Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға арналған «Рухани шыңына жету жолында: Жапония өнері» тақырыбында көрме ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол алғаш рет Қазақстан азаматтарының бастамасымен «people-to-people» (адамдардан адамдарға) форматында «Pepelsneg Parlour» компаниясының демеушілігімен елордамызда ұйымдастырылып, қатысушыларға жақсы сый-тарту болып үлкен әсер етті.
Қазақстан мен Жапония арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылған 30 жыл ішінде саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып қана қоймай, мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығайып келеді.
Көрменің ашылуына қатысқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш өз сөзінде Жапония мәдениетінің өзіндік ерекшеліктерін және әлемдік өркениеттер арасындағы алатын орны туралы атап өтті. Сондай-ақ қазақ және жапон мәдениеті, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптарының ұқсастығына ерекше мән берді.
Көрмеге Мәдениет және спорт министрлігінің, Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің, Қазақстанда аккредителген шетелдік елшіліктерінің өкілдері, еліміздің академиялық және іскерлік топтары, Астана тұрғындары мен қонақтары қатысты.