• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Ақпан, 2023

Гоше реакциясы

284 рет
көрсетілді

Қоңыр плащты тізеге дейін созып, ала шарф­ты мойынға айналды­ра орап, қара шляпаны қисайта киіп, сықиып, кербездене көшеде кетіп бара жатсаңыз, көрген адам суретші не жазушыға ұқсатары анық. Байқайсыз ба, бұл ережесіз еліктеу бізде де бар. Тек біздікі ұлылардың инерциясына икемделген ал­бырттық қана, артық ештеңесі жоқ. Әйтсе де мұны ғылымда «Гоше реакциясы» дейді. Абайсызда арбауға түсу.

Табиғаты бөлек, талғамы алыс жатқан бөгде біреуге сырттай еліктеп, құр солықтау құптарлық қадам емес. Дегенмен жас қаламгерге әдеби ке­йіп­керді үлгі тұту, алдыңғы аға буыннан өнеге алу, солар жүрген даңғыл жолға шығу осындай қияли қарекеттерден басталса керек. Бұл жалаң еліту емес, творчестволық түрдегі талпыныс, стильдік ерекшеліктерді жаңғырту. Абайша айтқанда «Болмасаң да ұқсап бағу». Сондықтан жас ақын дәл солай сахнаға шықса, сөкпеңіз! Жалпы сізге айтпақ ойымызды ашық жеткізе алдық деген тұжырымдамыз.

Осы тұста бір сұрақ туады. Сіз шынайы ғашық болып көрдіңіз бе? Егер ессіз ғашық болсаңыз, сүйгеніңіздің қылығын еріксіз қайталай бастайсыз, яки бүтіндей сол адамға айналып кетесіз. Мимикасын, дауыс ырғағын, күлкісін, киім-киісін, тіпті жүрісіне дейін айнытпай саласыз, ол аз десеңіз сол сияқты ойлайсыз да. Қызығы, оны өзіңіз аңдамауыңыз мүмкін. Бұл – синхронизм құбылыс. Сізге имандай сенген адам бет-әлпетіңізді һәм мінез-құлқыңызды бейсаналы түрде көшіре бастайды. Гоше реакциясы деген осы. «Фокус» кинокартинасында алаяқтың рөлін сомдаған актер Уилл Смиттің өз мақсатына жету үшін осы психологиялық технологияны бел­сенді пайдаланады.

Айтпақшы, осы мақаланы жазу­ға түрткі болған режиссер Гленн Фикарра мен Джон Рекуаның жоға­рыда аталған әлеуметтік криминал­ды фильмі. Тақырыпқа тұздық болуы үшін кинокартинаны саралай кетсек. Сенім философиясын кәсіп­­ке айналдырып алған жас жігіт, бай­лардың көзін бақырайтып қойып, қал­тасын қағып кетеді. Ешқандай күш көр­сетпей-ақ, осы күнге дейінгі мидағы түсініктердің тас-талқанын шығарады. Магиялық қуатты сиқыр сөзбен құ­рыққа түсіреді.

Құмарлықтың құрдымға бастайты­ны хақ, әйтсе де адамның жанары байланса дүниеден басқа ештенені көрмейді. Кісінінің сеніміне кіріп, сырт айналып кететін жылпос жігіттің айлакерлігі ғана емес, мұнда адамның ақымақтығында да шек болмайтыны әдемі суреттеледі. Әккі кейіп­кер зымияндығын тек қу һәм залым байшыкештерге асырады. Мұнда оған солардың ортасына түсіп, ықыласын өзіне аудару үшін Гоше реакциясы көмектеседі.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында ғалымдар адам миы мен психология­сы саласындағы іргелі жаңалықтар­ға қол жеткізді. Соның бірі – айна нейрондары. Бұл адамның ішкі жан-дүниесін айтқызбай түсінуге эво­люциялық түрде жауап беретін ми­дағы жасушалар. Сол арқылы тұлға ықтиярсыз, болмыстан тыс қарекет жасайды.

Әлдебір ортаға немесе бейтаныс адамға кездейсоқ жолығып қал­са­ңыз, бойыңыздағы бейімделу һәм үйренісу қабілеті оянады. Ол сізде туғаннан бастап инстинктивті түрде дамыған ғадет. Бала ата-анасынан бастап, кеңістіктегі әрбір тіршілік иесінен өзіне қажет қалыпты жаны­на сіңіре бастайды. Бұл оған қара­пайым әлеуметтік дағдыларды мең­геруге көмектеседі. Өкінішке қарай, кісіге икемделу әрекеті сіздің бол­мысыңызда ырықсыз түрде орын алады. Қашан және кімге бейімделу керек екенін басқара алмайсыз.

Бұл әдет шектен шықса рухани дертке ұласады. Оның емін психолог не психотерапевтерге жүгініп қана таба аласыз. Науқас пен дәрігердің өзара келісім арқылы жүзеге асады. Біреудің көлеңкесінде қалу, кейіпке ксерокс жасау бір пәсте. Ал одан айығу азаптың азабы.

Батысқа елігу, әнтек іске әуестену, жылтыраққа қызығу қоғамда қатты белең алып барады. Әлеуметтік же­лінің әуеніне төңкерілген жас тол­қынның әлдебіреудің сонынан еріп адасып жүргені, біреудің өмірін қайталауы, қараңғыға ұмсы­нуы, жарықтан жалтаруы Гоше реак­циясының көрінісі. Біз оған шарасыз­дан күлеміз. Кісінің жағымсыз әре­кетін кумирлік деңгейге көтеру қор­қынышты. Үйдегі балаңыз кімді пір тұтып жүр, осыны ойладыңыз ба?! Бұған ғажайып ақын Жұмекен Нәжімеденов былайша жауап береді:

Еліктеу табиғатқа жаңалық па,

Көлбеңдеп көл еркесі көгімде жүр.

Мен саған ұқсамаймын,

маған ұқса –

Ұқсастық керек болса

тегінде бір!...