І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Орталық Азия бидайының генетикасы мен геномикасы» атты халықаралық ғылыми семинар өтті. Онда Қазақстан бидайының генетикасы әңгімеге арқау болды.
Семинарға Ұлыбритания, Түркия, Пәкістан, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздегі жетекші оқу орындарынан бидай генетикасымен айналысып жүрген зерттеуші ғалымдар келді. Олар қазақ бидайынан бөлек, Орталық Азия бидайының генетикасы мен геномикасы туралы зерттеулерін ұсынды.
Төрт күндік семинар барысында доктор Людзи Винген статистикалық және биоақпараттық талдау жасады. Бидай генетикасы мен геномикасын басқару бойынша ғылыми жұмыс ұсынды. PhD кандидаты Анна Бахус бидай гүлінің генетикалық архитектурасын зерттеді.
Жетісу университетінің Молекулалық генетика және геномика зертханасының меңгерушісі Қанат Ермекбаев қазақ бидайының бейімделуі мен өнімділігінің генетикалық бақылау бойынша ғылыми жұмысын көпшіліктің алдында таныстырды.
– Қазақстан жер көлемі үлкен болғандықтан, астық өндіруші мемлекеттердің алдыңғы қатарына кіреді. Алайда Ұлыбритания орташа есеппен 1 гектар жерден 10 тонна бидай алса, Қазақстан 1 гектар жерден 1 тонна бидай алады екен. Осы орайда біздің елдегі бидай өнімділігінің әлеуетін гектарына 5 тоннаға дейін арттыру мақсаты тұр. Яғни қазіргі өнімділікпен салыстырғанда 4 тоннаға дейін көтеру керек. Ал ол 4 тоннаның 50 пайызы технология болса, 50 пайызына генетика жолдары арқылы жетуге болады. Қазақ бидайының бейімделуі мен өнімділігінің генетикалық бақылауын зерттеу жалғасады, – деді ғалым.
Джон Иннес орталығының профессоры Кристобал Уауидың айтуынша, зерттеулердің мақсаты – табиғи организмді қолдана отырып қазақ бидайына қажетті генді екінші сорттан алу. Өйткені бидайдың жаңа түрін жасап шығару үшін кемінде 12 жыл уақыт кетеді.
Ғылыми алаңда қазақ бидайының генетикалық картасы, QTL карталау, GWAS, RNA seq, биоинформатикалық және геномдық ресурстары таныстырылды. Айта кетейік, аталмыш халықаралық семинардың ұйымдастырушысы –Ұлыбританияның Джон Иннес орталығы.