Алдар көсе туралы ең алғаш фильм түсіріп, оның образын көрермен қауымға жеткізген Шәкен Айманов еді. Ұлттық киноның атасы сол картинада киген бөрік бүгінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақтаулы тұр.
«Алдар көсе» фильмі – Шәкен Аймановтың өзі басты кейіпкердің рөлін сомдаған ірі шығармаларының бірі. Сол фильмде Алдардың басынан тастамайтын бөркі естеріңізде болар. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызының тері сіңген құнды жәдігер ойда жоқта музей қорына тапсырылған екен. Бұл бөріктің музей қызметкерлерінің қолына түскенге дейінгі тарихы да қызық. Кинорежиссер өзінің туған жері – Баянауылда 1969 жылы «Найзатас баурайында» фильмінің негізгі сюжеттерін түсіргені мәлім. Кейін Алматыда фильмнің түсірілімі аяқталады. Бірақ түсіру тобына қосымша көрініс қажет болып, олар Баянауылға қайта жол тартады. Сөйтіп, барлық шаруасын аяқтап, кері қайтып бара жатқанда Павлодар қаласына аялдаса керек. Мұнда немере ағасы Орал Мұзапаровтың үйіне қонақ болған. Содан режиссер кетерінде «бірнеше фильмге түскен әйгілі бөрігімді тастап кетейін, менен кәде болсын» деп үй иесіне осыны ұстатқан екен. Туыстары бөрікті көзінің қарашығындай сақтап, көп жыл бойы сақтап келіпті. Осылайша, ол бүгінде халыққа ортақ естелікке айналып, көрген жанның есіне сонау 1965 жылы жарық көрген «Алдар көсе» фильмін түсіреді.
Музей әдіскері Әлия Саматованың айтуынша, негізі бұл бөрік киноны түсіру барысында Шәкен атамыздың басына кіші болып шыққан екен. Режиссер бас киімнің артқы жағына тілік жасап кеңейтіпті.
Қордағы құнды жәдігерлер қатарында Шәкен Аймановтың 1970 жылы Мәскеуде апатқа ұшырап, қаза болған сәтіндегі былғары тоны да сақталып тұр.
ПАВЛОДАР