Қазақстанның теннисшілері Чилидің Ла-Серена қаласындағы «Ла Трентино» аренасында өтіп жатқан Дэвис кубогінің іріктеу турнирін сәтті бастаған еді.
Корт қожайындарына қарсы өткен тұсаукесер кездесуде Тимофей Скатовтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Уақыт озған сайын әлемдік рейтингтегі жағдайы жақсарып келе жатқан отандасымыз Кристиана Гаринаны екі сетте еш қиналмай ұтты. 1 сағат 38 минутқа созылған матч 6:1, 6:3 есебімен аяқталды. Іле-шала Александр Бублик Николас Ярримен күш сынасты. Өкінішке қарай, еліміздің бірінші ракеткасы АТР рейтингінде өзінен әлдеқайда төмен тұрған қарсыласына жол берді – 2:6, 2:6.
Енді келесі күні бір жұптық және екі жекелеген бәсекелер өтеді. Егер осы сынақтан сүрінбей өтсек, жарыстың финалдық бөлігіне жолдама аламыз. Чилидегі додада Скатов пен Бубликтен бөлек, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев және Александр Недовесов өнер көрсетуде.