Қазақстанның ерлер құрамасы Дэвис кубогінің іріктеу турниріне қатысу үшін Чилидің Ла-Серена қаласына сапар шегіп, жергілікті теннисшілермен күш сынасқан еді.
Алғашқы күннің нәтижесінде таразы басы теңселіп тұрды. Тұсаукесер кездесуде Тимофей Скатов Кристиан Гаринды ұтса, Александр Бублик Николас Ярриге есе жіберді. Келесі күн біз үшін көңілсіздеу басталды. Жұптық сайыста Андрей Голубев пен Александр Недовесов Алехандро Табило мен Томас Барриоске 4:6, 5:7 есебімен жол берді. Десек те аталған жарыстың финалдық бөлігіне жолдама аламыз деген үмітіміз әлі де үзілген жоқ еді. Өйткені төртінші кездесуде әлемдік рейтингте 50-орында тұрған Бублик АТР тізімінде 102-сатыға жайғасқан Гаринмен шеберлік байқасты. Бұл матчта Александрдың мерейі үстем болатынына ешкімнің күмәні болмады. Бірақ шешуші тұста жерлесіміз білгенінен жаңылды. Үш сеттік сайыс 4:6, 6:3, 3:6 есебімен чилилік ойыншының пайдасына шешілді. Сөйтіп, Қазақстан теннисшілері үшін бұл жарыс аяқталды.