2 жылдың ішінде айдынның кенересі толып, көп игілігіне жараған. Бірақ кейінгі 3-4 жылда Сырдария өзені сарқылып, күміс алқадай теңіздің де көлемі кішірейе бастады. Дегенмен де биыл дария деңгейі көтеріліп, айдынға құйылған су молайды. Бұл да бар тіршілігі теңізбен байланысты жұрттың үміт, қуанышын еселеп отыр.
Қызылорда