Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі, Heriot-Watt университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Министр Саясат Нұрбектің Ұлыбританияға жасаған сапары барысында бекітілген құжаттың берекесін көрер күн де алыс емес.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, Эдинбург қаласында өткен кездесуде тараптар меморандум аясында жүзеге асатын қадамдарды нақтылап, бірлесе атқаратын жұмыстар бойынша жоспар жасапты. Осы орайда, бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім беру жүйесін экономиканың сұраныстарына сай қайта форматтау жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде, оның ішінде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жолымен жүзеге аспақ.
Осыдан екі ай бұрын Ұлыбританиядағы Heriot-Watt университетінің ректоры Марк Биггс Ақтөбеге арнайы келіп, облыс және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басшылығымен кездескен болатын. Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Heriot-Watt университеті Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында үш («Мұнай-газ ісі», «Электрэнергетика», «Компьютерлік инженерия») бакалавриат деңгейіндегі білім беру бағдарламасын ашады. Бұл мамандықтар өңірдің сұранысына қарай таңдалып отыр.
Жоғары оқу орындарының арасындағы серіктестік отандық техникалық және IT-мамандарды бірлесе дайындауға бағытталған. Оқуды аяқтаған студенттерге Heriot-Watt университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің қос дипломы беріледі. Бұл мамандықтар ұлыбританиялық стандарт бойынша оқытылып, сапаны Heriot-Watt университеті бақылайды.
Талапкерлерді қабылдау келесі оқу жылында басталады. Алдағы уақытта жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ұтқырлық бағдарламалары қарқынды дамитын болады.