Облыстық Төтенше жағдай департаменті бастығының міндетін атқарушы Азамат Орынбаевтың айтуынша, көп кешікпей күн жылып, қар көбесі сөгіле бастаса, өңірдегі 37 елді мекенде 808 үйді су басып қалуы мүмкін.
Әсіресе, Арқалық қаласы мен Әулиекөл, Науырзым, Аманкелді, Жанкелдин, Қарасу аудандарына қарасты елді мекендерге тасқын судан төнген қауіптің алдын алуға қазірден бастап қамданбаса болмайды. Алайда аудан әкімдері мен құтқарушылардың болжамы сәйкес келмей отыр. Мәселен, ТЖД-ның мәліметі бойынша, 2021 жылы Тобыл қаласының Лесная көшесіндегі 25 үйдің ауласына дейін қар суы басып қалған. Бірақ Қостанай ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов бұл үйлерді су басқан жоқ деп отыр. Әкім биыл бұл көшелер көктемде арнайы мотосорғылармен құрғатылатынын айтты.
Ал көктемде сай-саладан келетін қызыл суды қарсы алуға қам жасап жатқан Федоров ауданы елді мекендердің маңайындағы су өткізгіш құбырларды ауыстыратын қаржы сұрап отыр. Аудан басшылары 749 млн теңгеге жоба әзірлеп қойыпты, бірақ ТЖД өкілдері Федоров ауданына биыл тасқыннан келер тікелей қауіп жоқ екенін алға тартады.
Өңірде барлығы 98 гидротехникалық нысан бар. Оның 12-сі тозып тұр. Әбден тозып бітуге шақ тұрған 7 бөгет судың екпініне шыдас бермеуі мүмкін. Науырзым ауданының Буревестник ауылы, сондай-ақ Қарасу ауданының бірқатар елді мекенінде де көктемгі су тасқынынан мұқият дайындалмаса болмайды.
Қарасу ауданының әкімі Виктор Радченконың айтуынша, аудандағы 13 бөгеттің төртеуі жөндеуді қажет етеді. Бұл бөгеттердің су тасқынына бәлендей әсері жоқ. Дегенмен аудандағы су тасқынына тосқауыл болатын нысандарды жөндеу мәселесін бүгіннен бастап шешу қажет.
Ал Жанкелдин ауданының әкімі Шота Оспанов кейінгі 15 жылда су тасқыны кезінде елді мекендерді су басу оқиғасы тіркелмегенін айтты. Соған қарамастан қазіргі таңда су тасқыны кезінде қауіп төнуі мүмкін елді мекендердегі тұрғындардың тізімі әзірленген.
– Су тасқыны қатерінің алдын алу мақсатында жыл сайын Қоныраулы өзенінде мұздардың кептелісін жою үшін екі жерден мұз жару жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар Қабырға өзенінің бойында Күйгенкөн қоныс орнында арнайы гидробекет орналасқан. Яғни су тасқыны кезінде судың жылдамдығы мен су арнасының көтерілу деңгейі бойынша мониторинг жасалады. Төтенше жағдай қызметкерлері ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп су тасқыны кезінде зардап шегуі ықтимал елді мекендерді, шаруа қожалықтары орналасқан қоныс орындарындағы үйлер мен адамдардың санын тізімдеп, уақытша қауіпсіз аумаққа көшіру орындарын белгілеп қойды, – деді Ш.Оспанов.
Қостанай облысы