Жыл басынан бастап Әлеуметтік қызметтер арқылы шамамен 18,4 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 200 ымдау тілі қызметін, 2 мың жеке көмекшінің қызметін алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Порталда мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін аларда өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік бар. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электронды цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өзі әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беру жатады.
Бүгінгі таңда порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 841 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 308 ОТҚ жеткізуші, 26 мыңнан аса жеке көмекші, 669 ымдау тілін қызметін және 95 санаторлық-курорттық емдеуді жеткізушілер тіркелген.
«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған. Қолдауға арналған байланыс орталығына 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып, тілді таңдау және 5 санын басу арқылы жан-жақты кеңес алуға болады.