• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 08 Ақпан, 2023

«Қара пима» көрерменге ой салды

1719 рет
көрсетілді

«Қара пима» психологиялық драмасының шымылдығы жабыла бергенде көрермен орындарынан тұрып, ұзақ қол соқты. Шіркін дедім іштей, осы қойылымды ішкілікке салынған азаматтар келіп көрсе ғой. Түйсік болса, ес жиып, ел қатарына қосылар ма еді? Әйтпесе, ащы судың жетегінде отбасын ойран етіп жүргендер қаншама?

Өскемендегі облыстық драма театрында Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» поэ­­масы желісімен сах­на­лан­ған қойылым болады дегенді естіген ел апта бұрын билет алған. Спектакль өтетін күні театр фойесіндегі киім ілгішке ұзын сонар кезек болды. Касса жағалап, тілдей билет іздеп жүргендерді де көрдік. Әйтеуір Өскеменнің кәрі-жасы театрға ағылып келді. Әрине, көрерменнің көптігі қуантады. Оның үстіне, бұл қойылым қоғам­ның жазыла қоймаған жарасындай проблеманы қозға­ды: Маскүнемдік. Қайғы. Шай­қалған шаңырақ. Өкініш. 

Қойылымның желісін біле­сіздер. «Қара пима» деп аты айтып тұр. Тоқсандағы тоқырау жылдары ақын Ұлықбек Есдәулет жаз­ған поэмаға әуен қосып, Ал­тынбек Қоразбаев жалпақ жұртты жылатқан-тұғын. Ол заманда кеңес үкіметі ыдырап, екі қолға күрек таппаған азаматтар ішкілікке салынды. Естеріңізде шығар, бір қойдың құны бір бөтелке арақ еді ғой. Трактористер шапқан шөбіңізді жеткізіп берсе, бір жарты, бақшаңызды жыртса бір шиша... Шындық сол, арақ валютаға айналған. Өмірдің мәні арақ ішу секілденіп кеткен. Үйіндегі дүниесін сатып ішкендер де болды. Салдырлатып, бөтелке тапсыру да сол тұстың көрінісі. Қап-қап бөтелке тапсырып, мәз болысқан қара табан ауылдың балаларын білесіз. Олар аз-маз түскен тиынға риза еді. Үйіндегі шөлмекті босатып жатқан әкелерімен жұмысы жоқ-тын. Қысыл­таяң шақта ұн тапшы болғаны­мен, арақ қолжетімді. Дүкен сөрелерінде таусылса, үйді-үйде спирт жауып, терезеден сатты. Спиртке сылқия тойғандар көршілерімен керілдесті, кетісті... Қыл-аяғы ажалын арақтан тапқандар да аз емес еді. Қысқасы, ішу керек болса, бөтелкелес та­былып тұрған. Есесіне, ел­дің әлеуеті құлдырады, шаңы­рақтар шайқалды, тағысын тағы.

Ұлықбек ақынның жаз­ған «Қара пима» поэмасы тоқырау заманның айнасы еді. Сол көріністі бүгін ел сахнадан көрді. Көзбен емес, жүрекпен сезіне отырып көрген. Олай дейтінім, кейбіреуі ала көлеңке залда пырс-пырс етіп, көз жастарына ерік берген. Иә, әртістер шынайы ойнады, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылды ала тайдай бүлдіретін арақ екенін көрсетті.

Спектакль желісіне тоқ­талайық. Тоқ­са­ныншы жылдар. Қыс іші. Ақ түтек боран. Ұйытқи соқ­қан жел. Аядай ғана ауыл болса керек. Береке-бір­лігі жарасымды отбасы ұлының туған күнін тойлайды. Құтты болсын айтып, көр­ші-қолаң жиналады. Ақ тілектер ақтарылады. Туған күн иесі домбырамен «өз ба­лаңнан артық бала бар ма, ана?!» деп ән шырқайды. Мерекелік дастарханға қайта жайғаса бере «мен өскенде жүгіруден чемпион» боламын деп бала арманын айтады. Әкесі де мақтанып, ұлының маңдайынан иіскейді. Бір уақытта анасы ас үйден пісірген тәтті тортын әкеле жатып, құлайды. Иә, науқас еді. Сонда ғана дәрігер жедел ауруханаға жатып емделу керектігін ескерткен. Бірақ, анасы ұлының туған күнінде жанында болғысы келген...

