• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Ақпан, 2023

Елеусіз қалған елді мекендер көгілдір отынға жарымай отыр

861 рет
көрсетілді

Қойнауы мұнай мен газға толы Атырау облысында әлі күнге дейін көгілдір отынның игілігін көре алмай отырған ауылдар бар. Сондай ауылдардың дені Қызылқоға ауданында орналасқан. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері Мұқыр ауылдық округінің Сарқұмақ, Соркөл, Тасқұдық, ал Сағыз ауылдық округінде Қоңыраулы, Кенбай, Былқылдақты елді мекендері елеусіз қалып келеді.

Бір қызығы, Тасқұдық елді мекеніндегі тұрғындардың дені мұнай тасымалдау саласында жұмыс істейді. Құба жондарды қуалап, жер астымен тартылған құбырмен қан тамырындай бүлкілдеп ағып жатқан «қара алтынның» діттеген нүктеге шашаусыз жетуін қамтамасыз етіп отырған бұл елді мекен округ орталығынан 30 шақырымдай қашықта орналасқан. Оған баратын асфальт жолды бар деуге тасқұдықтық тұрғындардан ұяласың. Дұрысында бұрын болған. Сонау 80-жылдардың соңына таман «Мұқыр-Құлсары» бағытында салынған асфальт жол Қоңыраулы және Тасқұдық елді мекенінің іргесімен өтетін. Қазір аталған жолдың асфальты әбден тозған. Енді бұл жолмен жүру мүмкін емес. Көлік иелері шұрық тесік «асфальтпен» селкілдегеннен гөрі шаңы бұрқырап жатқан қара жолмен жүргенді тәуір көреді.

Ал Қоңыраулы, Кенбай, Был­­қыл­дақты ауылдары күн көсем есімі берілген кең­шар­дың, ал Сарқұмақ, Сор­көл ауыл­­дарын «Гурьев» асыл тұқым­ды қой зауытының ферма орталығы болған.

Бұрын екі шаруашылықтың шопандары отар-отар қой өргізді. Меха­низа­торлары ала жаздай пішен шауып, қыста жем таситын. Жылдың төрт мезгілінде ды­рыл­даған тракторлар, гүріл­деген машиналар артына арқан­дай шұбатылған қара түтін мен шаң қалдырып, әрлі-берлі «шапқылап» жүретін. Желіккен жігіттерді қас-қабағымен жасқап, қазақы болмысқа жат әре­кет­терге ұрындырмайтын өнегелі қариялары қандай еді?

Кеңшар мен қой зауыты тараған соң ферма орталықтары елеусіз қалған. Қазір бұл ауылдарда бұрынғыдай қайнаған еңбектің нышаны жоқ. Бұрынғыдай бір-бірінің үйіне қонақ болып баратын тұрғындар да, келіп-кетіп жатқан көлік те аз. Ойнап жүрген балалар да көрінбейді. Ауыл­дар­дағы отбасылардың саны жиыр­маға жетпейді. Жұмыс іздеп, облыс орталығына кеткен жастар ауылға жыл құсындай анда-санда бір айналып соғады.

Бұл ауылдарда бағаналарды бір-бірімен жалғап, «дызылдап» тұрған электр желісінен өз­ге ештеңе жоқ. Көмірді 10-15 жыл­­дан бері көрмегендер бар. Бұ­рын көмірді Мұқыр, Сағыз стан­­са­­ларынан тасымалдайтын еді. Ен­ді аталған стансалар газ желі­сі­не қосылған соң бұрынғы­дай темір­жол вагонымен көмір жеткізілмейді.

Осындай себептен төрт түлігі үшін ғана амалсыз отырғандар тамақты мал тезегімен пісіруге мәжбүр. Үйін де солай жылытады. Солай десек те әр отбасының шырағын жағып, шырайын келтіріп отырған әйелдер белі қайысып, қысы-жазы шелектеп отын, су тасып, күл шығарады. Бірақ ауыл әйелдері аудан, облыс әкімдерінің қабылдауына «Тұрмысымыз ауыр, отын, су тасудан шаршадық» деп шағым айта барған емес. Содан ба екен, бұл ауылдарға Атырау облысын басқарған әкімдердің бірде-біреуі келгені, тұрғындардың әлеу­меттік ахуалымен таныс­қаны жайлы дерек жоқ. Прези­дент ар­найы тапсырмаса, сол ауыл­дардың көкейкесті мәселесіне назар аударатын әкім табылар емес.

