БҰҰ-ның есірткі және қылмыспен күрес жөніндегі басқармасының синтетикалық есірткі саудасы туралы былтырғы ақпары адам шошытады. Басқарма бұл кеселдің Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде күшейіп бара жатқанын мәлімдеді. Шошытатын себеп – мұндағы сауда айналымы 2021 жылы рекордтық көрсеткішке жеткен.
Айталық, синтетикалық есірткінің бір түрі – метамфетаминнің заңсыз айналым географиясы 2016-2020 жылдары әжептәуір ұлғайған. Айналдырған төрт жылда есірткінің бұл түрі 117 елден табылған. Бұл көрсеткіш 2006-2010 жылдары 84 елді қамтыған екен. Сонда алты жылда бұл кесел 33 елге тамырын жайып үлгерген. Сөйтіп, 2010 жылдан 2020 жыл аралығында тәркіленген метамфетаминнің көлемі бес есеге жеткен екен. Бұл сандар синтетикалық есірткінің әлемді шарлап кеткенін білдірсе керек-ті. Ең өкініштісі, бұл қорқынышты кеселдің «қармағында» Қазақстан да бар.
Әлемге төнген қауіп
«Ауруын жасырған өледі». Сондықтан жасырары жоқ, синтетикалық есірткі әлем тұрмақ, қазір Қазақстанның әр қаласына тарап жатыр. Күнде болмаса да оны таратушылар мен жасаушылар жиі ұсталып та жүр. Бұл кеселмен күрес бір сәт те тоқтаған емес. Мәселе күрес күшейген сайын, оның өңін өзгертіп шығуында болып тұр. БҰҰ-ның дерегінше, әлемде аптасына бір синтетикалық есірткі «дүниеге келеді» екен. Яғни бұл – наркоэкономика нарығының «барондары» заңнамада жоқ жаңа есірткі түрін жасап шығарып жатыр деген сөз.
БҰҰ-ның айтуынша, елдер арасындағы кикілжіңдер мен заң толықтай үстемдік құра алмаған уақытта наркоэкономика «гүлдене» береді. Өйткені кикілжіңдер синтетикалық есірткіні шығаруға ықпал ететін көрінеді.
Оңтүстік Америкада метамфетаминді тәркілеу алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 7 пайызға өссе, Оңтүстік-Шығыс Азияда ол 30 пайызға артыпты. БҰҰ мәлімдеуінше, бұл да рекордтық көрсеткіш. Ал метамфетаминнің тәркіленуі Оңтүстік-Батыс Азияда 50 пайызды көрсеткен. Алайда бұл Орталық Азияны айналып өтті дегенді білдірмейді.
Мысалы, Ішкі істер министрлігінің ашық ресурстағы дерегіне көз салсақ, былтыр ел ішінде заңсыз айналымдағы 12 тонна есірткі алынған болса, оның 212 тоннасы – синтетикалық есірткі. Былтыр есірткінің 36 зертханасы жойылып, 43 арнасы әшкереленген. Сондай-ақ есірткіні жарнамалаған 1 900 сайт жабылды. Небәрі 19 миллион халқы бар еліміз үшін бұл аз «көрсеткіш» емес.
Бұл күні синтетикалық есірткі бір ғана отбасының проблемасы деуге келмейді. Ол отбасы аясынан әлдеқашан шығып кеткен. Соңғы жылдардағы есірткінің шектен тыс таралуы оны мемлекеттік деңгейдегі мәселе қатарына «жеткізді». Сол себепті ел Президенті «күрестің жалпыұлттық болуға тиістігін» атап көрсетті. Әйтпесе, бір ғана елдің шеңберінде тұншықпаған тажал тоқтар емес. Тіпті жас атаулыны жаппай жалмайтын ертегідегі жеті басты айдаһарға айналған.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел.
Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Президент тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі есірткімен күрес туралы кешенді жоспар да әзірледі. Осыған дейін де синтетикалық есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілгені белгілі. Атап айтқанда, синтетикалық есірткі тізілімінің қатары тағы 11 жаңа түрімен, 17 есірткі затымен толықты. Оған қоса, бұрғынғыдай бірнеше грамм емес, бір грамм синтетикалық есірткі үшін қылмыстық жауаптылық туындайтын қаулы шықты. Дегенмен есірткімен соғыста әлі жеңіс туы желбірер емес. Басты түйткілдің бірқатарын жоғарыда айттық. Енді тағы бір себебі бар. Ол – интернеттің де есірткі экономикасы «өрісін» кеңейтіп тұрғаны.
