Португалияның Алмада қаласында өткен Гран-при турнирі аяқталғаннан кейін дзюдошылардың әлемдік рейтингі қайта жаңартылды. Биылғы маусымның алғашқы жарысында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсеткеніне ешкімнің күмәні болмаса керек. Олай деп айтуға негіз, дүбірлі додалардан біздің балуандардың үш жүлдемен оралған кездері тым сирек. Оның үстіне, жеңіс тұғырына көтерілген үш спортшымыз да финалда күресті. Нәтижесінде, Пиреней түбегінде бір алтын мен екі күміс медаль олжаладық.
Әбибадан кейін Ғалия шықты
Десек те бізге қуануға әлі ерте. Өйткені жаңартылған әлемдік рейтингтің үздіктер тізімінде Қазақстан дзюдошыларының қарасы аз. Мәселен, ТОП-10 татами шеберлері арасында жалғыз Әбиба Әбужақынова ғана бар. Аса жеңіл салмақта белдесетін қазақтың қаршығадай қызы былтыр жазда Астанада өткен Азия чемпионатында күміс және күзде Ташкентте ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медаль олжалап, жанкүйерлердің қошемет-құрметіне бөленген еді. Одан бөлек ол одан да басқа дүбірлі додаларда дараланды. Биылғы маусымды да Әбиба сәтті бастап, Пиреней түбегінде алтыннан алқа тақты. Қазіргі кезде ол 48 кг салмақ дәрежесіндегілердің рейтингінде алтыншы орынды иеленіп отыр. Бұл – Қазақстан балуандары арасындағы ең үздік көрсеткіш!
Португалияда Әбужақыновамен финалда белдескен Ғалия Тынбаева өткен жылмен салыстырғанда бірден 15 сатыға жоғарылап, бұл күндері 37-орынды еншілеп отыр. Расында да, оның Алмададағы өнері өте жақсы әсер қалдырды. Тынбаева небір сақа спортшыларды сан соқтырып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Басқа рейтингтік жарыстарда да дәл осылай күрескенде, оның тұғыры бүгінгіден әлдеқайда биік болатын еді. Енді Әбибаның жеңісті жолы Ғалияға жұғысты болсын деп тілейміз.
Аса ауыр салмақта күресіп жүрген Кәмила Берліқаштың да қарқыны қуантады. Осыдан бірер жыл бұрын сары құрлықтың басты додасында сегіз рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Азия ойындарында үш рет жүлдегерлер қатарынан көрінген Гүлжан Исанова үлкен спорттан қол үзгеннен кейін елімізден +78 кг салмақта біразға дейін мықты балуан шықпаған еді. Соңғы уақытта Берліқаш жақсы күресіп жүр. Бүгінгі таңда ол IJF рейтингінде 15-орынды иеленіп отыр.
Әйелдер арасында ТОП-100-діктің қатарына енген өзге жерлестеріміздің нәтижелері мынадай: Назгүл Маратова (+78 кг) – 30 орын, Севара Нышанбаева (57 кг) – 32 орын, Аруна Жанкелдина (78 кг) – 32 орын, Гауһар Ирмағамбетова (52 кг) – 68 орын, Мөлдір Нарынова (63 кг) – 68 орын, Толғанай Әбеуова (52 кг) – 72 орын, Мәдина Парагулгова (78 кг) – 77 орын, Анастасия Маякова (70 кг) – 82 орын, Есмигүл Куюлова (63 кг) – 85 орын, Нұрсұлу Ералиева (48 кг) – 94 орын және Зере Бектасқызы (70 кг) – 95 орын.
Қазіргі кезде бұрымдылардың бәсекесінде Франция мен Жапония құрамаларының қарқыны өте күшті. ТОП-10 дзюдошының қатарына еуропалықтардың 10 және азиялықтардың тоғыз спортшысы еніп отыр. Осы орайда француздардың жапондарға қарағанда мысы басым екенін айта кеткен абзал. Өйткені бұл елдің екі балуан қызы әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап келеді. Күншығыс елінің қыздарына ондай бақ әзірге бұйырмай тұр. Бразилия мен Израильдің де екпіні жақсы. Олардың бес балуаны – үздік ондықтың санатында. Италияның – төрт, Португалия, Моңғолия, Нидерландтың – үш, Ұлыбритания, Косово, Венесуэла, Оңтүстік Корея, Аустралия, Польша, Хорватия, Германия, Қытайдың – екі және Испания, Қазақстан, Сербия, Мажарстан, Өзбекстан, Грузия және Аустрияның бір-бір өкілі – мықтылардың санатында. Ал Франция мен Ұлыбританияның – екі және Канада, Бразилия, Хорватияның бір-бір балуаны әлемдік рейтингте бірінші орындарда тұр.
