М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің екі жүзге жуық қызметкері шайлығына әзер жететін айлығын жырымдаған басшылыққа базынасын айтып, шу шығарды.
Бас көтерген жұмысшылардың айтуынша, онсыз да аз жалақыдан ақша ұсталған. Ал университет басшылығы мұндай қадамға неге барғанын кісі баласына ескертпеген. Өңірлік университеттегі өмірлік дау әлеуметтік желілер арқылы тұтас жұртқа тарап кетті. Қысқасы, Президент Жолдауынан кейін «айлығымыз көбейеді» деп сенген шаруашылық қызметкерлері қысқарған жалақыны көріп, қыжылдарын жайып салды.
Рас, өңірлік университетке Мұхтар Байжұманов ректор болып келгелі жоғары оқу ордасының басы даудан арылар емес. Аз ғана күн бұрын университеттің оқытушысы «пара алды» деген әңгіме желдей есті. Енді, міне, жұмысшылар бас көтерді. Мұның бәрі ректорға абырой әпермейтіні анық.
– Әуелде 140 мың теңге жалақы алып жүрдім. Күні кеше шотыма 76 мың теңге түсті. Жиналғандардың бәрі базынасын айтқысы келеді. Алайда жұмыссыз қаламыз ба деп қаймығады. Айтпағанда не істейміз енді? Өлеміз бе? – дейді университеттің шаруашылық қызметкері Ахмет Мырзайұлы.
Азық-түлік бағасы күн өткен сайын шарықтап барады. Айлығын шайлығына әрең жеткізіп жүрген қарапайым қызметкерлер үшін жалақының жартысына жуығы ұсталса, ауыр соққы екені рас, әрине. Осы тұрғыдан алғанда жұрттың жанайқайының жаны бар. Басшылық мұндай қадамға бармағанда, қызметкерлер де шу шығармас еді ғой.
– Қызметкерлер еңбек демалысына кетіп жатады. Ол кезде еденді тегін жуамыз. Қысқасы, артығымен қосқанда 650 шаршы метрді жууға тура келеді. Жаз мезгілінде сырлау жұмыстарына да кірісіп кететініміз бар. Тегін болса да үндемей істейміз. Ал айлық өте аз екені рас. Жұрттың жалақысынан ұстап қалғандары дұрыс емес, – дейді еден жуушы Сара Жанқожаева.
Екі жүзге жуық адам шулаған жерде ректордың байыпты жауап беруге мұршасы келмейтіндей көрінді. Жиналған қызметкерлер тұс-тұстан үн қатып, талаптарын айтып жатты. Әрине, «жалақымыз артады» деген үміттері су сепкендей басылып, қайта айлығының айтарлықтай бөлігінен қағылған халықтың тулаудан, шулаудан басқа амалы қалмаған. Енді олар БАҚ арқылы көмек сұрап отыр.
Қызметкерлерін мәселені көшеде емес, ғимаратта отырып шешуге шақырған ректор М.Байжұманов ойлағандай жұрт ол жерде де тыныштала қойған жоқ. Қайта облыс әкімінің орынбасары мен университет ректорының алдында да өкпе-базынасын жайып салды. Көкейдегі ойларын еш іріккен жоқ.
Университет басшысының айтуынша, жалақыдан жырымдалған қаражат бұрынғы басшылықтың бұйрығымен бекітілген үстемақы көрінеді. Аталған бұйрықтың күші осы жылы жойылған. Салдарынан шаруашылық қызметкерлерінің жалақысы азайып кеткен.
– Уақытында қызметкерлердің біріне 15 пайыз, енді біріне 20 пайыз қосылған. Әлгі бұйрықтың күші 31 желтоқсан күні жойылды. Енді жаңадан бұйрық шығару керек. Сол арқылы айлыққа 10-15 пайыз үстемақы қосу жағы қарастырылып жатыр, – деді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры М.Байжұманов.
Ғимараттағы даудан кейін ректор да райынан қайтуға мәжбүр болды. Қызметкерлердің жалақысын толық көлемде түсіріп берді. Алайда мәселені ушықтырмай, дер кезінде шешуге не кедергі болғаны түсініксіз. Бұйрықтың ескіргенін айтып, қызметкерлерінің арзуын күні бұрын тыңдаса, олар да өз уәжін сол кезде жайып салар еді ғой. Осылайша, екі тарап ың-шыңсыз ортақ байлам жасауға болушы еді.
Десе де, жоғары оқу ордасын басқарып отырған азаматтың бір уәжі бір уәжінен қызық болып тұр. Ол қызметкерлердің жалақысын көтерудің жолдарын қарастырып жатқанын тілге тиек етті. Бұл, әрине, құптарлық қадам екеніне күмән жоқ. Өйткені жоғары оқу орнында шаруашылық қызметкерлерінен бөлек профессорлық құрам, оқытушылар жетіп артылады. Олардың да жоғары айлық алғысы келеді. Сол бағытта жұмыс істеуге деген ниеті бары қуанышты, әрине. Алайда қаржыны үнемдеу қажеттігін айтқан М.Байжұманов сенбі және жексенбі күндері такси қызметін пайдаланатынын, қызметтік көлікке мінбейтінін, тіпті кейде оқу орнына жаяу келетінін де жайып салды.
– Мен сенбі, жексенбі күндері такси қызметін пайдаланамын. Кейде университетке жаяу келетін кездерім де болады. Осындай қадамдар арқылы қаржыны үнемдемесек, біз не профессорлардың, не қызметкерлердің жалақысын көтере алмаймыз. Қызметкерлердің жағдайын реттеу үшін алдағы жылы оқу ақысын көтерсек деген ойымыз бар. Сондай қадамға бармасақ, айлықты өсіру мәселесі қиындап тұр, – дейді ректор.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті аймақтағы іргелі жоғары оқу орны саналады. Деректерге сүйенсек, мұнда 14 мың студент оқиды. Оның 76 пайызы ақылы негізде білім алады. Алайда студенттерден түскен қаражаттың өзі қызметкерлердің жалақысын көтеруге жетпейтін көрінеді.
Қалай алып қарасақ та, соңғы кездері басы даудан арылмай қойған оқу ордасындағы еңбекақы дауы алдағы уақытта да көтерілуі ықтимал. Өйткені азық-түлік пен киім-кешектің қымбаттауы басқа-басқа, шаруашылық қызметкерлерін әбден қажытқан. Ал баға жыл өткен сайын шарықтап барады. Қысқасы, жаңадан келген ректордың жаңа бір қадамдарды қарастыруға қазірден кіріскені абзал.
Жамбыл облысы