Кеше елордада «Ақ жол» демократиялық партиясының XXI құрылтайы өтті. Құрылтай барысында Мәжіліс сайлауына партиялық тізім арқылы – 54, ал мажоритарлық жүйе арқылы 24 адам кандидат ретінде бекітілді.
Сонымен қатар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға «Ақ жол» партиясының атынан – 174, ал мажоритарлық жүйемен 652 кандидат ұсынылмақ. Сондай-ақ съезде партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Жалпы, құрылтайда партияның Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауына қатысу мәселелері қаралып, партияның жаңартылған саяси бағдарламасы, партиялық тізімдер мен бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттардың тізімдері, барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға «Ақ жол» демократиялық партиясынан кандидаттар ұсыну туралы облыстық және қалалық конференциялардың шешімдерін бекітті.
Құрылтайда сөйлеген сөзінде партия жетекшісі Азат Перуашев Қазақстанның Еуропалық даму жолымен жүруі керек екенін алға тартты.
– Біздің таңдауымыз, яғни «Ақ жол» демократиялық партиясының таңдауы – Еуропалық даму жолы, мемлекет пен қоғам қатынастарындағы еуропалық тәсілдер, өмір сапасының еуропалық стандарттары елімізге әкелу. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы болашақта Қазақстанның Еуропалық одаққа кіруі мәселесін де қарастырып отыр, – деді А.Перуашев.
Партия төрағасы Еуропалық даму жолының мысалы ретінде әділ сайлау өткізу, электронды дауыс беруді жүзеге асыру, тәуелсіз және әділ сот жүйесін құру және демократия мен парламентаризмді дамыту қажеттілігін айтты. Осы айтылған мәселенің бәрі партияның сайлауалды бағдарламасының жобасына енгізілген. «Биылғы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы ерекше өтеді. Мемлекет басшысы бұл сайлаудың болатынын жарты жыл бұрын жариялады. Сондықтан бүкіл саяси күштерге, партияларға, оның ішінде біздің партиямызға дайындалуға толық мүмкіндік берілді. Кез келген билеуші партия билігін ерте ме, кеш пе жоғалтады. Бұл – заң. Мәңгілік билікте болатын бірде-бір ел, бірде-бір партия жоқ. Ерте ме, кеш пе олар ұтылады, олардың орнына басқа партиялар келеді. Ол біз болуымыз керек», деді Азат Перуашев.
Жиында партияның саяси бағдарламасы таныстырылды. Құжат Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы; демократия және парламентаризм; жемқорлықпен күрес және деофшоризация; әлеуметтік әділеттілік; нарықтық экономика мен кәсіпкерлікті қолдау және сыртқы саясат деген 6 бөлімнен тұрады.
– Біз «Алаштың» саяси мұраларын Қазақстанды жаңғыртудың ұлттық идеясы ретінде қараймыз және олардың мұратын мемлекеттік құрылыста, экономика және қоғамда табандылықпен жылжытатын боламыз. Ол үшін табиғи байлық пен егемендік қана емес, парламентаризм, адал бәсекелестік, ресурстық ұлтшылдық, жаңғыру, ашық және зайырлы мемлекет сияқты түпкілікті қағидаттарға сүйене отырып өзгертуге және өзіміз өзгеру үшін саяси жігер керек. «Алаш» қайраткерлерінің «Жеріміздің әрбір түйір тасы қазақтың кеудесіне түйме болып тағылып, әрбір уыс жүні – иығына тоқыма болып киілуге тиіс деген ұраны әлі де өзекті, – деді Азат Перуашев.
Бағдарламаның жаңа нұсқасының таныстырылымынан кейін талқылау өтіп, оның барысында спикерлер ой-пікірлерін ортаға салды. Баяндамашылар мен делегаттар құжатты қолдайтындықтарын білдіріп, өз ұсыныстарын айтты. Құрылтай келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, мәтіннің соңғы нұсқасын дайындайтын редакциялық комиссияны таңдауға дауыс берді.