Бұл ауылдарда тұрғындар тұрмысын жақсартуға қолбайлау болып отырған көкейкесті мәселе шашетектен. Ауылдардың бәріне көгілдір отын аспандағы айға қол созғаннан кем түспейтін ар­манға айналған. Мәселен, Ай­сара Әбезбаева 16 жыл бұ­рын Кенбай ауылына келін болып түскен. Оның күнделікті тір­лігі от жағумен басталып, қас қарай­ғанға дейін мігір таппайды.

– Күз басталысымен таңертең жаққан отты кешке дейін сөндір­меймін. Үйді жылыту үшін пеш­ке кешке дейін 15-16 шелек қи саламын. Оны жағасың, астынан күлін түсіріп аласың. Күніміз отын, су тасумен, күл шығарумен өтіп жатыр, – дейді төрт баланың анасы Айсара.

Өзге ауылдардағы әйелдер де кен­байлық ақжаулықтылардың ке­бін киіп отыр. Бұл ауылдарға ор­тақ бір мәселе – электр жарығы­ның әлсіздігі. Бірақ бұл мәселеге назар аударып отырған ешкім жоқ. Тұрғындар «Жарық өшпесе екен» деп Құдайдан жалбарына тілек тілейді.

– Біздің ауылға табиғи газ желісі тартылады деген хабар естігенімізге 20 жылға жуықтады. Мұқыр стансасынан 9 шақырым қашықта отырмыз. Жақын маңда 40 жылға жуық мұнай беріп тұрған кен орны бар. Еліміз тәуелсіздігін алғалы 30 жылдан асты. Бірақ біз әлі қи жағып отырмыз. Қыста суды артезиан құдығынан қауғалап тартамыз, – дейді Қоңыраулы ауылының тұрғыны Айсұлу Нұрғалиева.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың мәліметіне сүйенсек, Атырау, Құлсары қала­лары мен 135 елді мекен тұрғын­дарының 88,4 пайызы табиғи газ желісіне қосылған. Алайда 18 ауыл әлі табиғи газ желісімен қамтылмаған.

Баспанасын жылыту үшін пешке тезек жағып, мұржасынан желге қарсы желген бураның шудасындай желкілдей ұшқан түтінді будақтатып отырған тұрғындар тек Қызылқоға ауданында ғана емес екен. Жергілікті биліктің уәдесіне үміт артып, табиғи газдың рақатын көрген­дерге тамсана қарайтындар Ниет­бай, Кетебай, Кеңөріс, Томан, Мыңтөбе, Ауқайран, Айбас, Жасқайрат, Қызылүй, Қойсары, Қараша, Ескене секілді елді мекендерде де бар.

– Қазір Қызылқоға ауданының 6 ауылына, Исатай ауданындағы 2 елді мекенге газ құбыры тартылып жатыр. Атырау қаласы­ның оң жағалау бөлігінде орна­лас­қан елді мекендерді газбен үз­діксіз қамтуға байланысты жоспар бар. Осы мақсатта «АГТС Финская-120» және «Редут-АГРС Финская-120» магистрал­ды газ құбы­рын салу үшін жобалау-смета­лық құжаттамасын жасақ­тау қолға алынды. Алдағы жыл­дары табиғи газ желісіне қосы­ла­тын ауылдар қатары 145-ке жетеді. Осылайша, мұнайлы өңір тұр­ғындарының 93,5 пайызы көгілдір отынды тұтынады, – дейді Қ.Нұртаев.