Ауруы асқынған ана о дү­­ниеге аттанды. Үй ішінде бұ­­рынғыдай жылулық жоқ. Әке­сі күнде мас. Баланың да ма­засы қашқан. Елмен аралас та үзілді. Көрші апа ғана анда-санда балаға жылы-жұм­сақ пісіріп алып келеді. Оның өзін ішкілікке салын­ған отағасы ренжітіп, үйден қуып шыққандай болады. Ақыры араққа ақша таппаған соң үйіндегі дүниені сата бас­тайды. Бәрінен де қабырғада ілулі тұрған қасиетті домбыраны араққа айырбастаға­ны баланың жанына батады. Бұл жерде режиссер осы көрініспен ғана арақ деген ұлтқа төнген қауіп екенін көрсетті ме дейміз. Төрімізде ғана тұратын қасиетті қара домбыра бір-ақ сәтте ащы суға айырбасталып бара жатты. Үйде береке болмаған соң баланың сабақ үлгерімі де нашарласа керек, ұлының түсіне анасы кіріп, реніш білдіргендей болады. Ұлы «енді бестік баға аламын» деп анасына уәде ете бере ұйқысынан оянып кетеді. Бұл көріністің бәрін сахна суретшілері қиыннан қиыстырып, көрерменге жеткізе білді.

Күндердің күні ішкілік­тен бас алмаған әкенің көзі ұлының жалғыз пимасына түседі. «Ертең қалаға оқуға кетемін» деп отырған ұлының пимасын қолтықтап, есікті сарт жауып шығып кетеді. Әкелеген ұл да ілесе соңынан шығады. Дала деген ақ қар, көк мұз. Әке де жоқ, ұл да жоқ. Неше күннен соң әкесі темір тордың арғы жағынан келеді. Төбелесіп, он күнге қамалған көрінеді. Темір тор түзеген екен. «Арақты қойдым» деп ант су ішеді. Көршілерінен кешірім сұрайды. Ұлы болса, бұл уақытта ауруханада жатқан еді. Ұлының аман-сау екенін естіген соң ертесі алып-ұшып қаладағы ауруханаға аттанады. Қамқор болып жүрген көрші апа сөмкесіне сәлем-сауқат салып береді. Сөйтіп көлік жалдап ауруханаға жетсе, ақ төсекте ұлы жатыр. Әкесін көріп ұл да қуанады. Әке де ұлын көріп, құшақтай кетеді. Сөмкесінен тәтті-дәмдісін шығарып жатып, «мынау саған әкелген жаңа пима» дей бергенде баланың көңілі түсе беріп, «маған енді пиманың қажеті жоқ» дейді. Аңтарылып қалған әке ақ көрпені ашып жібергені сол еді, баласының балтырдан аяғын кесіп тастаған екен. Кешегі жүгіруден чемпион боламын деген арманының күлі көкке ұшқан. Бәрі-бәрі ащы судың кесірі еді.

Қойылымды бір деммен көріп отырған көрермен осы тұста орамал ұшымен көз жастарын сүрте берген. Орындарынан тұрып әр­тістерге қошемет, құр­мет­терін көрсетті. Әсіресе, баланың рөлін шынайы сом­дап шыққан Жасұлан Сер­кетаевқа деген ықылас-көңілдері жоғары еді. Иә, ­театр – тәрбие. Театр өмірдің айнасы. Рухани орта. Сахнаға қайта оралған қойылымнан ой түйген ел үйді-үйіне тарқасып жатты. Қайта оралған деп отырғаным, «Қара пима» қойылымы осыдан төрт-бес жыл бұрын қойылған. Бұл жолы да көрермен қауым пре­мьераға жиналғандай болды.

 

ӨСКЕМЕН