Интернеттегі күрес тоқтаусыз
Бұдан біраз жыл бұрын көпқабатты үйлердің қабырғаларына айқыш-ұйқыш жазу-сурет көп еді. Білмейтін адам әншейін еріккеннің ермегі дер еді. Ал ол жазу – есірткінің атауы мен сілтемесі. Оны білетіндер жазбай таниды. Бүгінде сәл толастады. Есесіне әлеуметтік желіде сайраны күшті. Адамнан айла артылған ба? Оларды сату негізінен интернет арқылы іске асып келеді. «Telegram», «Signal», «VIPole», «WhatsApp» әлеуметтік желілерінде отыр.
Полиция департаментінің хабарлауынша, Қарағанды аймағында есірткі және психотроптық заттардың таралуы туралы ақпаратты қамтитын контенттерді анықтауға тұрақты негізде интернет-кеңістіктің мониторингі жүзеге асырылады. Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың, олардың синтетикалық түрлерінің жарнамасы ақпараттық-коммуникациялық желілерде ұдайы бұғатталады. Мәселен, былтыр «Кибер қадағалау» барысында 130-ға жуық сайт пен аккаунт бұғатталған.
Жақында облыстық полиция департаменті Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі арнасының жолын кесудің «Синтетика» арнайы операциясын өткізді.
«Жедел шара Қарағанды және облыс орталығына жақын Теміртау мен Абай қалаларында жүргізілді. Арнайы операция кезінде 21 мен 33 жас аралығындағы төрт азамат ұсталды. Полиция қызметкерлері күдіктілердің сайт ашып, синтетикалық есірткіні әлеуметтік желі арқылы сатқанын анықтады. Жедел қызметкерлер күдіктілердің жалдамалы пәтерлерінің бірінен сатуға дайындап қойған 90 орам ақ түсті ұнтақ затты тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың 603 грамы синтетикалық есірткі екені белгілі болды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», дейді полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Бақытжан Құдияров.
Сонымен қатар былтыр «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне есірткі құралдарының таралуы туралы мәліметтерді қамтитын 153 ақпараттандыру объектісі енгізілген. «Курьерлер» деп жұмыс ұсынған сайттарда 93 жарнама бұғатталды. Сондай-ақ граффити-суреттердің және есірткі сайттарының «QR» кодын таратпауға қатысты шаралар да қабылданған. Өткен жылы есірткіні насихаттайтын сайттарға 1 780 адам сілтеме жасаған екен.
Бұл – бір Қарағанды облысындағы ахуал. Мұндай мәселе елдің түкпіріндегі кез келген қалада бар. Осыдан-ақ синтетикалық есірткінің ел ішіндегі сайранын көз алдыңызға елестете беріңіз.
Шетел тәжірибесі
Есірткі саясаты мәселелері жөніндегі жаһандық комиссия есірткімен әлемдік соғыста осыдан оншақты жыл бұрын «Жеңілдік!» деп қолын көтерді. Комиссия 2011 жылы мінберден «Есірткімен ғаламдық соғыста жеңілдік. Есірткі бар әлемдегі жеке тұлғаларға және қоғамға зор зардап әкелді» деп ашық айтты. АҚШ-тың 37-президенті Р.Никсон жариялаған есірткімен ымырасыз соғысқа жарты ғасырдан асса да нәтижесінің мардымсыздығы мойындалды. Заңнаманы қанша күшейтіп, есірткі саудасындағы жауаптылықты қатаңдатқанмен, есірткінің әлемге бой бермей тұрғаны алғаш рет осылай жария етілді.
Содан әбден сансыраған жаһандық комиссия 2014 жылы есірткінің кейбір түрін заңдастыруды ұсынды. Осылайша, есірткіні амалсыз заңдастырған әлем елдері пайда болды. Олар – Аргентина, Бельгия, Канада, Ұлыбритания, Германия, Португалия, АҚШ, Уругвай секілді мемлекеттер. Әлбетте, жетіскеннен емес. Уды умен қайтарудың бір тәсілі екені белгілі. Ашық ресурстағы деректер мұның жақсылығын да, жамандығын да жасырмайды. Қайсыбір елде оң көрсеткіш болса, енді бірінде нашақорлар керісінше көбейіп, қылмыс артқан. Яғни жаһандық комиссияның бұл жаңалығы да жағдайды оңалтпаса керек.
Бұл кезде синтетикалық есірткі етек ала қоймаған еді. Ал қазір бұрынғы дәстүрлі есірткіге синтетика қосылып, әлем жұрты таза қайраңда қалғандай күй кешіп отыр.
Көрінбейтін соғыс
Денсаулық сақтау министрлігінің Жастар істері жөніндегі кеңесте синтетикалық есірткіні тұтыну кейінгі 5 жылда 14 есеге өскені айтылды. Мәселен, мұндай науқастар 2017 жылы 40 болса, 2022 жылдың 1 шілдесіндегі дерек 587-ге дейін өскенін көрсетеді.