Әйелдер арасындағы
ТОП-5 дзюдошы
48 кг: 1. Ширин Букли (Франция), 2. Нацуми Цунода (Жапония), 3. Джулия Фигероа (Испания), 4. Вакана Кога (Жапония), 5. Франческа Милани (Италия).
52 кг: 1. Челси Джайлс (Ұлыбритания), 2. Дистрия Красничи (Косово), 3. Река Пупп (Мажарстан), 4. Ута Абэ (Жапония), 5. Диёра Келдиёрова (Өзбекстан).
57 кг: 1. Криста Дегучи (Канада), 2. Харука Фунакубо (Жапония), 3. Рафаэла Силва (Бразилия), 4. Тимна Нельсон-Леви (Израиль), 5. Ху Мими (Оңтүстік Корея).
63 кг: 1. Люси Реншалл (Ұлыбритания), 2. Катерин Бошемен-Пинар (Канада), 3. Анрикелис Барриос (Венесуэла), 4. Мегуми Хорикава (Жапония), 5. Кетлейн Квадрус (Бразилия).
70 кг: 1. Барбара Матич (Хорватия), 2. Санне Ван Дейк (Нидерланд), 3. Саки Ниизоэ (Жапония), 4. Михаэла Поллерес (Аустрия), 5. Мари-Ив Гайе (Франция).
78 кг: 1. Майра Агияр (Бразилия), 2. Анна-Мария Вагнер (Германия), 3. Элис Белланди (Италия), 4. Гюше Стенхёйс (Нидерланд), 5. Маделайна Малонга (Франция).
+78 кг: 1. Романа Дикко (Франция), 2. Раз Гершко (Израиль), 3. Беатрис Соуза (Бразилия), 4. Леа Фонтен (Франция), 5. Джулия Толофуа (Франция).
Намыс қайда, жігіттер?
Қазақстанның ерлер құрама командасы мүшелері арасында ең үздік көрсеткіш Мағжан Шамшадин мен Жансай Смағұловқа тиесілі. Екеуі де әлемдік рейтингте 13-орынды еншілеп отыр. 60 кг салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген 26 жастағы Сыр бойының өкілі былтыр Загребтегі «Гранд Слэм» турнирінде топ жарып, Астанадағы Азия чемпионатында қола медаль иеленді. Кезінде Мағжанның жастар арасында әлем чемпионы атанғаны да жадымызда. 73 кг салмақтағы Жансай сегіз ай бойы емделіп, жарақатынан толықтай айыққаннан кейін биыл татамиге қайта оралды. Бұл ретте оның «қадамы сәтті болды» деп айтуға барлық негіз бар. Күні кеше ғана Португалияда аяқталған Гран-при додасында қарағандылық сақа спортшы күміс медальді мойнында жарқыратты.
Қазақ елі дзюдо тарихындағы ең атақты балуан Елдос Сметов екені сөзсіз. Аса жеңіл салмақта өнер көрсетіп, көптеген биік белесті бағындырған соң, ол 66 кг салмақ дәрежесінде бақ сынауға бел буды. Бірақ Ғалымжан Жылкелдиевтің шәкірті жаңа ортаға бейімделе алмады. Бірнеше жауапты жарыста жеңіліс тапқаннан кейін үйреншікті салмағына қайта оралуды құп көрді. Қазіргі кезде Жамбыл облысының өкілі IJF рейтингінде 17-орынды қанағат тұтып отыр.
Өзге жерлестеріміз әлемдік рейтингте мынадай орындарда тұр: Данияр Шамшаев (73 кг) – 22 орын, Дидар Хамза (90 кг) – 22, Бауыржан Нарбаев (60 кг) – 24, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) – 26, Нұрлыхан Шархан (100 кг) – 26, Абылайхан Жұбаназар (81 кг) – 30, Әділ Оразбаев (+100 кг) – 39, Ерсұлтан Мұзафаров (90 кг) – 41, Ерасыл Қажыбай (+100 кг) – 42, Есет Қуанов (66 кг) – 49, Ислам Бозбаев (100 кг) – 51, Айбек Серікбаев (100 кг) – 54, Жамбыл Тұрғынәлиев (+100 кг) – 55, Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) – 60, Шерзод Давлатов (60 кг) – 61, Аңсарбек Ғайнуллин (73 кг) – 73, Бекарыс Сәдуақас (100 кг) – 92 және Дәулет Сүйкенов (60 кг) – 99 орын.