Алыстағы 18 ауылдың тұр­ғындары медициналық нысан­дарға да зәруліктен арылған жоқ. Бұған, әрине, облыс орталығы­нан шалғайда болса да алтын бесік­ке балаған ауылынан өкше көтер­мей отырған қандасыңды кінә­лай алмайсың. Бірақ мұны осы күнге дейін әр деңгейдегі жер­гі­лік­ті әкімдердің тарапынан ауыл тұр­ғындарының мұң-зары­на нем­құрайды қарау деген жөн шығар. Әйтпесе алдымен Ресеймен шекарада орналасқан Құр­­манғазы ауданындағы Ал­тын­­­­шы, Шағырлы, Батырбек, Егін­­­құдық, Афанасьев, Азғыр, Қо­­ңыр­­­терек, Жалғызапан елді ме­­кен­­­деріне медициналық пунктті биыл емес, Жамбыл, Қызылоба, Куд­ря­­шев, Арна, Көптоғай ауыл­дары­­на фельд­шерлік-акушер­лік пункт­терді 2024 жылға қалдыр­май, баяғыда-ақ салуға болмас па еді?

Биыл Махамбет ауданын­дағы Талдыкөл ауылында фельд­шерлік-акушерлік пунктті іске қосу көзделіпті. Ал келесі жылы Қызылқоға ауданының Жан­терек, Жамансор елді ме­кен­дерінде, ал Индер ауданын­да орналасқан Есбол ауылын­да, Исатай ауданының аумағын­дағы Жасқайрат ауылында медициналық пункт бой көтереді.

Ауыл адамдарының балтыры сыздап, басы ауырмаған дәрі­­герге бармайтыны әуелден бел­­гілі ғой. Тіпті олардың меди­ци­­налық сақтандыруды құп көр­мейтіні де даусыз. Нақты дәлел қажет пе? «Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облыстық фи­лиа­лының директоры Байтол­ла Ға­зизовтың айтуынша, мұ­най­­лы өңірде былтырғы 1 желтоқ­сан­дағы статистикалық дерекке сәй­кес 82 мың адамның әлі сақ­тан­­дырылмағаны анықталып отыр.

– Медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалғандардың басым бөлігі – Атырау қаласының, Құр­манғазы мен Исатай ауданы­ның тұрғындары. Олардың әлі күнге сақтандырылмауын бір­қатар фактормен, оның ішінде тұр­ғындардың әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесі туралы жеткілікті хабардар болмауымен байланыстыру қажет. Тіпті кейбір жұмыс берушілер өз қызметкерлерін медицина­­лық сақтандырумен қамты­май, міндетті төлемдерді уақтылы аударар емес, – дейді Б.Ғазизов.

Оның пікірінше, өңірлік филиал қызметкерлеріне былтыр тұр­ғын­дардан медициналық қыз­мет­тердің, әсіресе алғаш­қы ме­ди­ци­налық-санитарлық көмектің са­пасына қатысты 348 өтініш түс­кен. Тұрғындардың өтінішінің бәрі­не тексеру жүр­гізілген. Тек­серу кезінде 219 өтініш негіз­сіз деп танылған. Ал 69 жағдай­да тұр­­ғындардың талабы расталып, кем­ші­лікті жою үшін шара қа­был­даныпты. Медициналық ме­ке­мелер өзге өтініштер бойынша дәрі­­герлерге қатысты тәртіп­тік ық­пал ету шараларын қолға алған.

– Біз былтырғы қарашада бар­лық ауданның тұрғындарымен кездесу өткіздік. Қазір тұрғындар міндетті әлеуметтік медицина­лық сақтандыру қорына жарна тө­лей­ді. Бірақ тұрғындардың көп­ші­лігі тегін көрсетілетін қызмет­тер сапасының төмен­дігіне жиі ша­ғымданады. Сол себептен олар ақылы медициналық қызметтерді алу үшін жеке клиникаларға баруға мәжбүр болып отыр, – деген уәжімен бөлісті Б.Ғазизов.

«Қара алтынның» үстінде отыр» деп өзгелер қызыға қарай­тын Атырау облысында елеу­сіз қалған осындай елді ме­кен­дер бар. Ондағы тұрғын­дар­дың кейбірі тек табиғи газ бен меди­циналық нысанның ғана емес, таза ауызсудың да қиындығын көріп отырғаны белгілі. Бірақ «Барына да шүкіршілік етейік» дейтін қазақы болмыстың қағи­датынан аттамай, күнді айға, айды жылға жалғап, бұйығы тірлік кешіп жүр.

 

Атырау облысы