Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Ядролық технологиялар паркі радиациялық оқшаулау қабаты бар кәбілдердің алғашқы отандық өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Ғалымдар тың дүниені өндірушілермен бірлесіп жүзеге асырмақ ниетте.
Университет ғалымдары кәбілдік-өткізгіш өнімдердің жаңа түрлерін жасау технологиясын ойлап тапты. Радиациялық модификацияланған оқшаулағыш қабаты бар мұнай-суасты және фотовольтаикалық кәбіл пайдалы қазбаларды және баламалы энергия көздерін өндіруге арналған. Ғалымдар шетелдік әріптестерімен бірлесе инертті ортада жоспарланған өңдеу технологиясына өзгерістер енгізіп, кәбілдік өнімнің қолдану қасиеттерін жақсартты. Өндірістегі мұндай әдіс біздің елде қолданылмайды. Оның басты артықшылығы – жоғары температураға төзімді.
– Кәбілдік-өткізгіш өнімдерді жасайтын жергілікті өндірушілер тек оқшаулағыш қабатты пероксидті біріктіру әдісін қолданады. Біз «Қазэлектромаш» ЖШС-мен бірлесіп, Қазақстанда бірінші болып радиациялық-модификацияланған оқшаулау қабаты бар кәбілдік өнімнің мұнай-суасты және фотовольтаикалық түрін шығарамыз. Бұл оқшаулағыш полимердегі гель-фракцияның құрамын арттырады және кәбіл-өткізгіш өнімдерінің физикалық-механикалық сипаттамаларын – ыстыққа төзімділікті (теріс және оң температураларға), агрессивті ортаға төзімділікті (сілтілі, қышқылдық орта) және радиацияға төзімділікті жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Ядролық технологиялар паркінің инженер-физигі, жоба жетекшісі Азат Нұрқасымов.
Университет ғалымдары ғылыми жобаны коммерцияландыруды жоспарлап отыр. Өндірісті 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу көзделген. Бастапқы кезеңде өндірістік қуаттылық шамамен 5 мың шақырым кәбілдік-өткізгіш өнімді құрайды. Бұл ретте олардың 2 мың шақырымына оффтейк-келісімшарт жасалады. Бұл осы өнімге деген сұранысты көрсетеді. Қазір фотовольтаикалық және мұнай-суасты кәбілдерін өндірумен, модификациялаумен және отандық нарыққа BetaIzol деген атаумен шығарумен айналысатын стартап-компания құрылды.
Ғалымдар әзірлеген радиациялық-модификацияланған оқшаулау қабаты бар кәбіл өнімдерін өндірудің жаңа технологиясы 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруға ие болды. Бүгінде университет ғалымдары өзін-өзі реттейтін жылыту кәбілін шығарудың жаңа технологиясын әзірлеуді қолға алды. Бұл сумен жабдықтау жүйелері мен кәріз құбырларын мұздату мәселесін шешуге, сондай-ақ ғимараттардың шатырларына ешбір зиян келтірмей, қардан тазартуға мүмкіндік береді.