Бұл күндері Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қазақстан Республикасының VI жазғы спартакиадасы аясында күрес түрлерінен бәсекелер өтіп жатыр. Өткен аптаның соңында «классиктер» өз жарысын аяқтады. Екі күнге созылған жарыстың командалық есебінде 121 ұпайды қоржынға салған Шымкенттің грек-рим күресі шеберлері бас жүлдені олжалады. Екінші және үшінші орындарда Жетісу (98 ұпай) мен Шығыс Қазақстан (94 ұпай) өңірінің балуандары иеленді. Сондай-ақ Ақтөбе (76 ұпай) мен Алматы (43 ұпай) облысының өкілдері үздік бестіктің қатарынан көрінді.
Жекелеген салмақ дәрежелері бойынша өткен жарыста Алмат Кебісбаевтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Әлем (1 күміс+4 қола) және құрлық (2 алтын+3 күміс) чемпионаттарында бес реттен жеңіс тұғырына көтеріліп, Азия ойындарында екі мәрте (1 күміс+1 қола) және Дүниежүзілік Универсиадада бір рет (1 қола) олжа салған ол былтыр үлкен спортпен қош айтысқанын жария еткен. Республикалық күрес федерацисының басшылары Кебісбаевқа дереу қызмет те тауып берді. Атақты спортшы еліміздің жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы болып тағайындалды. Алайда оның спорттық коллекциясында әлем чемпионы деген атақ пен Олимпия ойындарының жүлдесі жоқ екені мәлім. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Алмат бауыры ыстық боз кілемге қайта оралды. Бір жылдан аса үзілістен кейін де ол өзінің әлі де бабында екенін байқатты. Қарағанды облысының атынан сынға түскен Семей өңірінің тумасы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында барлық қарсыласын сыпыра ұтып, 67 кило салмақ дәрежесінің бас жүлдесін қанжығасына байлады. Тұсаукесер кездесуінде Алмат былтырғы жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, жамбылдық Дінмұхаммед Қошқарды қапы қалдырды. 21 жастағы жас жолбарыс 35 жастағы әккі балуанның осал тұсын таба алмады. Жартылай финалда ол – жабық ғимараттағы Азия ойындарының жеңімпазы, Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Данияр Қаленовті ұтса, финалда Кенді Алтайдан келген Мерей Бекеновтен басым түсті.
Сақа спортшылар арасынан абайлық Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг), қарағандылық Ибрагим Магомадов (72 кг), қызылордалық Олжас Сырлыбай (97 кг) және шымкенттік Әлімхан Сыздықовтың (130 кг) шоқтығы биік болды. Бір кереметі, олардың барлығы да финалда өздерінің сыралғы қарсыластарымен күш сынасты. Мәселен, финалда Тұрсынов астаналық Азамат Құстыбаевты, Магомадов жамбылдық Елдос Камеловті, Сырлыбай қарағандылық Ерұлан Ысқақовты және Сыздықов қонаевтық Антон Савенкоға сан соқтырды. Ресейдің Орынбор өлкесінен тарихи отанына қоныс аударып келген Азат Садықов 77 кг салмақта алдына жан салмады. Алматы қаласының намысын қорғаған ол ақтық сайыста шымкенттік Омар Сатоевты жеңді.
Жалынды жастар арасынан астаналық Марлан Мұқашев (55 кг), абайлық Айбек Сабырбеков (55 кг), шымкенттік Мұхамедәлі Мамырбек (63 кг) және Солтүстік Қазақстан облысының 18 жастағы жас перісі Ислам Евлоевты бөле-жара атап өтуге болады. Олардың барлығы да өз салмақ дәрежелері бойынша жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жадыраев, Мақсат Ережепов, Мирас Баршылықов, Бағлан Жақанша, Жансерік Сәрсенбиев және тағы басқа бір топ танымал балуан бұл жарыстан олжасыз оралды.
Жоғарыда біз көш алдыңғы лектен көрінген командалар жайында әңгімеледік. Ал Батыс Қазақстан (4 ұпай), Ұлытау (8 ұпай) және Ақмола (8 ұпай) облысы тым сүреңсіз өнер көрсетіп, көш соңында қалып қойды. Сондай-ақ Павлодар (12 ұпай) мен Маңғыстау (21 ұпай) өңірінен келген балуандардың да нәтижелері көңілден шықпады. Сөйтіп, «классиктердің» бәсекелері аяқталды. Кеше әйелдер күресінен сайыстар өтті. Бүгін және ертең еркін күрес шеберлері өз өнерлерін ортаға салады.