• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 05 Ақпан, 2023

«Реквием»: Моцарттың мұңы мен Вердидің жан азасы

851 рет
көрсетілді

Классикалық музыка әлемінің данышпаны Амадей Вольфганг Моцарт пен Джузеппе Вердиді не байланыстырады? Алғашқы сәйкестікті Моцарттың туған күнінен табамыз. 1756 жылдың 27 қаңтарында аустриялық ұлы музыкант дүние есігін айқара ашса, 110 жылдан кейін 27 қаңтарда италиялық данышпан жүрек талмасынан көз жұмған. Екеуі­нің де «Реквиемі» елдің жан әлемін тас-талқан еткен.

«Реквиемнің» жазылу тарихы да қы­зық. Әйгілі шы­ғарма арқылы мамандар көр­кем образдар жасауға де­йін барды. Тіпті Милош Фор­ман­ның «Амадей» фильмінің жа­рыққа шығуына Пушкин­нің Моцарттың өліміне қатысты шығарма­сы негіз болды. Ал Моцарттың өліміне кінәлі ре­­тінде айыпталған Антонио Са­лье­ри ұзақ уақыттан кейін соттың шеші­мімен кінәсіз деп танылды.

Картинада аустриялық ұлы музы­кант­тың өлім алдын­да­ғы соңғы минуттары керемет бейнеленген. Жартылай саналы күйде жатып, барлық азаптауларды нотамен байланыстыруы тіпті жүрекке тиеді. Ал жерлеу рәсімінде шығарманың ең қуатты бөлігі «Лакримозаның» ойнап тұруы жан әлеміңді тас талқан етеді. Бір анығы, Моцартқа қатысты жасалған дүниенің бәрінде әйгілі туынды ойнап тұрады. Өмір мен өлім арасындағы көпірдің өзіне айналып та кеткен...

Музыка білгірі көзі тірі­сінде «Рек­виемнің» тоғыз бө­лігін ғана жазып бітір­се, қалған үш бөлімді Йозеф Эйблер мен Франц Ксавер Зюсмайер тамамдаған. Де­ректерге сенсек, Моцарт көзі жұмылар шақта шығарманы қалай аяқтау туралы шәкірті Зюсмайерге кеңес беріп үл­герген көрінеді.

Деректерге көз жүгіртсек, «Рек­вием­нің» екі қолтаңба­сы сақталғанынан хабардар бо­ламыз. Олардың бірі Мо­царт­қа, екіншісі Моцарт пен Зюсмайерге тиесілі. Музы­ка­танушылар әлі күнге дейін шәкіртінің Вольфганг Амадейдің шедеврін аяқтауға қатысты мәселені зерттеп жатыр. Тіпті қосалқы автор­­дың музыкалық шешімдерінен арылып, туын­­дының түп­нұс­қадағы идеяларын қалпына келтіруге тырысатындар да бар. Алайда Моцарттың «Рек­­виемін» толық аяқтағаны үшін оған алғыс жаудыратындар да жоқ емес.

 

Вердидің замандасына құрметі

Әйгілі италиялық да­ныш­пан Джзуппе Вер­дидің «Реквиемі» Моцарт­тікіндей жаһандық деңгейде айтарлықтай таны­мал­ды­лыққа ие болған емес. Алай­да шығар­маның жазылу барысы кісі баласын бейжай қалдырмайды.

1868 жылы бақилық болған Джоаккино Россинидің қаза­сы Вердидің жанына тыныш­тық бермейді, кеудесін әуен тербейді. Қаза қабырғасын қайыстырған музыкант замандасына деген құрметін «Реквием» арқылы көрсеткісі келеді.

Ол туындысын жазу үшін он екі әріптесінің кө­ме­гіне жүгінеді. Алайда бү­­гінде олардың есімдері жұрт­­тың жадынан шығып та кетті. Россини қазасының жыл­дығында орындалуы тиіс шы­ғарма мақсатына жетпеді. Верди үшін үлкен өкініш те сол.

Шығарманың мақсатына жетпегені Вердиді қайрай түсті. Нәтижесінде ол өзінің жеке «Реквиемін» жазуға отыр­ды. Әйгілі композитор туындысын 1874 жылы аяқ­тады. Жаңа шығарманың дү­ниеге келуі жазушы Алес­сандро Мандзонидің өлімімен тұспа-тұс келді.