Бүгінгі таңда ерлер арасындағы сайыста Жапония мен Грузия татами шеберлерінің асығы алшысынан түсіп жүр. ТОП-10-дықтың санатына енген дзюдошылардың саны жағынан сәл ғана басымдық – Күншығыс елі жағында. Үздіктер тізімінде жапондардың 10 жігіті бар. Қап тауының тоғыз өр мінезді өрені дәл сондай құрметке бөленіп отыр. Есесіне Грузияның үш апайтөсі әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Олар – Лондон, Рио және Токио Олимпиадаларында жүлделердің толық жиынтығын жеңіп алған Лаша Шавдатуашвили (73 кг), әлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионы Тато Григалашвили (81 кг) және әлем біріншілігінің қола жүлдегері Илья Суламанидзе (100 кг). Яғни жеті салмақтың үшеуінде грузиндердің алдына түсетін ешкім табылмай тұр. Расында да, небәрі 3,7 миллион халқы бар шағын ғана мемлекеттің бұл табысына таңданбау, тамсанбау мүмкін емес. Ал Жапонияның бірде-бір балуанына бірінші орыннан көріну бақыты әзірге бұйырған жоқ.
Әзербайжан мен Өзбекстан құрама командаларының мүшелері де түрлі байрақты бәсекелерде табысты өнер көрсетіп жүр. Бұл мемлекеттердің әрқайсысының алты татами шебері ТОП-10-дықтың қатарында. 90 кг салмақ дәрежесінде Давлат Бабоновтың дара тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Өзбек дзюдошысы 2021 жылы Токио Олимпиадасы мен Будапешттегі дүниежүзілік додада күміс медаль иеленсе, былтыр Ташкентте әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ Бельгия, Моңғолия, Бразилияның – төрт, Оңтүстік Корея, Израиль, Канаданың – үш, Испания, Италия, Куба, Нидерландтың – екі, Тайпей, Молдова, Украина, Түркия, Аустрия, Франция, Мажарстан, Португалия, Тәжікстан және Чехияның бір-бір өкілі жоғарыдағы тізімге енді. Өкінішке қарай, солардың санатында Қазақ елінің бірде-бір дзюдошысы жоқ. Бір айта кетерлігі, Грузияның үш балуанынан бөлек, шағын ғана Тайпей мен Молдованың және Тәжікстанның дзюдошылары да өз салмақ дәрежелерінде дара тұр.
Ерлер арасындағы
ТОП-5 дзюдошы
60 кг: 1. Ян Юнвэй (Тайпей), 2. Рюдзю Нагаяма (Жапония), 3. Ли Ха Рим (Оңтүстік Корея), 4. Франсиско Гарригос (Испания), 5. Георгий Сардалашвили (Грузия).
66 кг: 1. Денис Виеру (Молдова), 2. Ёндонпэрэнлэйн Басху (Моңғолия), 3. Хифуми Абе (Жапония), 4. Барух Шмайлов (Израиль), 5. Важа Маргвелашвили (Грузия).
73 кг: 1. Лаша Шавдатуашвили (Грузия), 2. Хидаят Гейдаров (Әзербайжан), 3. Цэнд-Очирын Цогтбаатар (Моңғолия), 4. Даниел Карнин (Бразилия), 5. Соити Хасимото (Жапония).
81 кг: 1. Тато Григалашвили (Грузия), 2. Маттиас Кассе (Бельгия), 3. Саид Моллаей (Әзербайжан), 4. Гильерме Шмидт (Бразилия), 5. Сами Чучи (Бельгия).
90 кг: 1. Давлат Бабонов (Өзбекстан), 2. Санширо Мурао (Жапония), 3. Бека Гвиниашвили (Грузия), 4. Лука Майсурадзе (Грузия), 5. Кристиан Тотт (Мажарстан).
100 кг: 1. Илья Суламанидзе (Грузия), 2. Майкл Коррел (Нидерланд), 3. Зелим Коцоев (Әзербайжан), 4. Джордж Фонсека (Португалия), 5. Шади Эльнахас (Канада).
+100 кг: 1. Темур Рахимов (Тәжікстан), 2. Гурам Тушишвили (Грузия), 3. Юр Спейкерс (Нидерланд), 4. Энди Гранда (Куба), 5. Кокоро Кагеура (Жапония).