Арқалықта бесінші қабаттың балконынан құлаған қызды құтқарған полицейге пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Патрульдік полиция қызметкері Алмат Әмірханға Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов қызметтік тұрғын үй кілтін табыстады.
Бұған дейін полиция қызметкері туыстарымен бірге тұрып келген. Еске салайық, оқиға 7 қаңтарда болған. Қоршауға ілініп қалған қыз балконнан құлап түскен. Бұл туралы қалалық ЖБО-ға өтіп бара жатқан адамдар таңғы сағат 5:30-да хабарлаған. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Алмат Әмірхан мен Руслан Қапсаматов барып, жағдайды бағалап, қызды құтқару үшін барлық шараларды қабылдаған.
«Полиция қызметкерлері өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді және күнделікті жұмыста қиын жағдайларға тап болады. Кейде адам өмірі тәртіп сақшыларының кәсіби әрекеттеріне байланысты болады. Осындай ерлік әрекеті үшін Алмат Әмірханды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды», деп атап өтті Арқалық қаласының әкімі.
Әзірге полиция қызметкері ем қабылдап жатыр. Құтқару кезінде ол аяғын жарақаттап алған еді.