Бүгін Жетісу облысы соттарының электрондық мекенжайларына ғимараттарға жарылғыш заттар қойылғаны туралы хабарламалар келіп түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Хабарлама мәтінінде облыстық сот ғимараттарына жарылғыш заттар қойылғаны туралы жазылған.
ҚР ІІМ баспасөз қызметі нақтылағандай, саперлерден құралған арнайы топтар облыста орналасқан барлық сот ғимараттарын тексеріп шықты. Алайда тексеру барысында ешқандай жарылғыш заттар табылған жоқ.
Жиналған материалдар Алматы облысының полиция департаментіне жіберілді, аталған факті бойынша ҚР ҚК 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама тарату» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетсек, Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 5 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары түрінде жаза не 5 жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру көзделген.