Министрлік дерегінше есірткі қолдану арқылы «Психикалық мінез-құлық бұзылысы» диагнозымен тіркелгендер саны 108 мыңға жуық. Оның 6 245-сі 18 бен 29 жас аралығындағылар. Құзырлы орындар синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және арзандығы бұрынғы есірткілерді ығыстырып келе жатқанын да мәлімдеді.
Интернет бетіндегі деректерден синтетика қолданғандардың қырыққа жетпей қыршын кететіні жиі жазылып жүр. Шизофрения мен деградацияның соңы өлімге әкеліп соғады. Ағзаның ерте қартайып, тозуы осы есірткінің салдары. «Ең алдымен, бұл есірткіде ми зақымданады», дейді мамандар. Психолог Татьяна Савицкая ересек адамдарға қарағанда жасөспірімдердің қалыпты өмірге қайтуы қиын екенін айтады.
– Жасөспірімдер үлкендерге қарағанда қалыпты өмір сүруге қайта оралуға құлықсыз. Бұл арада ми құрылысының ерекшелігін ескеру қажет. Мида соңғы болып маңдай алды бөлігі дамиды. Онда ойлау үдерісіне жауап беретін ми бөліктері орналасқан. Мидың бұл қалыптасу үрдісі 24 жаста тәмамдалады екен. Оған дейін адам жасөспірім саналып, бұл жас аралық қауіпті мінез-құлықпен сипатталады, – дейді психолог.
Сондай-ақ синтетикалық есірткіге тәуелді 20-дағы жастың ағзасы жетпістегі қариямен пара-пар екенін де мамандар жиі айтып, дабыл қағып жүр. Демек өмірмен қоштасуы да жақын деген сөз. Көрінбейтін соғыс жүріп жатыр. Талай білікті мамандардың «Генофондқа жойқын соққы» деуі де осыдан.
Қайтпек керек?
Әлі күнге бұл сұраққа толыққанды жауап жоқ. Қабылданып жатқан заңнама, дайындалған кешенді жоба-жоспарлар тосқауыл бола алмай жүргені белгілі. Дүниежүзі шешім іздеп, басын тауға да, тасқа да соқты. Әйткенмен, саны аз ұлттар үшін уақыттың өзі кері жұмыс істеп жатыр. Мұны да ұмытпау қажет.
Заң ғылымдарының кандидаты Елеужан Серімов синтетикалық есірткімен күрес тек құқық органдарының міндеті емес екенін айтады. Бұған қоғамның барлық саласы жұмылуға тиіс. Ал оларды жұдырықтай жұмылдыратын алгоритм қажет.
– Жастардың, кәмелетке толмаған жеткіншектердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін синтетикалық есірткілерді интернет арқылы сатуға қарсы ымырасыз күрес жүргізіп жатқан құзырлы органдардың әрекеті қажетті, орынды. Десек те, жастарды бұл кеселден қорғау тек мемлекет емес, қоғам мен ата-анаға да міндеттелуі керек. Есірткіні пайдалану арқылы суицидке барып жатқандар қаншама?! Қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерге психологиялық, педагогикалық, ата-анасының тарапынан дер кезінде қолдау көрсету қажет. Мектеп жасындағы жасөспірімдермен сынып жетекшісі, пән мұғалімдері, психологтер бірлесе жұмыс атқарғаны дұрыс. Түрлі психологиялық тренинг өткізіп, профилактикалық сауалдамалар жүргізіп, есірткінің «дәмін» татқан оқушылармен дер кезінде жұмыс жасап, есірткі салдарының алдын алу қажет. Ата-аналар бала тәрбиесіне бейжай қарамай, жеткілікті уақыт бөліп, баласының жан-дүниесіне үңіліп, дұрыс тәрбие берсе деген тілек бар. Бұған қоғамдық ұйымдар да тартылуға тиіс. Елімізде арагідік жүргізілетін «Түнгі қаладағы балалар» секілді рейдтерге қоғамдық ұйымдарды да тартқан жөн, – дейді Е.Серімов.
Әлем жеңе алмай, қос қолын көкке көтеріп отырғанда, әлбетте, бұл оңай соғыс емес. Бірақ әлем құдыққа түсті деп, артынан ілесіп кететін шарасыздық емес бұл. Шешімі жоқ мәселе болмайды. Осы мәселеде әлі де жетілдірілген әрекет алгоритмі керек. Кидлиннің «Егер сіз мәселені нақты айта алсаңыз, ол жартылай шешілді» деген заңының маңызы зор. Осыны да естен шығармаған абзал.
Қарағанды