• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Ақпан, 2023

Сұранысқа сай маман даярлау қажет

369 рет
көрсетілді

Өндірісі өркендеген өңірлерде кәсіптік және техникалық білімі бар мамандарға сұраныс жоғары. Әрі Мемлекет басшысының тапсырмасымен сұранысқа сай мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтуға көңіл бөлініп отыр. Оқу-ағарту министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірге 9-сыныптан соң колледжге түсуді көздеген балаларға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту мәселесіне кірісті. Яғни кәсіптік-техникалық бағытта маман даяр­лау ісі де экономиканың және нарықтың сұранысына байланысты дамиды.

Оқу-ағарту бірінші вице-ми­нистрі Шолпан Каринованың айтуын­ша, биыл техникалық ба­ғыт­­та білім алатын студенттер көп.

– Биылғы оқу жылында жаңа тапсырыс 125 мың орынды құрады. Алда әлі республикалық бюджет­тен осы бағытқа жұмсалатын мем­лекеттік тапсырыс 50 мыңға артады. Осылайша, оқуға қабылда­на­тын студенттер саны 130 мыңға жетеді. Өзекті мәселелердің бірі әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларды оқуға тарту болып отыр. Бүгінде колледждерде осы санаттағы балалар 9 бағыт бойынша қамтылған. Биылғы мемлекеттік тапсырыстың 60%-ға жуығын осы санаттағы балалар құрайды. 2025 жылға дейін кәсіптік-техникалық білім мекемелерінде техникалық білім беруді дамытамыз. 2023 жылы техникалық бағытта оқып жатқан студенттердің саны артты. Атап айтар болсақ, металлургия, IT, құрылыс, инженерия, қызмет көр­сету салаларына басымдық бе­­ріліп отыр. Қазірде 61 мың студент техникалық мамандықтар бо­йын­ша білім алып жатыр, – деді ол.

Президент тапсырмасы шеңбе­рінде Оқу-ағарту министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, кадр­ларды кәсіпорындардың тапсырысы бойынша мақсатты даярлауға көшкен. Бұл үшін кәсіпорын колледжбен мақсатты дайындық тура­лы шарт жасайды. Осыдан соң кәсіпорын басшылығы студентті тағылымдамадан өткізумен қоса кейін жұмысқа орналастыру мін­де­тін де құзыретіне алады. Әрине, осын­дай жаңашылдықтан соң білім беру бағдарламалары жұмыс беру­ші­нің талаптарына сай жаңар­ты­латыны да ұтымды шешім болған. Тағы бір мәселеге тоқталсақ, кол­­ледж­дерге академиялық дер­бес­­тік берілді. Қазір елдегі колледждер оқу бағдарламасын, сту­дент­терді оқыту мерзімін анықтап, жұмыс берушілердің талабы бо­йынша маман даярлауға көңіл бөлді. Президент тапсыр­масы бойынша ірі бизнес өкіл­дері колледждерге қамқор болуы қажет. Тарқатып айтсақ, қа­зір­дің өзінде 410 мемлекеттік кол­леджді 498 кәсіпорын қам­қор­­­­лыққа алып, ұйысып жұмыс істеп жатыр. Кәсіпорын өкілдері тізімдегі кол­ледждердің қамқор­шы­­лық ке­ңестеріне кіреді. Мы­салы, бү­­гінде кәсіпорындар кол­ледж­­дерді жарақтандыруға, студент­терді та­ғылымдамадан өткі­­зу­ге көңіл бөле бастапты. Де­мек кәсіп­орын сту­дент­тің практи­кадан, та­ғы­лым­да­мадан өтуін ұйым­­дас­тыруды және одан әрі жұ­мыс­қа орна­лас­тыру­ды өз құзы­рына алады.

– Бүгінде кәсіпорындар базасында осы тағылымдамадан 300 мыңнан аса студент өтті. Сондай-ақ 5 мыңға жуық педагог кәсіпорын базасында тағылымдамадан өтіп, жұмыстарын жалғастырып келеді. Академиялық дербестікте өңірге қажетті кадр даярлаудың тағы бір басым бөлігі дуалды оқытуға қа­тысты. Бүгінде 558 колледжде дуалды оқыту енгізіліп, 72 мың студент қамтылды. Мақсатты мем­ле­кеттік тапсырыс шеңберінде бі­лім беру бағдарламалары жұ­мыс берушінің талаптарына сай жаңартылады, дуалды оқыту ұйым­­дастырылады, студенттер оқу үде­­рісінде кәсіпорында практи­ка­дан өте алады. Бұл тапсырыс беру­­шінің де, орындаушының да ортақ жауапкершілігін артты­ра­ды. Бұл ретте түлектерді 100% жұ­­мысқа орналастыруға ба­сым­дық беріледі. Биылғы оқу жылында кәсіпорындардың тапсы­ры­сы бойынша 10 мыңнан аса студент оқып жатыр және алдағы жылы кадрларды нысаналы даяр­лау­ға мемлекеттік тапсырыс қалып­тас­ты­руды жоспарлап отырмыз, – деп түйіндеді Ш.Каринова.