• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 07 Ақпан, 2023

Қарғын судан қауіп бар

329 рет
көрсетілді

Арқаны кеңге салар уақыт емес. Әне-міне, көктем келе жатыр. Биыл шығысқа қар жылдағыдан анағұрлым қалың түскен. Тебіндегі түлік қораға қамалып, тұяқты аң күнгейге ауған. Ендігі мәселе – қарғын судың алдын алу, арналарды тазалап, каналдарды ашу. Әйтпесе, Шығыс Қазақстанның 71 елді мекенін су басу қаупі төніп тұр.

Иә, қарғын судан қауіп жоқ емес. Сондықтан да облыста 1 ақпаннан бастап су тасқынының алдын алу мақсатындағы жұ­мыстар күшейтілді. Тыңғы­лықты дайындық режімі енгі­зілді. Алдын алу жұмыстарының бірі – елді мекен ішіндегі қарды шығару. Есеп-қисапқа көз жү­гіртсек, облыста жергілікті ат­қарушы органдар 201 мың текше метрден аса қар шығарыпты. Су тасқыны қаупі төне қалса, жедел алдын алу үшін жеке құрамның 1 719 адамы, 224 мотопомпасы, құт­қарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың 83 жүзу құралы және 750-ден аса техникасы топтастырылған. Қажет болған жағдайда ТЖМ 68303 әскери бөлімінің азаматтық қорғаныс полкі қосымша тартылуы мүмкін.

29 300 қап, 1 891 тонна инерт­ті материал мен 237 тонна жанармай әзірленді. Алда-жалда су тасқыны бола қалған жағдайда тұрғындарды эвакуациялау үшін қалалар мен аудан­дардың әкімдері жалпы сыйым­дылығы 6 500 адамнан асатын 68 уа­қыт­ша орналастыру пунктін да­йында­ды. Дегенмен жергілікті жер­­лерде тілсіз жаудың алдын алу жұ­­мыстары мықтап қолға алын­ған.

– Шығыс Қазақстанда су тас­қыны қаупі бар 71 елді мекен бар. 15 елді мекенде қауіп то­лығымен жойылып, 46 елді ме­кенде су басу қаупі азайтыл­ды, – дейді ТЖД алдын алу басқармасының бастығы Ерлан Балтабаев.

Күн күрт жылыса, өзен-көл­дер де арнасынан асып, тасуы мүмкін. Тоғандарды да бақы­лау­да ұстау қажет. «Шығыс су қоймалары» КМК басшысы Сергей Валиевтің айтуынша, мекеме теңгерімінде 34 гидро­техникалық құрылыс бар екен. Жыл сайын су басудың алдын алу үшін тиісті іс-ша­ралар өткізіледі. Мәселен, 2023 жылғы көктемгі қарғын су­дан кедергісіз өту үшін то­ғандар мен су қоймаларының бө­геттеріне жақын орналасқан елді мекендердегі халықты хабардар ету сызбалары жа­ңар­тылды. Инженер-гидро­тех­никтер тоғандардың, су қой­малардың бөгеттерін толтыру жұмыстарына тексеру жүргізді. Ерекше назар аударуды талап ететін гидротехникалық құ­ры­лыстардың кірме жолдары тазартылды. Қазіргі уақытта құт­қарушылар халыққа су тасыған жағдайда не істеу керектігін айтып, ережелерді еске салып жүр. Әрине, қауіп бар ауылдар алдын ала анықталады. Қарғын су қаупін бақылап отыру үшін ТЖД дағдарыс орталығында мониторинг жасау жөнінде штаб ашылды. Әсіресе қар қалың түскен аудандарға ерекше көңіл бөлінеді.

«Қазгидромет» ШҚ филиалы басшысы Ләззат Болатқанның ай­туынша, қар қалыңдығы – 14 пен 95 см аралығында. Тау­лы жерге түскен қар нормадан 1,4 есе асып кеткен. Ал ги­дро­логиялық жағдай тұрақты. Су деңгейі шекті белгілерден төмен. Өзендердегі мұздың қалыңдығы – 12-75 см. Тоңның қатуын есепке ала отырып, күн күрт жылынса, су басу қаупі жоқ емес екенін де жасыруға болмайды. Бұл – ауа райын болжау мамандарының пікірі.

Әсіресе Алтай, Глубокое, Ұлан, Шемонаиха, Тарбағатай, Катонқарағай және Зайсан аудан­дарындағы ахуал алаңдатады. ТЖД қызметкерлері айтқандай, әр тұрғын өз маңайындағы арық­тың арнасын ашып қойған абзал. Мүмкіндіктеріне қарай, төңірегіндегі қарды далалы жерге шығарып тастау керек.

– Үйлерді аралау барысын­да халыққа су тасқынынан қорғанудың жолдарымен қатар, өрт қауіпсіздігі ережелері де тү­сіндірілді. Осы орайда аймақ­тағы өрттердің және көмір­тегі тотығымен уланудың бас­ты себебі пешті жылыту ке­зінде қарапайым қауіпсіздік та­лаптарының сақталмауы бо­лып тұр. Ахуалды оңалту мақ­сатында облыстық ТЖД мамандары 160 мыңнан аса үйді аралап шықты. Нәтижесінде 42 820 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі анықталды. Ал қар суынан келер қауіптің бетін қайтару үшін қап пен инертті мате­риал­дар қорын әзірлеп қойған дұрыс. Барлық құнды затты жертөлелерден және су басуы мүмкін жерлерден алып тастаған жөн. Төтенше жағдай кезінде дереу 101 және 112 нөмірлеріне қоңырау шалу қажет, – деп жазады ТЖД баспасөз қызметі.

Облысымыздың таулы ай­мақтарында тасқынға тосқын боларлық іс-қимылдармен қа­­тар, қар көшкінінің алдын алуға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, қыс маусымы бас­талғалы бері бөктерлерден 244 мың текше метр қар тү­сіріліпті. Аталған бағыттағы жұ­­мыстар бұдан былай да жал­ғаса бермек. Айтқандай, су басу қаупі бар аудандармен де бай­­ланысқа шықтық. 2018 жыл­ғы көктемгі су басудан сабақ алса керек, дайындық тың­­ғылықты сияқты.

Мәселен, Глубокое ауданында 9 елді мекенге қарғын судың қаупі төніп тұр. Алдын алу үшін 4 шақырымдық үш ка­налдың, 14 арықтың арналары ашылды. Жоласты су өту құбырларының көздері ашылды. Су басқан жағдайда жеке құрамның 170 адамы сақадай сай. Сондай-ақ инертті материа­л, су сорғы құралдары секілді техникалар да түгенделді. Дәл осындай жұмыстар Алтай ауданын­да да жүзеге асырылып жатыр. Мұндағы 9 елді мекенде 16 эвакуациялау пункті дайын­далды. Ұзын саны 671 адамға ар­налған екен. Асхана, ана мен бала бөлмесіне дейін қарастырылған. Шемонаиха, Ұлан, Тарбағатай, Катонқарағай аудандарында да тасқынға тосқын қою жұмыстары құ­зырлы органдардың жіті ба­қылауында.

Әлбетте, шығысқазақ­стан­дықтар көктемнің әуре-сар­саңға салмай келуін тілеп отыр. Осыдан бес жыл бұрынғы қар суынан келген шығын әлі ес­інде.

 

Шығыс Қазақстан облысы