• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Ақпан, 2023

Үкімет басшысы пияз бағасын тұрақтандыруды тапсырды

419 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың жаңа тәсілдері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция 1,1%-ды құрағанын, оның ішінде азық-түлік бойынша инфляция 1,4%-ды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 0,9%-ды, ақылы қызметтер бойынша 0,7%-ды құрағанын жеткізді. Өңірлер бөлінісінде азық-түлік инфляциясының ең жоғары деңгейі Астана мен Шымкентте (2,2%-дан), Қызылорда және Солтүстік Қазақстан (1,8%), Ақтөбе (1,7%) және Ұлытау (1,5%) облыстарында байқалды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі жыл басынан бері 1,7%-ды құрады. Апта сайын динамика әр түрлі деңгейде – +0,3/+0,4%. Маңғыстау (3,4%), Ұлытау (2,8%) облыстарында және Астана қаласында (2,5%) баға қатты өскен. Атап айтқанда, пияз 22,5%-ға, күріш 5,2%-ға, қырыққабат 4,1%-ға, сүт пен сәбіз 3,1%-ға, картоп 3,0%-ға, кеспе 2,6%-ға қымбаттады.

Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өнімді сатуға дейін сақтауға мүмкіндік беретін келісімшарт жасауға форвардтық сатып алу тетігі енгізілді. Бүгінгі таңда 2022 жылғы егін келісімшарты бойынша нақты қорлар: пияз – 110%, картоп – 105%, сәбіз – 87%, қырыққабат – 70%. Қазір сауда объектілері арқылы пиязды сату туралы тапсырма берілді.

Серік Жұманғарин республиканың барлық ірі сауда желілері бағаны тұрақтандыру жұмыстарына қатысатынын айтты.

Азық-түлік қоры туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, азық-түлік бағасының мониторингі туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов баяндады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірлердегі бағаны тұрақтандыру шаралары жайына тоқталды.

Әлихан Смайылов 2023 жылға арналған негізгі міндеттердің бірі - 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның деңгейін 9,5%-дан асырмау екенін айтып өтті. Премьер-министрдің айтуынша, бұған қол жеткізу үшін барлық өңірлердің азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әсіресе, маусымаралық кезеңде бағаны ұстап тұру бойынша белсенді жұмыс істеу қажет.

Үкімет басшысының айтуынша, әкімдіктерге барлық қажетті тетіктер ұсынылды, қаражат бөлінді. Десе де жергілікті жерлерде аталған мәселеге салғырт қараудың салдарынан баға әлі де өсіп жатыр. Бұл ретте Премьер-министр өңірлерге пияз бойынша келісімшарт жасау тапсырылғанын мысал ретінде айтты. 

«Әкімдер өнім көлемі жеткілікті деп бірнеше рет айтты. Онда пияз неліктен қымбаттайды? Біздің елімізде пияз көп өседі. Алайда бағаны төмендету үшін пияз экспортына тыйым салып, шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болдық», деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысы республикадағы форвардтық сатып алу тетігі бірінші кезекте өндірушілерді қаржыландыру үшін қайта форматталғанын айтты. Алайда әкімдіктер делдалдарды көбейте отырып, жеткізушілерге қаражат бөлуді жалғастырып отыр.

«Өңірлерге тиімді бағамен тұрақтандыру қорларын толтырып алуға мүмкіндік берілді», деді Премьер-министр. 

Сонымен қатар Үкімет басшысының айтуынша, жыл басынан бері сауда саласындағы заңнаманы бұзушылық фактілері жоқ, дегенмен барлық әкімдіктерге тиісті өңірлік комиссиялардың жұмысын жақсарту үшін алгоритмдер мен ұсынымдар жіберілген еді.

«Алайда өңірлерді комиссия отырыстарын өткізуге «қинағандай етіп» мәжбүрлеп отырмыз. Оның өзі де ешқандай нәтиже беріп отырған жоқ. Тағы да қайталап айтамын: азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың аса маңызды міндеті. Жұмысқа немқұрайды қарау орын алса және нәтиже болмаса, тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы бұған дейін де айтылып келген», деді Әлихан Смайылов. 

Осыған байланысты Үкімет басшысы сатып алу-сату кезіндегі тауарлар көлемі мен бағасын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Осы орайда Премьер-министр әкімдіктерден тек бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын сауда объектілерінде тұрақтандыру қорларынан өнімдерді сатуды жүзеге асыруды талап етті.

Сондай-ақ ол барлық аудандарды қамти отырып, тұрақты негізде арнайы жәрмеңкелер өткізу және бағаны, көлемді, қарсы міндеттемелерді және айыппұл санкцияларын белгілеу жөніндегі міндетті шарттарды көрсете отырып, форвардтық сатып алу шартының бірыңғай форматын әзірлеу қажеттігін атап өтті.