Вердидің өзі мойын­да­ғандай, ше­деврін жазу кезінде Керубини «Рек­виемінің» та­биғатына арқа сүйеген. Әй­гілі «Реквиемдердің» автор­лары Брамс, Берлиоз, Шу­ман талантына бас иген Керубинидің «Реквиемін» бағ­дар­шам ретінде алуы, гармония іздеуі оның кәсі­билігін айқындай түседі. Керу­бини­дікі сияқты Вердидің «Рек­виемінде» опералық ком­понент маңызды рөл атқа­рады. Қысқасы Россини үшін жазылған үзінділерді Вер­ди қайта өңдеп, шынайы кемелдікке жеткізді.

«Бөтен адамның бейнесі көз ұшында тұрады. Саға­тымның таяғанын түсінемін. Мен өлуге тиіспін. Өйткені талантыма тамсанудан қал­дым. Ешбір адам тағ­дыры­ның жолын бұра алмайды, өзгерте алмайды. Қысқасы өзіме арналған жаназа әнін аяқтаймын. Оны соңына дейін жеткізбеуге хақым да жоқ».

Лоренцо де Понте деген досына жаз­ған Моцарттың осы бір хаты кім-кімді болсын, ойландырмай қоймайды. Қалай алып қарасақ та, әйгілі музыкант өлім фобиясын шы­ғарма жазар алдында-ақ миына құйып қойғандай көрінеді. Бәлкім, музыкадағы сарын оны осы ойға жетелеген де болар. Анығын кім білсін...

Моцарттың өліміне айып­тылардың басында Антонио Сальеридің тұратыны жиі айтылады. Әйгілі композиторға у бергені туралы әңгіме аңыз­ға да айналып кеткен. Тіпті өз мойнын орып жіберуге де­йінгі қадамға барғаны кү­мәнді күшейте түсетіні де айдай ақиқат.

Әрине, екі мықты тұлға­ның ара­сындағы даулы әңгімелер мен айып­тау­лардың түрлі нұсқалары әлі талай уақыт әңгімеге арқау болатыны да даусыз. Өйткені, түсі­ніксіз тұстар аз емес. Әйт­кенмен, сот шешімі Сальериді ақтағаны да бар.

Әйгілі композиторлардың қайсыбір тұста Моцарттың шығармасын аяқтаған Франц Ксавери Зюсмайердің идеясын әлі күнге дейін нақтылауының да себебі жоқ емес секілді. Неге десеңіз, Франц Ксавери тек Моцарттың ғана емес, Сальеридің де шәкірті ретінде танылғаны мәлім. Сондықтан да болар, Моцартқа у берді деп айыпталған тұлғадан тә­лім алған Зюсмайерге деген күмән әлі де толық сейілер емес.

Әдебиет пен өнерде өсек­тің қоса жүре­тіні бар ғой. Қайсыбір деректерде Зюс­майер Моцарттың әйелімен көңілдес болғаны туралы да айтылып қалады. Тіпті Мо­царт­тың кенже баласы дәл осы Зюсмайердің ұлы бо­луы ықтимал деген болжам­дар да айтылып жатады. Ал Амадейдің өзі «маған у берілген» дегенді жарына жа­йып салғаны бар ғой. Салье­риден тәлім алған, Моцарттың шә­кіртіне айналған Зюсма­йер мұндай қадамға баруы ықти­мал ма, әлде жоқ па? Кім білсін?

Қалай десек те, Моцарт пен Вердиден қалған ұлы шығармалардың ортақ үйле­сімі – жан азасы. Екеуінің шы­ғармасын тыңдаған кезде бойыңды үрей билейтіні рас. Ал әйгілі композитордың өліміне қатысты айыптыны іздегеннен гөрі, Мо­царттың туындысының толықтай аяқ­талуына себепші болғандарға алғыс айт­қанның да артық­тығы жоқ шығар. Қалай бол­ған күнде де адамзатқа ортақ әйгілі «Реквиемдер» әлі күнге өлген жоқ қой. Басты олжа да сол емес пе?!